Бүгін, 23 қаңтар күні Қарағанды облысының тас жолында 19 жеңіл автокөлік соғылды. Екатеринбург – Алматы автожолының қайта жаңартылып жатқан учаскесінде, яки 1630 шақырымында тіркелген жол-көлік оқиғасы – жыл басынан бері жаппай көліктердің қатысуымен болған ірі апаттың бірі. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, жол апатының алдын ала себебі – жылдамдық пен қауіпсіз арақашықтықты сақтамау.
Қаңтарда 741 жол-көлік оқиғасы тіркелді
2025 жылдың қаңтар айы аяқталмай жатып 741 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 42%-ында жолаушылар қаза тапты. Қыс мезгіліндегі ауа райының қолайсыз уақытында жол сапасына, жүргізушілер қауіпсіздігіне, республикалық трассалардың көк тайғақ болуына кім жауапты? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Биыл алғашқы айда тіркелген ірі жол апатының бірі – Астана – Щучинск тас жолында болды. 3 қаңтарда 100-ге жуық көлік соқтығысты.
15 қаңтар күні Алматы – Өскемен автожолының 28-шақырым учаскесінде (Алматы – Қонаев бағыты) 18 көлік түйісті.
ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті Sarapshy.info редакциясының қойған сауалына көлік апатына негізгі себеп тұманның болуы деп жауап берді.
Астана – Щучинск, Алматы – Өскемен бағыттарындағы жол апатына қатысты «ҚазАвтоЖол» компаниясына ешқандай шағым болмаған. Комитет компанияны кінәлауға еш негіз жоқ деп, ауа райының қолайсыздығы, қалың тұман басты фактор деп көрсетті.
Айыппұл апатты азайтпайды
Аталған жол-апаттарының әсер еткен себептері ретінде жүргізушінің жылдамдықты асырғанын, ережені сақтамағанын немесе ауа райының қолайсыздығын атаған. Алайда 15 жыл бойы Қазақстан ішінде және халықаралық трассаларда көлік жүргізіп жүрген Жандос Әмірғали бұл себептерді негізсіз деп есептейді. Көбіне Шымкент – Самара күре жолы арқылы қатынайтын Жандос Әмірғали Қазақстандағы трассалардың сын көтермейтінін айтады.
«Қыстағы көлік апатының көбеюіне жолды күтіп ұстаушылар кінәлі. Автожолдардың беті көктайғақ болып жатады, қар аршылмайды, соның кесірінен неше түрлі жағдай болады. Күзде жолды қырып, тазаламайды, қысқа дайындалу үшін алдымен осы мезгілде жол жанындағы шөптерді тазалау керек. Сонда жол қыста қар ұстамайды. Қыста көк тайғақ кезінде тұз, құм шашылуы керек. Жол сапасына жауап беретін мекемелермен келісімшарт жасағанда соның барлығы жазылатын шығар. Бірақ жолға құм—тұз қоспасын сеуіп жүрген техниканы көре бермейміз. Көп жерде көзбояушылық белең алған, жолға құм шашатын көліктер бірен-саран ғана. Бір «КамАЗ-ға» тиелген құмды 500 шақырымға жеткізеді. Бір көлік құм қалай үнемдесеңіз де 100 шақырымға ғана жететін шығар», – дейді.
Көлік жүргізушісінің айтуынша, Ресей Федерациясындағы автожолдар сапасы Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жақсы.
«Ресейде жолға құм шашатын көліктердің үшеу-төртеуі қатар келе жатады. Содан жұмыстың қарқынды жүретінін аңғарамыз. Көрші елдегі автокөліктер тез тозып, шіріп кетеді деген әңгіме айтылады. Оған себеп – қыста жол тұз бен құмды көп шашатыны. Бір жағынан көлікке де теріс әсер етеді. Есесіне, бұл жақта апат аз болады. Трассада мұз болмайды. Бізде апаттан соң тергеу жұмысы жүргізілген кезде, таңқаларлығы, басқарып келе жатқан көлік рөліне ие бола алмады деп жүргізушіні кінәлайды. Неге екінші себебін ойламайды? Осы жолды күтіп-ұстау бойынша тендерді ұтып алған мекеменің құм шашпағаны кесірінен көлік апатқа ұшырады деп ешкім айтпайды. Барлығын жүргізушіге жаба салады», — дейді тәжірибелі жүргізуші.
Сондай-ақ Жандос Әмірғали жол-көлік оқиғаларының тағы бір себебі жолдағы жылдамдық азайту жөніндегі ескерту белгілерінің ретімен қойылмағанынан деп есептейді.
«Автоапаттың алдын алу үшін және жүргізушілердің сақтануы үшін жол беті ойылып қалған учаскелерге арнайы жол белгілері қойылуы керек. Бізде трасса сағатына 100 шақырым жылдамдықпен жүруге есептелінсе, кей жерге бірден 40 шақырымға дейін шектейтін белгіні орнатады. 100-бен келе жатқан машина әрине 40-қа дейін жылдамдығын тежей алмайды. Осы уақытқа дейінгі тәжірибеме сүйене отырып, менің байқағандарым – осылар», — дейді.
Сондай-ақ жүргізуші камера мен айыппұлдың көбеюі – жол апатын азайтпайды дейді.
«Жолдың сапасына жауапкершілікпен қарамай, ешуақытта жол-көлік оқиғаларын азайтамыз дегенді айта алмаймын. Айыппұлды көбейту – үкімет бюджетін көбейтудің қамы. Жол сапасын дұрыстамай, қауіпсіздік шарасы күшті болмайды», — деді Ж. Әмірғали.
Статистиканы есептеу тәсілі өзгерді
2023 жылдың көрсеткішіне қарағанда 2024 жылы жол-көлік статистикасы 2 есе өскен. Құқықтық статистика комитетінің ресми мәліметі бойынша, 2024 жылдың 12 айында Қазақстан бойынша 31597 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен (15 886 жол-көлік оқиғасы) салыстырғанда екі есе көп.
Сәйкесінше жол апатынан жараланғандар саны да екі есе артқан. 2024 жылы жараланғандар саны – 40873 болса, 2023 жылы 19554 болған. Былтыр 2579 адам қаза болса, 2023 жылы 2543 кісі көз жұмды.
Жол-көлік оқиғасы мен одан зардап шеккендер санының өсуін ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті былай түсіндіреді:
«Жол-көлік оқиғаларының екі есе өсуі және олардан зардап шеккендердің санының артуы Жол-көлік оқиғаларын есепке алу механизмінің өзгеруіне байланысты (ҚР Бас прокуратурасының 131-бұйрығы). Қазіргі уақытта медициналық мекемелерге жүгінген барлық адамның қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығына қарамастан есепке алынады. Бұрын тек денсаулыққа келтірілген зиян медициналық қорытындымен расталған жағдайда ғана жол-көлік оқиғалары есепке алынатын».
ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүргізушілерге ауа райының қолайсыздығына байланысты ақпарат уақтылы ескертетінін хабарлады.
«Көлік министрлігіне қарасты «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ 1403 байланыс орталығының басты міндеті – республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы пайдаланушыларға қызмет көрсету. Күн сайын мамандар ақылы жолдар, жолдардың жағдайы мен күтіп ұстау, жол қозғалысының ашылуы мен жабылуы, сондай-ақ республикалық автожолдардағы жол қауіпсіздігі бойынша өтінімдерге жауап береді. 1403 байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді және демалыссыз қызмет көрсетеді», — деп жауап берді аталған комитет.
«ҚазАвтоЖол» ҰК IT мамандары республикалық маңызы бар автожолдарды пайдаланушылар үшін арнайы жасақталған көпфункционалды «SAPAR» қосымшасын әзірлеген. Алайда көлік жүргізушілері бұл қосымшамен қаншалықты таныс екені белгісіз.
«Аталған қосымша арқылы жол пайдаланушылары жолдарды бақылап, шектеулер мен ашылған учаскелер туралы ақпарат ала алады. Сондай-ақ қосымша арқылы жол бойындағы қызмет көрсету нысандары туралы қосымша мәліметтер, таңдаулы маршруттар мен ақылы жолдар туралы ақпарат алуға болады», — дейді.
Жолға төселетін инертті матриал көлемі үш есе артқан
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ұсынған мәліметтерге сәйкес, биылғы жылы қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін 63 мың тонна техникалық тұз, 104 мың текше метр құм, 172 мың текше метр қиыршық тас қалдығы және 1,2 мың тонна химиялық реагент дайындалған. Былтырғы жылмен салыстырғанда, көктайғаққа қарсы материалдардың көлемі үш есеге артты.
«Қар басу қаупі зор ұзындығы 2200 шақырым болатын учаскелер бар. Аталған учаскелерде қауіп-қатердің алдын алу мақсатында 31 мың уақытша ағаш қалқандар орнатылып, қар тоқтатын қоршаулар тұрғызылды. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын «КАЖСервис» ЖШС-ның мамандары қардан тазалап, құм-тұз қоспаларын сеуіп, жол пайдаланушылары үшін барынша қолайлы жағдай жасайды», — деп хабарлады Автомобиль жолдары комитеті.
P.S. Әкімшілік полиция ЖКО санының екі есе өсуі (2024 жылы 31 597 ЖКО) статистиканы есептеу тәсіліне байланысты деп түсіндіреді. «ҚазАвтоЖол» қыста жол бетіне тасымалдайтын материалдар көлемі үш есе артты деп хабарлады. Соған қарамастан жол-көлік оқиғалары толастаған жоқ.
Биыл әкімшілік айыппұл көлемі де көбейді. Қалааралық жолдарда «орташа жылдамдықты» есептейін бақылау камералары іске қосылды. Ішкі істер органдары көлік жүргізушілерін белгіленген межеден жылдамдықты арттырғандықтан, апатқа ұшырайды деп айыптайды. Десе де жол күтіміне қатысты жауапты мекемелерге айыппұл салу мәселесі ашық айтылмай отыр. Қауіпсіздік қағидаралы қатаңдай түскенімен, қаңтар айы ірі жол-көлік оқиғаларымен басталып отыр.
Наргиза ЕРЕС
Сурет: Ашық дереккөздерден