2024 жылы алтын мен күмістің бағасы қатты өсті. Жыл басынан бері алтын бағасы 29% өсіп, ең төменгі 2.08 мың доллардан ең жоғарғы 2.68 мың долларға дейін жетті. Дәл бүгінгі бағасы 2653.25 доллар немесе 41 578.86 теңгені құрады. Бұл шекті меже емес. 2025 жылдың қазан айына дейін тағы 10% қымбаттап, унциясына 2917.40 мың доллар болуы мүмкін. Мұндай пікірді Майамиде өткен Бағалы металдар нарығы қауымдастығы (LBMA) концеренциясына қатысқан нарық ойыншылары айтқан.
Осылайша 2024 жылы ең күшті инвестициялық құралға айналды. Мұның себебі неде, дәл қазір алтынды инвестициялық құрал ретінде алу керек пе? Sarapshy.info сарапшылардан сұрап көрді.
Сарапшылар бағаның барынша қымбаттауына бірнеше себеп бар дейді. Экономист Мұрат Қастаевтың айтуынша, бірінші себеп – әлемдегі геосаяси ахуал.
«Яғни соғыстар, дағдарыстар, тағы басқа дүрбелеңдер болып жатқанда капитал тыныш және қауіпсіз жерді іздейді. Ал қазіргі таңда әлемдегі ең қауіпсіз активтер – АҚШ доллары мен алтын. Сондықтан саяси тұрғыдан, экономикалық тұрғыдан нарықтардағы тәуекел өсе бастағанда инвесторлар өз қаражаттарын осы екі активке аудара бастайды. Ал қазір нарықтардағы тәуекел деңгейі жоғары – Таяу Шығыста Израиль мен Иран үлкен соғысты бастап кетуі мүмкін, Украинадағы соғыс тоқтамай жатыр. Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяға соғыс ашамыз деп қорқытып жатыр, АҚШ-та президенттік сайлау нәтижесі қалай болатыны, саясаты қалай өзгеретіні белгісіз – сөйтіп, бүкіл әлем ірі дағдарыстар немесе өзгерістер алдында тұрған сияқты. Осындай жағдайда 5 мың жылдан астам инвестициялық тарихы бар алтын өз құнын жоғалтпай, тек өсетіні анық», — дейді сарапшы.
Екіншіден, экономикалық тұрғыдан қарасақ, АҚШ экономикасының даму қарқыны бәсеңдеуде, Қытай экономикасы да баяу өсім көрсетіп жатыр және дефляция қаупі төніп тұр. Ал Таяу Шығыста соғыс болып, араб елдерінің мұнай өндірісі мен экспортына қауіп төнсе, онда мұнай бағасы күрт шарықтап, әлемде жоғары инфляция басталып, алтын бағасы өсіп кетуі әбден ықтимал.
«Үшіншіден, пандемия кезінде әлем елдерінің басым бөлігі қағаз ақшаны көптеп басып шығарып, ақша массасын күрт өсіріп жіберді. Соның салдарынан инфляция шарықтап, ақша қағаздың құны азая бастады, ал инфляция жоғары болғанда алтынның бағасы да өсе бастайды, себебі алтын өзінің құнын сақтап отырады», — дейді экономист.
Алтынды алу керек пе әлде сату керек пе?
Мұрат Қастаевтың айтуынша, жоғарыда аталған трендтер кері бағытта дамыса, алтынның бағасы түсуі де мүмкін. Яғни әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық қатер азайса, соғыстар мен әскери жанжалдар тынышталса, инфляция деңгейі төмендесе, шикізат тауарлары қымбаттамаса, онда алтынның да бағасы төмендейтіні анық. Сол себептен, жоғарыдағы факторларды болжау мүмкін емес болғандықтан, алтынның бағасы қалай құбылатыны да белгісіз.
«Кез келген жағдайға дайын болу үшін, әр адам өзінің жинақталған ақшасын, инвестициялық қорын әртараптандыру керек, яғни әр түрлі инвестициялық құралдарды қолданып, ақшасын әртүрлі банкте, әртүрлі құралда, әртүрлі елдегі түрлі валютада ұстауы керек. Ақшаны тек депозитте сақтаса – түрлі валютада және бірнеше банкте сақтауы керек. Депозитке қоса құнды қағаздар, акция мен облигацияларды сатып алса – оны да түрлі елдерде, түрлі салаларға бөліп ұстауы тиіс. Мұндай жағдайда инвестициялық қордың бір бөлігін алтынға салуға болады – мысалы, алтын құймаларын сатып алып немесе алтын биржалық қорларын (gold ETFs), алтын өндіретін компаниялардың акцияларын сатып алуға болады. Одан артылса, жылжымайтын мүлікке салуға болады. Осылай әртараптандырылған инвестициялық қор кез келген жағдайда өз құнын сақтап отырады, яғни бір валюта құнсызданса, басқа валюта қымбаттайды, акциялар арзандаса – алтын қымбаттайды», — дейді сарапшы.
Экономистің пікірінше қазіргі баға – алтын тарихында болмаған ең жоғары баға. Ал кез келген актив бағасы максимумына жеткенде, оның қымбаттауына қарағанда арзандау ықтималдығы жоғары болады.
«Сондықтан, алтын әлі арзандауы ықтимал және сол себепті Қазақстанның Ұлттық Банкі де еліміздің қорларындағы алтынның үлесін азайтып, алтынды сатып жатыр. Себебі Ұлттық банк алтын өзінің баға шегіне жетті деп ойлайды. Сондықтан қазір алтынды жоғары бағамен сатып, арзандағанда қайтадан сатып алуға болады деп санайды. Біздің болжамымыз бойынша әлемдегі ахуал нашарласа, алтын әлі 5-10 пайыз мөлшерінде қымбаттауы мүмкін, ал керісінше әлемдегі жағдай жақсарып, тынышталса, онда алтын 10-20 пайызға арзандауы мүмкін. Алтынның қымбаттауына қарағанда арзандау ықтималдығы жоғары», — дейді маман.
Алтын ең негізі инвестициялық құрал ма?
Экономист алтынды инвестиция құралы ретінде қарастыруға болатынын, бірақ оған жеке инвестициялық қордың тек 5-15%-ы көлемін беруге кеңес береді.
«Себебі алтынды – пайда табу құралы емес, ақшаны құнсызданудан сақтау құралы ретінде қарастыру керек. Мысалы, құнды қағаздар бағасы өсумен қатар инвестициялық табыс әкеледі – акциялар бойынша дивиденд төленеді, облигациялар мен депозиттер пайыздық табыс әкеледі, ал алтынның құны өзгермесе, ол ешқандай табыс әкелмейді және құны өссе де, таза пайда көру үшін алтынды сату керек. Яғни ол бірреттік қана табыс әкеледі», — дейді сарапшы.
Сонымен қатар маман алтынның қазіргі бағасына қарамай, инвестициялық қорындағы үлесіне сәйкес ұстап отыру керектігін айтады. Мысалы, жеке инвестициялық қоржынындағы алтынның үлесі 15% болса және инвестициялық қоржын көлемі өскен сайын ондағы алтын қорын да өсіріп отыру керек. Бұл ретте алтынның бағасы қандай болса да сатып алып отыру керек.
Түйін
Мамандар бағасы шарықтап бара жатқан кез-келген құралды жалғыз табыс көзі ретінде қарастыруды, әртараптандыруды әрқашан айтып келеді. Дәл қазір алтын бағасы да өсіп бара жатқанымен ас та төк табыс әкелетін құрал ретінде қарастырып, басқа құралдардан бас тартып, келер жылы өседі деген оймен бар ақшаңызды салып, алып қоюға болмайды. Алтын инвестициялық қоржыныңыздағы үлестің 10-15 пайызын алуы керек және инест қоржыныңыз өссе, басқа инвест құралдармен бірге алтын көлемін де өсіріп отыру керек.
Алтын бағасының алдағы уақыттағы өсуі немесе түсуі геосаяси ахуал – Таяу Шығыстағы жағдай мен Ресей, Украина арасындағы қақтығыс, АҚШ экономикасы мен саясатындағы өзгерістер, Қытай экономикасының өсуі не түсуі сынды факторларға тәуелді. Бұларға қатысты жаңалықтарды мұқият шолып отыру маңызды.
Ақбота Ахмет
Sarapshy.info
Сурет: pixabay.com