Абай облысының Үржар ауданында жол апатынан зардап шеккен балаларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі аман қалған балалардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді.
«Облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан тұратын мультидисциплиналық бригада диагностикалық зерттеп-қараудың барлық кешенін жүргізіп, зардап шеккендердің жағдайын бағалап, жедел емдеу жоспарын жасады. Стационарда зардап шеккен үш бала бар. Олардың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінің жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда. Пациенттер жағдайының ауырлығы алған жарақаттарға байланысты. Балаларға бассүйек-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылған», — деп мәлімдеді ДСМ.
Балалардың жағдайы тұрақталғаннан кейін оларды Астанаға әуе бортымен тасымалдау мәселесі шешілетін болады.
Қазір дәрігерлер пациенттердің бірінің миына күрделі нейрохирургиялық операция жасап жатыр, ішкі ағзадан қан кету тоқтатылған.

Бұған дейін жазғанымыздай, Президент тапсырмасы бойынша Абай облысының Үржар ауданында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік ұшағымен медициналық бригада ұшқан болатын. Оның құрамында нейрохирург, травматолог, реаниматолог дәрігер бар.
«Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр. Балаларға медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде, оған еліміздің үздік мамандары тартылған», — делінген хабарламада.
19 тамызда Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан екі бала оқиға орнында, біреуі ауруханаға бара жатқан жолда қаза тапты. Тағы үш бала жарақат алды.
Фото: ДСМ

