Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 әуе кемесінің апатқа ұшырауына байланысты сот процесі аяқталды. Ұшақ командирі мен екнші ұшқыш Қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-бөлігіне сай қауіпсіздік қағидасын бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл жөнінде Көлік прокуратурасы хабарлады.
Бұл оқиға 2019 жылы болды. Bek Air ұшағы Алматыдан Нұрсұлтанға ұшқан. Бортта 98 адам болды. Оның 93-і – жолаушылар еді.
Әуе кемесінің командирі мен 11 жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Ауруханада емделгеннен кейін екінші ұшқыш та көз жұмды.
Осыдан кейін командир Марат Мұратбаев пен ұшқыш Мейіржан Молдақұловқа қылмыстық іс қозғалды.
Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында аталған іс қаралып, үкім шықты. Сот материалдары бойынша ұшқыштар әуе кемесінің дайындығын тексермеген. Соның салдарынан ұшақ қанатына мұз қатқан.
«Сот үкімімен әуе кемесінің командирі мен екінші ұшқыш Қылмыстық Кодекстің 344-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды, бірақ олардың қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмады», — деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі.
Апат салдарынан 11 адам қаза тапты, 53 адам жарақат алды.
Сотта мемлекеттік айыптаушы жәбірленушілердің пайдасына 4 870 292 195 теңге және 7 мың АҚШ долларын өндіріп беруді сұраған. Алматы халықаралық әуежайына 22,9 млн теңге шығын келген.
2019 жылдың 27 желтоқсаны күні ұшақ ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Fokker 100 әуе кемесі 1996 жылы қолданысқа берілген. Осыдан кейін аталған компанияның тоғыз ұшағына ұшуға тыйым салынды.
фото: azh.kz

