2024 жылдың 9 қыркүйегінен бастап Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен дүкендердің сыртқы жарнамасына заңмен тыйым салынды. Заң күшіне енгенге дейін Астана қаласының әкімдігі жанындағы «Астана-Жарнама» мемлекеттік мекемесі жарнама нысандарының иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде елордадағы 290-нан астам нысаннан букмекерлік жарнамалар алынып тасталды, — деп хабарлады Астана қаласы әкімдігі.
«Заңға сәйкес, букмекерлік кеңселерді ғимараттың қасбеттеріне, ашық алаңқайларға, көліктерге және сыртқы құрылыстарға жарнамалауға тыйым салынады. Жарнамаға тек букмекерлік кеңселерде, спорт ғимараттарында және спорттық жабдықтарда ғана рұқсат етіледі. Букмекерлік компаниялардың логотиптері мен сауда белгілерін бизнестің басқа түрлерін жарнамалауда пайдалануға да тыйым салынады», — делінген әкімдік сайтында.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 455-бабына сәйкес, заң талаптарын бұзғандар 236 мың теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Мемлекеттік қызметкерлердің де құмар ойындар ойынауына тыйым салынған болатын. Қазақстан Республикасының аумағында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына қатысты шектеулер төмендегідей:
- Сыртқы жарнама бойынша көшелерде, ғимараттарда, көлік құралдарында жарнамаға тыйым салынған. Бұл шектеу спорт ғимараттарының ішіндегі жарнамаға қолданылмайды.
- Бұқаралық ақпарат құралдары букмекерлерді тек спорт тақырыбындағы арнайы телеарналар мен басылымдар жарнамалай алады. Кинотеатрларда, анықтама кітаптарында және жалпы БАҚ-та жарнамалауға тыйым салынады. «Хабар» және Qazaqstan телеарналарына халықаралық спорттық трансляциялар кезінде ғана жарнама көрсетуге рұқсат етіледі.
- Көлік құралдарында жарнамаға толық тыйым салынған.
Жарнама қандай жағдайда рұқсат етіледі?
- Спортшылардың киімдері мен жабдықтарында логотиптерді орналастыру.
- Спорттық турнирлер мен объектілердің ресми атауларына букмекерлердің тауар белгілерін қосу (заңнамаға сәйкес).
Сондай-ақ заңнаманы бұзған жағдайда жарнама беруші, жарнаманы шығарушы және жарнаманы таратушы да жауапты болады.
Бірінші рет ереже бұзған жағдайда, жеке тұлғаларға – 60 АЕК, лауазымды тұлғаларға – 80 АЕК, шағын кәсіпкерлік және КЕҰ субъектілеріне – 120 АЕК, орта бизнес субъектілеріне – 170 АЕК, ірі бизнеске – 400 АЕК.
⠀
Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда жеке тұлғалар – 170 АЕК, лауазымды тұлғалар – 200 АЕК, шағын кәсіпкерлік және КЕҰ субъектілері – 250 АЕК, орта бизнес субъектілері – 350 АЕК және ірі бизнес – 650 АЕК төлейді.
Cурет: Freepik