Қазынашылық комитеті 124 млрд теңгеден астам қаражатты орнықты жұмсамаған

ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті 124 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын ысырап еткен. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов комитет есебіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындыларын талқылағанда, осыны айтты.

Қазынашылық жүйесі бастапқыда республикалық бюджетті тиімді басқару үшін құрылған. Кейінгі 30 жылда міндеттері айтарлықтай кеңейді. Алайда аудит барысында бюджет қаражатын басқару мен төлемдерді жүргізуде кемшіліктер анықталды.

Бюджет кодексінің бұзылуы

Қазынашылық комитеті 2021-2023 жылдары эмиссиялық бағалы қағаздарды жоспарланған көлемнен артық шығарған. Осының салдарынан республикалық бюджеттен бөлінген 124 млрд теңгеден астам қаражат шығын болған.

Төлем құжаттарын бақылаудың жеткіліксіздігі
Бақылау тек құжаттардың бар-жоғына бағытталған, бірақ олардың заңнамаға сәйкестігі немесе техникалық және авторлық қадағалау белгілерінің болуы тексерілмеген.

Мысалы, Алматыда 2,5 миллиард теңгеге бір рет төленген жұмысты қайта төлеп, жалпы сомасы 3,7 миллиард теңге жұмсалған.

Аванстық төлемдер өтелмеген
Аумақтық қазынашылық органдары бұрынғы аванстар өтелмей жатып, жаңа аванстарды төлеу шоттарын орындаған.

Қазынашылық қадағалау жүйесі осал:

  • Кейбір жобаларға сенімсіз мердігерлер қатысқан;
  • Төлемдер нақты тауарлар мен қызметтерді жеткізгендерді растамай жүргізілген.

Аудит барысында 70 қате әрекет пен 15 жүйелі ақау анықталып, бюджеттің шығындары көбейген. Бұл кемшілікті түзету үшін нақты шаралар қабылданып, ақпараттық жүйелерді жетілдіріп, заңсыз төлемдерді автоматты түрде бұғаттау керек. Мемлекеттік жобалардағы қаражаттың дұрыс және тиімді пайдаланылуын бақылауды күшейту қажет деген ұсыныстар айтылды.

Сурет: ҚР Жоғары аудиторлық палатасы

 

 

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз