Қазір Air Astana компаниясының паркінде 37 ұшақ бар. Басым көпшілігі Airbus 320 маркілі ұшақтар болса, қатарда Boeing 767 авиалайнері де бар. Компаниядағы барлық ұшақтың зауыттан шыққанына 5 жыл толмаған.
Біз Air Astana компаниясының ұшақтарға қызмет көрсететін авиациялық-техникалық орталығының жұмысымен таныстық. Мұнда қуат үнемдейтін технологияларды пайдалана отырып канадалық жоба бойынша салынған, ауданы 5,5 мың шаршы метрлік ангар бар. Онда қатарынан екі Embraer, екі Airbus ұшағына бір уақытта қызмет көрсетуге болады. Орталықта ангардан басқа авиакомпания қызметкерлеріне арналған кеңсе бөлмелері, бөлшектер қоймалары, арнайы техникаға арналған гараж, компоненттерді жөндеу цехы бар.
Ұшақтарға техникалық бақылау қалай жүргізіледі?
Ұшақтың қозғалтқышынан басқа бөлшегі осында жөнделеді. Басқа отандық авиакомпаниялар осындай жөндеуді шетелде жүргізуде.
— Жөндеудің с-check формасы 10-14 күн уақыт алады. Отыз шақты адам ауысыммен қызмет көрсетеді. Ұшақ жасаушы компания ұсынған тәртіп және ауа райы жағдайына байланысты күтім жасалады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының қысқы ауа райында қозғалтқышын ұзақ суытудан соң сөндіруге тура келеді. Ыстық күйінде қар жабысса, мұзға айналады. Қыста ұшақ рейстен 3 сағат бұрын дайын тұрады. Қозғалтқыштың күрделі жөндеуі шетелде жасалады. Арнайы тек қозғалтқышқа қызмет көрсететін компаниялар бар, — дейді техникалық қолдау менеджері Темірлан Бағашар (суретте).
— Air Astana компаниясында еңбек өтілім – 11 жыл. Оқуды аяқтаған бойда осында орналастым. Біздің елде авиация шетелдегідей кең таралмаған, не жасасақ та жаңаша жасалуда. Жұмысымыз сонысымен қызық. Жолаушы жылы, таза ұшаққа отырғанға дейін көзге көрінбейтін көп жұмыс атқарылады. Жанармайы, техникалық қадағаланады. Инженер-механиктер ұшқыштарға бәрін дайындап қояды. Ұшатын қызметкерлер жолаушылардың сәл алдында дайын ұшаққа отырады. Аптасына бір рет базалық тазалық жұмыстары жасалып, әр рейске дейін және кейін тазалық жүргізіледі.
Ұшақтар ұшу қашықтығына қарамастан әр рейске дейін және қонған соң тексеріледі. Тіпті ұшпаса да 24 сағаттан соң толық сыртқы тексеруден өтеді. Қазақстанның ішінде техникалық қадағалау жұмыстарын өзіміз атқарамыз, барлық қалада. Ал шетелге қонған ұшақтарымызға шетелдік компаниялар қызмет көрсетеді. Ал техникалық тексеріс ұшқан уақытқа байланысты. Күн сайын, ай сайын және 3 жыл сайын өтетін техникалық бақылау бар, — дейді Темірлан Бағашар.
Авиациялық-техникалық орталықта шетелдік ұшақтарға да қызмет көрсетіледі. Түркиялық, араб елдерінің, еуропалық ұшақтарға техникалық қолдау жасалады. Ангарға айына 15 шақты ұшақ келеді. Қазір компания С1 формалы техникалық бақылау жүргізсе, келешекте күрделі техникалық қызметтің С2 түріне ауыспақ. Бұған Air Astana үлкен инвестиция салуда.
Қандай мамандар қызмет етеді?
Авиациялық-техникалық орталықта толығымен қазақстандық мамандар қызмет етеді. Кейбір біліктіліктерді шетелде оқып алады. Көбінің мамандығы – инженерлік-техникалық. Әсіресе Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясын «Ұшатын аппараттарды (әуе құрылғыларын) сынау және қызмет көрсету» мамандығында және Байқоңырдағы аэрокосмостық институтта оқығандар көп екен. Білімнен кейінгі басты талап – ағылшын тілін меңгеру.
-Ағылшын тілін талап етпейтін жұмыстар да бар. Алайда инженерлер білуге міндетті. Мұнда қызметке кіруге еліміздің жастары талаптанып көрсе болады. Бастысы – ұшу аппараттарына қатысты инженерлік-техникалық мамандығы болуы тиіс. Инженер болу үшін 5 жылдық тәжірибесі талап етіледі. Алдымен механик болып, үш жылдық тәжірибеден соң техник, жалпы бес жылдық тәжірибеден соң инженерлік лицензияға тапсыра алады. Тесттерден өтіп, тәжірибесін көрсетсе, лицензиясын алады. Инженерлер В1 және В2 санатына бөлінеді. Алғашқысы – механикалық, соңғысы электрлік бөлім. Жақсы инженерлер бағаланады,- дейді техникалық қолдау менеджері Темірлан Бағашар.
Ұшу-қону жолағының сапасы ұшаққа әсер ете ме?
Көліктің техникалық жағдайына жолдың сапасы әсер етпей қоймайтыны сияқты, ұшу-қону жолағының да ұшаққа әсері орасан екен. Мұны сала маманы Темірлан Бағашардан сұрадық.
-Қонған сәтте, шасси жолаққа тигенде ұшақтың жылдамдығы өте жоғары болады. Асфальт жабыны сапасыз болып, смола, қиыршық тас немесе өзге құрылыс материалы бөлшектеніп шықса, ол осы ұшақтың не одан кейін қонатын ұшақтың жарықшамдарын сындырып, фюзеляжын тесіп жіберуі немесе қозғалтқышқа түсіп зақым келтіруі мүмкін. Қонып жатқан ұшақ емес, әуеге көтерілген ұшаққа техникалық зиян келсе ше? Бұл – өте қауіпті. Әрине, әуежайларда ұшу-қону жолағына жауапты қызмет бар. Олар қатаң қадағалауға міндетті,-деді маман.
Сөйтіп Air Astana компаниясының кейбір қалаларға қатынамау себебі түсінікті болды. Мәселен Орал қаласының ұшу-қону жолағы жаңарғаннан кейін рейстер қалпына келді.
Билет бағасын арзандату үшін не істелді?
2019 жылы авиакомпанияның бюджеттік бөлімшесі FlyArystan әуе компаниясы іске қосылды. Бүгінде FlyArystan-ның 43 маршруттық бағыты болса, оның 15-сі халықаралық.
2021 жылы Air Astana авиакомпаниясы 3,6 млн жолаушыны, ал FlyArystan 3 млн жолаушыны тасымалдады.
-Кез келген техника сияқты ұшақ та су жаңа болса қауіпсіздігі жоғары және жоғары деңгейдегі сервис ұсынуға болады. Бізге ұшақ базасын жаңалап ұстау қымбатқа шықса да, қауіпсіздікті ең басты орынға қоямыз. Біз үнемі ұшу географиясын жаңалап, жаңа рейстер ашып келеміз. Ресей – біз үшін ең үлкен нарық. Пандемиядан бұрын Ресейге аптасына 74 рейс ұшса, қазір – нөл. Мәселен Лондон, Франкфурт, Амстердамға Ресейдің үстімен тіке ұшатын рейстер қазіргі геосаяси ахуалға байланысты Оңтүстік Еуропамен айналып өтуге мәжбүр. Жанармай, әуежай қызметтері, аэронавигацияға шығын көбейсе де, билет бағасын қымбаттатқан жоқпыз.
Ішкі рейстерді көбейтуге мүдделіміз. Бұл – сұранысқа тікелей байланысты. Алайда бизнес табысты болуы тиіс. Әр рейстің өзінің құны болады. Оның ішінде жанармай, әуежай қызметтері, аэронавигация бар. Ол – жолаушы болса да, болмаса да өтелетін шығын. Біздің компаниядан бөлек ішкі ұшуларды SCAT, Qazaq Air әуе компаниялары да атқаратынын ұмытпау керек. Әр бағытқа жолаушылар ағыны әбден зерттеледі. Тұрғындар тарапынан сұраныс артса, ішкі рейстерді арттыруға мүдделіміз,-дейді Air Astana авиакомпаниясының Стратегиялық даму және үкіметтік байланыстар жөніндегі вице-президент Ердәулет Шәмшиев.
«Ішкі рейстердің бағасы халықаралық рейстерден қымбат» деген сынға да жауап берді.
-Бұл мәселені тексердік. Егер билетті бір жарым ай бұрын алса, билеттердің 65 пайызының құны арзан және орташа. Ал FlyArystan-ның 1,5 айдан соңғы аптаға дейін билеттердің 80 пайызы өте арзан. Билет құнына қатысты көбінесе депутаттар мен кәсіпкерлер наразылық білдірді. Біздің анықтағанымыз, олардың көбі билетті ұшуға екі-үш күн қалғанда алады. Сондықтан қымбат болады. Билеттің бәрін өте арзанға сата алмаймыз, ұшу шығындарын өтеуіміз керек. Ерте алынған билет арзанға шығады. Мәселен студенттер каникул уақытын біледі, ерте алып қояды. Оның үстіне 25 жасқа дейінгі жастарға, 65 жастан асқандарға, балаларға арнайы жеңілдіктер бар.
Кейбір адамдар кеңестік кезеңмен салыстырады. Ол кезде ұшу неге арзан болған? Билетке үкімет субсидия төлеген. Субсидия деген бәрібір халықтың салығынан құралған бюджет. Бүгінде ол жүйе жұмыс жасамайды, нарық өзгерді.
Жүк мәселесіне келсек, бұрын билет құнында жүгіңіздің бар-жоғына қарамастан 20 пайыз қол жүгінің бағасы қосылып тұратын. Жүгіңіз болмаса төлемеуге жағдай жасалды, іссапармен ешқандай затсыз жүретін адам көбейді. Яғни таңдау еркі берілді. Бұл жолаушылардың қолайлылығы үшін, — дейді Ердәулет Шәмшиев.
Қандай жаңалықтар бар?
Air Astana авиакомпаниясының жазғы бағдарламасында Ираклион, Дубай, Бодрум, Анталья бар. Батуми (Грузия), Подгорица (Черногория), Коломбо (Шри-Ланка) және Пхукетке (Таиланд) жаңа халықаралық рейстер ашылды. Бүгінде Air Astana-да 24 халықаралық, 15 ішкі рейс бар.
— Мале (Мальдив), Лондон, Дели, Тбилиси (Грузия) және Душанбені (Тәжікстан) қоса алғанда, бірнеше халықаралық бағыттар бойынша рейстерді жаңарттық. FlyArystan Авиакомпаниясы Қазақстанның үш қаласынан Кутаисиге (Грузия) рейстер ашты және 10 жаңа ішкі маршрутты іске қосты. Жақында аптасына екі рет Ақтау-Прага, Алматы-Ереванға қатынамақ, — дейді Air Astana компаниясының сату жөніндегі директоры Ислам Секербеков.
Аспанда – 20 жыл
Биыл 15 мамырда Air Astana компаниясының алғашқы рейсіне 20 жыл толды. Алғашқы рейсін Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшырған компания 20 жылда 600 000-нан астам рейс орындап, 60 миллионға жуық жолаушы мен 250 000 тоннадан астам жүк тасымалдаған.
Air Astana халықаралық марапаттарға ие болуда. Тоғыз жыл қатарынан (2012-2019, 2021) авиакомпания Skytrax марапатын «Орталық Азиядағы үздік авиакомпания» ретінде, үш рет қатарынан Traveller ‘ s Choice Award және 2018-2020 жылдар кезеңінде APEX Awards марапатын алды.
-Air Astana әуекомпаниясының 20 жылдығы – біздің 5 мың қызметкеріміздің әрқайсысымен бірге үлкен мақтанышпен атап өтетін айтулы жетістігіміз. Табандылық және инновацияны басшылыққа ала отырып кедергілерді еңсеру үшін тынымсыз жұмыс істедік. Екі онжылдық ішінде клиенттерімізді қауіпсіздіктің, қызмет көрсетудің және тиімділіктің жоғары деңгейімен қамтамасыз еттік, — дейді Air Astana авиакомпаниясының президенті Питер Фостер. Ол COVID салдарынан соңғы екі жыл қиын болғанын, бірақ қызметкерлерін қысқартпай-ақ принциптерді сақтау арқылы жақсы қаржылық көрсеткіштерге жеткенін айтты.
Қаржылық және өндірістік көрсеткіштерге тоқтала кетсек, былтыр жалпы түсім 2020 жылмен салыстырғанда 90%-ға ұлғайып, 761 млн АҚШ долларын құраған. 2020 жылы 93,9 млн АҚШ доллары көлемінде шығынға ұшыраған авиакомпания 2021 жылы 36,2 млн АҚШ доллары көлемінде таза пайда тапқан.
Бүгінде бес мыңнан астам қызметкері бар авиакомпания 20 жыл ішінде елдің қазынасына 120 млрд. теңге (500 млн. астам АҚШ доллары) салық төледі.
Нұрлыбек Рахманов
«Sarapshy.info» ақпарат агенттігінің бас редакторы
© суретке түсірген автор
суреттер samsung S10Lite-ке түсірілді