Бүгін Алматы қаласындағы балалар үйіндегі жасөспірімдерді жергілікті билік күшпен көшірмекші болған. Тәртіп сақшыларының бұйрықты орындауға кіріскені туралы бейнжезба желіде кеңінен таралды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
2025 жылғы 10 шілдеде Алматыдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешім қабылданды. Балалар үйі орналасқан Бағанашыл ауданындағы жер телімі жаңа қымбат тұрғын үй комплексін салуды жоспарлаған компанияны қызықтырып отырғаны белгілі.
Бұл шешімге қарсы тәрбиеленушілер ақпан айынан бері қоғамға үндеу жасаумен келеді. Сол сәтте бала құқықтары жөніндегі өкіл Динара Закиева келіссөз жүргізіп, мәселенің реттелгенін атап өтті.
Алайда шілде айында Алматы облысының білім басқармасының басшысының қызметін атқарушы Айгүл Маралбаева балалар үйін көшіру туралы ресми құжатқа қол қойды.
Балалардың жанайқайы Ақордаға жетті. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеуінше, Алматы әкімі Дархан Сатыбалдыға балалар үйін жөндеуден өткізіп, оны қаланың балансына қабылдау туралы жеке тапсырма алған. Сонымен қатар, бұл жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі тексеріс жүргізеді.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды таныс ортадан ажыратып, толық инфрақұрылымы жоқ жаңа мекемеге көшіру қоғам белсенділерінің де сынына ұшырады. Бала құқықтары жөніндегі экс-омбудсмен Аружан Саин бұл әрекетті БҰҰ Конвенциясы мен Қазақстан заңнамасының тікелей бұзылуы деп атады.
фото: freepik.com