Оралдағы «Зашаған» бау-бақша бірлестігінде («Құс фабрикасы») тұрғындар көтерген мәселелер жуырда шешіле қоюы неғайбыл. Қала әкімінің орынбасары Азамат Халелов осы жолы да саяжай дауына араласа алмайтындарын айтты.
Халелов әкімдікте бірнеше рет «Құс фабрикасының» жағдайы талқыланды дейді.
«Бұл жерде жарық және су мәселесінен бөлек газға қатысты да кемшілік бар. Қыс мезгілінде газдың көлемі барлық үйге жетпей қалатын жайттар болады. Алдағы уақытта тұрғындарды газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін шаралар қабылданды. Газ жүргізу кезінде қателік жіберген «Марданов» жеке кәсіпкерлігі қазір өз қаражаты есебінен жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта тұрғындарды газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін шаралар қабылданды.
Электр энергиясына қатысты дауды жергілікті атқарушы органмен бірге шешіп жатырмыз. Бір трансформатор қуатын арттырдық және кабельдерді ауыстырдық.
Саяжай үшін барлық жұмысты әкімдік жасап бере алмайды. Төраға бекіткен тарифтер бар, бұл тарифтерден қалатын қосымша қаражат саяжайды күтіп ұстауға бағытталуы тиіс», — деді әкім орынбасары.
14 тамыз күні бір топ тұрғын төраға Асхат Баетовтың жұмысына наразылық білдіріп, көшеге жиналды. Олар басшы электр қуаты үшін қордаланған 101 млн теңге қарызды шеше алмады, коммуналдық төлемдерді заңсыз өсірді деп есептейді.
Тұрғындардың айтуынша, «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» электр жарығын күндіз бірнеше сағатқа ғана қосатынын хабарлаған.
Оқыңыз:
«Құс фабрикасы» электр қуаты үшін 101 млн теңге қарыз. Мәселені шешпеген төрағаға тұрғындар наразы
Бұдан бөлек «Құс фабрикасының» басшылығы «Батыс су арнасы» ЖШС-на 3,7 млн теңге қарыз. Қауымдастықта 12 мыңға жуық адам, 2300 үй бар.
«Зашаған» бау-бақша бірлестігінің төрағасы Асхат Баетов қарыздың басым бөлігі бұрынғы төраға Асылбек Қабесовтен қалғанын айтты. Баетов та трансформатор мәселесін шешу үшін тұрғындардың ақшасын «Батыс АЭЖК-ға» төлемей, кассаға жинап отырмыз деп түсіндірді.

Ол дәл осылай «Батыс су арнасымен» нақты мәселені шешу үшін халықтың суға төлеген ақшасын кәсіпорын шотына аудармай отырғанын айтты.
Төрағаның бұл шешіміне тұрғындар наразы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, Орал қаласының оңтүстік жағында «Зашаған» бау-бақша бірлестігі орналасқан. Оны халық «Құс фабрикасы» деп атап кетті.
Кейінгі онжылдықтарда қала орталығынан баспана ала алмағандар осы аумақтан жер алып, үй салып алды. Бірнеше жылдан бері «Құс фабрикасының» тұрғындары саяжай аумағын құжатқа қалаға қарасты елді мекен деп белгілеу жөнінде бастама көтеріп келеді.
Жергілікті билік бұған қатысты заң жүзінде шешім қабылдауға құзіретіміз жоқ деп жауап берумен шектеледі. Тұрғындар белсенділігі күшейгеннен кейін әкімдік бірлестік аумағындағы кейбір көшеге жол салып берген.
2025 жылдың ақпан айында «Құс фабрикасында» даулы жиын болды. Батыс аймақтық электр желілік компаниясы электр желісін кесіп тастаймыз деген хабарландыру жасаған.
Тұрғындар бұрынғы төраға Асылбек Қабесов кінәлі, халық қаражатына обал жасады, қала әкімдігіне жағдайды реттеп беріңдер деген талап қойды.
Sarapshy.info сауалына орай БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлады.
ҚР Қылмыстық Кодексi
189-бап. Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу
-
Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: 1) қылмыстық топ жасаса; 2) аса iрi мөлшерде жасалса, – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, ал осы баптың үшінші бөлігінің 2) тармағында көзделген жағдайларда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қазіргі уақытта да тұрғындар Баетов басқарғалы «Құс фабрикасында» оң өзгеріс жоқ дейді. Олардың кейбірі экс-төраға Қабесовтың кінәсі жоқ, жаңа басшы оның жұмысынан кетуіне мүдделі болды деген күдігін жасырмады. Ал Баетовтың өзі мұның барлығы сыңаржақ пікір деп санайды. Оны қолдап отырғандар да бар.
Соған қарағанда халық пікірі екіге жарылған. Бірақ бұны реттеуге әкімдік шарасыз күйінде қалып отыр. Қазіргі жағдайға ешқандай орган құқықтық баға бермеді. Қоғамдық институттар, депутаттар бұл дауға араласып жатқан жоқ.
Оқыңыз:
Қараңыз:
фото: Sarapshy.info

