БҚО-дағы Қарашығанақ кен орнында жыл сайын қуаты 4 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыты салынады. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлы Орталық Коммуникациялар қызметінде баяндады.
Кейінгі жылдары Қарашығанақты кеңейту жобасы жүзеге асуда. Былтыр зауытта 4-компрессор, биыл 5-компрессор іске қосылды. «Ал 6-компрессордың құрылысы аяқталуға жақын» дейді облыс әкімі. Осыған дейін 6-компрессор жоспар бойынша 2026 жылы ашылатынын айтқан еді. Жобаның негізгі мақсаты – кен орнындағы шикі газды дайындау, кері айдау және газды өндіру көлемін ұлғайту.
БҚО – Ресей импортына тәуелдің өңірдің бірі. 2024 жылдың басынан бері сегіз ай ішінде облысқа импортталған 55%-ы – Федерация үлесінде. Қазақстан Мәскеуден газ, электр желісі, мұнай өнімдерін алады.
Импорт көлемін азайту мақсатында ҚР Президенті Тоқаев елде шикізатты өңдейтін ірі кәсіпорындарды салу жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Бұл мәселе ұзақ жылдан бері талқыланып келеді.
Республика күні қарсаңында БҚО-да мұнай-газ саласына қажетті кейбір жабдықтарды өндіретін зауыт іске қосылып, шикізат өндірісіне қажетті құрал-жабдық өндіріле бастады. Облыс әкімінің сөзінше, мұндай-газ өңдеу зауыттарының жұмыс істеуі халықты елде өндірілген тауар газымен қамтамасыз етуге әсер етеді.
Қарашығанақ кен орны – Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласына жақын орналасқан ірі кен орны. Бұл ірі кеніші «ҚПО б.в.» компаниясы игеруде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ең үздік бестікке енген компания былтыр 978 млрд теңге салық төлеген.
Сурет: kazgazeta.kz