Мемлекеттік аудиттен кейін министрлік өкілдері мен ЖОО-лардың басшылық құрамындағы адамдар жауапкершілікке тартылады. Олардың арасында М. Өтемісов атындағы БҚУ проректоры да бар. Бұл туралы жоғары аудиторлық палата хабарлады.
Ақпан айында өткен тексерістен кейін университеттер мен басқа да мекемелерде орта білім беруге арналған қаражат тиісті деңгейде жұмсалмағаны анықталды. Педагогтарды даярлау ісі талапқа сай емес. Түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші де көңіл көншітпейді.
«Оқу-ағарту министрлігі, Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының лауазымды адамдары мен қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша тиісті шаралар қабылданды», — деп хабарлады аудиторлық палата.
Ш. Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университетінің ректоры, Қ.А. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық пединститутының, С. Аманжолов атындағы ШҚУ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, М. Өтемісов атындағы БҚУ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің, Академик А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің, Ш. Мұртаза атындағы Тараз халықаралық инновациялық институтының проректорлары тәртіптік жауапкешрілікке тартылды.
Оған қоса М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің деканы, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің кафедра меңгерушілері, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қаржы-экономикалық департаментінің директоры және аға ғылыми қызметкері, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің мамандары да тәртіптік жазадан тыс қалмады.
Оқыңыз:
Ғылымды дамыту саласында 42,5 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған
фото: pixabay

