Активтерді қайтару: Елімізде арнаулы мемлекеттік қорға 176,3 млрд теңге түсті

Арнаулы мемлекеттік қорға 176,3 млрд теңге түскен. Бұл жөнінде Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Бақытбек Тәшенов мәлім етті.

«Арнаулы мемлекеттік қорға түсім 176,3 млрд теңгені құрады. Оның ішінде Басқарушы компаниядан түскен қаражат 5,7 млрд теңге, активтерді сатудан 5,559 млрд теңге және активтерді басқарудан 141 млн теңге бар», — деді Бақытбек Тәшенов Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, арнаулы мемлекеттік қордың қаражатын бөлу – орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстарын міндетті түрде Бюджет кодексіне сәйкес республикалық бюджет комиссиясында қараумен жүзеге асырылады.

Арнаулымемқордың қаражаты әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.

Қаржы министрлігі өкілінің мәліметінше, қор қаражаты есебінен қаржыландыру үшін жобаларды іріктеу мен олардың өлшемшарттарын айқындау тәртібі Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын айқындау қағидаларында нақтыланған. Осы қағидаларға сәйкес мемлекеттік органдар әзірлеген жобалар Ұлттық экономика министрлігінің экономикалық сараптамасына жатады.

Бұдан әрі жобаларды қор қаражаты есебінен қаржыландыру мәселесін Қаржы министрлігі Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығарады.

«Арнаулы мемлекеттік қор қаражатын пайдалану және мониторингілеу тәртібі қор қаражатын пайдалану мен мониторингілеу қағидаларында айқындалған», — дейді Бақытбек Тәшенов.

Жалпы 2022 жылдан бері 1,5 трлн теңге көлемінде активтер қайтарылған. Оның ішінде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша өндірілген сомалар мен мүліктер бар.

Айтып өтейік, былтыр Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания құрылды.

Сонымен қатар «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңды іске асыруға қажетті заңнамалық база қабылданып, арнайы шот – арнаулы мемлекеттік қор ашылды.

Сурет Kazpravda.kz сайтынан алынды

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий