Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтау маңындағы AZAL әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатына қатысты тергеу 2025 жылдың соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді.
«Мен бұл ұшақ апатын саясатпен байланыстырғым келмейді. Бұл сұрақтарға құзырлы органдар жүргізетін жарылыс-техникалық сараптама жауап беруі тиіс. Менің білуімше, олар ұшақ корпусынан жарылғыш заттар тауып, өзге елдермен бірге тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір тергеудің талдау кезеңі аяқталып, қорытынды есеп дайындау сатысы басталды», — деді ол үкіметтің баспасөз отырысында.
Бозымбаевтың айтуынша, ұшақ Қазақстан әуе кеңістігінде емес, шекара аймағында зақымданған. Әуе экипажы Қазақстанда жедел түрде қонуға мәжбүр болды.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау маңында Бакудан Грозныйға ұшып бара жатқан AZAL әуе компаниясының жолаушылар ұшағы құлады. Апат салдарынан 38 адам қаза тапты.
2025 жылдың 4 ақпан күні Reuters агенттігі Әзербайжанның ұшағына Ресейдің «Панцирь-С» зымыран жарықшағы тигенін мәлімдеді.
20 шілдеде Әзербайжан президенті Ильхам Алиев халықаралық сот инстанциясына Ресей Федерациясына арыз жазатынын мәлімдеді.
«Ресей оқиғаның мән-жайын толық біледі. Біз жеті ай ішінде олардың тарапынан бірде-бір түсінікті жауап ала алмадық», – деді президент баспасөз конференциясында.
фото: Reuters агенттігі

