Қайрат Сатыбалды бостандыққа шықты

Бүгін сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін алты жылға сотталған бұрынғы президенттің інісі Қайрат Сатыбалды бостандыққа шықты.

Осыған дейін сот Сатыбалдының шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырған болатын.

Қалған 3 жыл 3 ай және 7 күн мерзімді ол Алматыдағы пробациялық бақылауда өткізеді.

Еске салсақ, өткен айдың ортасында Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты үкім өзгерді. Ол қателіктерін толық мойындайтынын айтып, заңға қайшы әрекеттері үшін халықтан кешірім сұрады.

«Кез келген азамат үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік болуға тиіс. Халқымызда сөз бар, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деген. Мен жасаған қателіктерімді мойындаймын. Маған қатысты қылмыстық іс бойынша органдарға көмектесіп, бүкіл заңсыз қаржыны қайтарып жатырмын. Елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару – елдің ырысын өзіне қайтару деп білемін. Бұл – Мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің бірі. Мұндайды көрген соң, ендігі жерде ешкім елдің ырысын сыртқа шашпайды. Менің істеген ісім басқаларға дұрыс шешім шығару үшін сабақ болады деп ойлаймын. Ағаттық істеп, ренжіткен адамдардан кешірім сұраймын», — деді сот отырысында ол.

Қайрат Сатыбалды 2022 жылы наурыз айында қамауға алынды. Кейін «Қазақтелеком» мен «Көлік сервис орталығы» компанияларынан ақша жымқырды деген айыппен сотталды.

Тергеу барысында одан заңсыз жымқырылған 700 млрд теңгенің активі мемлекетке қайтарылды.

Қайрат Сатыбалды Назарбаев ел басқарған тұста Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендердің бірі болды. Forbes Kazakhstan журналы оның байлығын 163 миллион долларға бағалаған.

Еске салсақ, өткен аптада Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды 12 жылға сотталды. Ол Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігі 3-тармағы (Бас бостандығынан заңсыз айыру), 389-бабы 4-бөлігі (Өзінше билік ету), 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (Қорқытып алу) бойынша сотқа тартылды. Бұл аса ауыр қылмыстар қатарына кіреді.

Фото: gov.kz

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий