2025-2026 оқу жылында 6 860 студент алматылық студент жатақханадан орын ала алмады. Бұл деректі Ғылым және жоғары білім министрлігі Sarapshy.info-ға берген ресми жауабында растады.
Қазір Қазақстанда 430 жатақхана бар. Оның 257-сі – ЖОО-лардың меншігінде, 173-і – жалға алынған. Елдегі жатақханалардың жалпы сыйымдылығы 126 мың орын болса да, студенттер санының жыл сайын артуына байланысты бәріне дерлік орын жетпейді.

Астана мен Алматыдағы жағдай
Қазақстандағы студенттердің едәуір бөлігі білім алу үшін Алматы мен Астананы таңдайды. Бұл қалаларда ЖОО саны да, студент ағыны да жоғары, сондықтан жатақханаға сұраныс жыл сайын артып келеді.
Биыл Астанада 2 700 орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 060 орынды қамтамасыз ететін 7 жатақхана ашылады деп жоспарланған.
2025 жылы Алматыдағы студенттердің саны 200 мыңға таяды, олардың жартысынан көбі басқа өңірлерден келген. Қазір қалада 127 жатақхана мен 60-қа жуық хостел жұмыс істейді. Қыркүйекке қарай тағы 4 жаңа жатақхана (1 200 орын) ашылмақ.
«Жоғары курс студенттеріне жатақханадан орын берілмейді»
Астаналық университеттің 2-курс студенті Шұғыла Айбекқызы жатақханаға қатысты ойын бөлісті.
«Мен Астанаға келгенде тұратын жерім болмағандықтан жатақханаға өтініш бердім. Алғашқы легте бірден қабылдандым. Бірақ достарымның ішінде бірінші, тіпті екінші легтен де орын ала алмағандары болды», – дейді студент.
Өтініш қабылдау кезінде ең алдымен әлеуметтік осал топтағы студенттер, содан кейін басқа қаладан келген грант иегерлері орналастырылады деп түсіндірілген. Ақылы бөлімде оқитындар жатақханаға орын қалса ғана қабылданады. Кейде басқа қаладан келген грант иегерлерінің өзі жатақханасыз қалған жағдайлар да болған.
«Жатақханада тұру пәтерге қарағанда әлдеқайда арзан. Бірақ мен тұрған жатақхана басқа университеттермен салыстырғанда қымбат болды. Сондықтан студент үшін тиімді шешім деп санауға болады. Мысалы Елордадағы басқа оқу орнында оқитын құрбыларым екі айға 30 мың теңге төлесе, біз бір айға сонша төледік. Яғни олар айына 15 мыңнан, біз 30 мыңнан шығындандық».
Кейіпкердің сөзінше, ол оқитын университеттің жатақханасының көлемі шағын болғандықтан, орын көбіне бірінші курс студенттеріне беріледі. Сол себептен жоғары курс студенттері пәтер немесе хостел жалдауға мәжбүр.
Университеттердің қаражат жоспарын қадағалау қажет
Қоғам белсендісі, педагог Өмір Шыныбекұлы жатақхана тапшылығы қаржының дұрыс жоспарланбауынан туындап отыр деп санайды.
«Университеттер мемлекеттен де, студенттердің оқу ақысынан да қаржы алады. Егер осы қаражат тиімді жұмсалса, жатақхана тапшылығы болмас еді. Мемлекет оқу орындарының жұмысын қадағалауы тиіс», — деді ол.
Орал қаласының тұрғыны Айнұр Сабыр да жатақхана мәселесіне қатысты пікір білдірді.
«Екі ұлым Алматы облысындағы Сүлеймен Демирель атындағы университетте оқиды. Оларды жатақханаға орналастыруда айтарлықтай қиындық болған жоқ. Жатақхананың бір жылдық құны – 900 мың теңге. Бірақ Алматыдағы кейбір жоғары оқу орындарында жағдай басқаша. Мәселен Абай атындағы педагогикалық университеттің 3-курс студенті болған бір қыздың оқиғасы есімде. Ол жатақханаға іліге алмай, біраз әуреге түсті.
Дегенмен, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы орындарды бөлу қағидаларына сәйкес, толық емес отбасынан шыққан студенттерге жеңілдіктер қарастырылған. Соның арқасында ол қыз жатақханадан орын алып, оқуын жалғастырды.
Әрине, бұндай жеңілдіктердің болуы жақсы. Бірақ қазіргі жағдайда орын жетіспеушілігі соншалық, кейде жеңілдікке ие санаттағы студенттердің өзі де кезек күтуге мәжбүр болып жатады. Ата-ана ретінде біз үшін ең бастысы – баланың баспанасыз қалмауы. Сондықтан мемлекет тарапынан жаңа жатақханалардың көптеп салынғанын қалар едік», — дейді ол.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың мәліметі бойынша биыл 29 жаңа жатақхана салу жоспарланған.
«Жазда 58 нысанға күрделі, 560-тан астамына ағымдағы жөндеу жасалған. Жатақханаларға бейнебақылау, турникет және өртке қарсы құралдар орнатылды», — деді Көбенова орталық коммуникациялар қызметі брифингінде.
фото: primeminister.kz

