Күні кеше Украина президенті Владимир Зеленский Мюнхендегі кездесуде АҚШ ұсынған шартқа қол қоюдан бас тартты. Әлемдік ақпарат көздерінің хабарлауынша, келісімшартта Украинаның пайдалы қазбаларының 50%-на құқық беретін келісімнен бөлек порттар, инфрақұрылым, мұнай-газ секілді маңызды салалардан да үлесін көргісі келеді. Тіпті құжатта келісімге байланысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда соңғы сөзді Нью-Йорк соты айтатыны туралы да ережені көздеген. Ал бүгін төрткүл дүниенің назары Сауд Арабиясындағы келісімге ауып отыр. Тіпті әлемдік сарапшылар «алпауыт елдердің арасындағы ойынның соңы көріне бастады» дегенге саятын әңгіме айта бастады.
Бүгін Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей делегациясы Украинадағы қақтығысты тоқтатуға байланысты келіссөзді бастауға көшті. Айта кету керек, соңғы үш жылдан бері күрделі оқиғадан кейін дәл мұндай жоғары деңгейдегі талқылау болған жоқ. Бірақ бір қызығы, бұл келіссөз үстеліне екінші тарап пен Еуропа елдерінің өкілдері шақыртылмаған. Соған қарамастан Fox News ақпараттық арнасына берген сұхбатында АҚШ президентінің Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф бұл жолғы келіссөздер оң нәтиже беретініне кәміл сенімді екенін жеткізді. Оның сөзінше, Украина мен Ресей өзара сенім құру қажет. Екіншіден, қазір АҚШ тарабы украин шенеуніктерімен де бөлек келіссөз жүргізіп жатқанын жеткізген.
Еске салсақ, АҚШ президентінің Украинаға қатысты тағайындалған арнайы өкілі Кит Келлог бұған дейінгі бейбіт келіссөздер үстелінде Еуропа өкілдері қатыстырылмауы мүмкін екенін мәлім етті. Алайда олардың мүдделері де келіссөз барысында ескеріледі делінген. Артынша Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесіп, екінші тараптың да келіссөздерге қатысатынын мәлімдеген болатын. Дегенмен жұма күні Украина президенті Владимир Зеленский Германиядағы АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнспен кездескен кезде Украина тарабының Сауд Арабиясындағы келіссөздер жүргізуге шақырылмағанын және Киев стратегиялық серіктестермен жағдайды талқыламай тұрып Ресеймен өзара байланыс орнатпайтынын ашық айтты. Ал бүгін Зеленскийдің өзі түрік көшбасшысы Режеп Тайып Ердоғанмен келіссөздер жүргізу үшін Түркия астанасы Анкараға келді. Осыған дейін ол Біріккен Араб Әмірліктерінде ресми сапармен болып, артынша Мюнхеннен Польшаның Жешув-Ясенка әуежайына, ары қарай Абу-Даби мен Эр-Риядқа жеткен. Вашингтон қақтығысты тоқтатуға қатысты келісімде Украинаның мүддесі ескерілетінін, бұл үшін Мәскеу және Киевпен бірдей келіссөз жүргізілетінін хабарлады. Бүгінгі келіссөздер келісімнің басы екенін айтқан АҚШ билігі алдымен екі ел өкілдерімен жеке талқу өткізу қарастырылғанын мәлімдеді. Содан кейін ғана үшжақты келіссөздер жүргізуге екі тараптың өкілдері бір үстел басына шақырылады.
Келісім соңы сиырқұймышақтанып барады
Әлем назарын аударған келіссөз үстеліндегі келісімнің соңы қалай аяқталарын топшылау қиын. Дегенмен көрші мемлекеттердің қандай келісімге келетініне әлемнің ақпарат көздері әртүрлі баға беріп жатыр. Мәселен кейбір ақпарат көздері «Бүгіннің өзінде АҚШ президентінің Ресей басшысымен телефон арқылы сөйлесіп, келіссөз үстеліне бірінші шақырылуы Путиннің бәсін арттыра түсті» деп жазып жатыр. Сарапшылардың сөзінше, осы уақытқа дейін батыс әскери қылмыскер санап келген Ресей басшысы өзінің маңызды әлемдік көшбасшы екенін сезіндіре бастаған.
CNN «Қауіпті жарықшақ Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтатуға асыққан сайын тереңдей түсті» деп жазады. Бірақ АҚШ президенті өзінің Нобель сыйлығына лайық екенін көрсету үшін ерте саяси жеңіске жетуге ұмтылып жатыр. Алайда бұл соғыстың Украина және Еуропа қауіпсіздігі үшін өмірлік маңызы бар болғандықтан, әділетті шешімге қол жеткізу оңай болмауы мүмкін екені де айтылады. Бұл шиеленіс әсіресе Трамптың Киев пен Еуропа елдерінің өкілдерін сейсенбі күні Сауд Арабиясында өткен АҚШ-Ресей келіссөздеріне қатыстырмау туралы шешімімен күшейе түсті. Соғысты тоқтату әрекетінің сәтті болуы оның жылдамдығы Украина мемлекетінің өміршеңдігін сақтап қалу, Еуропаның шекаралары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Ресейдің заңсыз басқыншылығын марапаттаудан аулақ болу сияқты маңызды факторларды ескере ала ма, соған байланысты болмақ. Трамп бұл үш мақсаттың бірде-біріне айтарлықтай мән бермейтіндей көрінеді. Бұл – оның стратегиясын қауіпті ететін басты себептердің бірі. Бірақ сарапшылар әр тараптың өз мүддесі мен ықпалы барын, сондықтан бұл соғысты тоқтату Трамптың сайлауалды науқанында уәде еткендей 24 сағатта жүзеге аса салатын оңай шаруаға айналмауы да әбден мүмкін.
Сондай-ақ CNN келіссөзге қатысты бірқатар шолу жасаған. Бұған сенсек, соғысты тоқтату көбіне Трамптың шынайы мақсаты емес секілді. Ол ең алдымен өзі құрметтейтін әлемдік автократтардың бірі Владимир Путинмен кездесуді көбірек қалайтын секілді. Дегенмен, Трамптың жедел әрекеті мен күші, сондай-ақ Ресей басшысымен тікелей байланысы жағдайды біршама өзгертуі мүмкін. Мәселен, Трамп АҚШ пен Еуропа шенеуніктері бірнеше ай бойы жеке мойындаған шындықты ашық айтуға көшті. Айтуынша, Украина бұл соғысты жеңіп, Ресейден басып алынған барлық аумағын қайтарып ала алмайды. Тіпті ол басқыншылықтың кейбір себептеріне түсіністік танытып, Украинаға қолдау көрсеткен Еуропа одақтастарын айыптады. Ал АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет бұл соғыстан кейін Еуропаның өзі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс екенін мәлімдеді.
«Бүгінгі АҚШ-Ресей келіссөздерінен Украинаның ғана емес, Еуропаның да шеттетілуі «Украинаның кейінгі келіссөздерге басқа біреудің, негізінен Ресейдің ережелерімен баруына тура келетінін білдіреді. Демек, олар келіссөз үстеліне отырмай жатып-ақ, нәтиже алдын ала анықталып қойған»,- дейді сарапшы Мэттью Шмидт.
Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы, Нью-Хейвен университетінің қауымдастырылған профессоры Шмидт бұл келіссөздер НАТО мен Ресейдің екеуі де қабылдай алатын ықтимал бітімгершілік күштерінің қандай болатыны туралы сұрақты туындататынын атап өтті.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бұрынғы өкілі Майкл Боцюркив Украина қазір «өте аз ықпалға» ие екенін және АҚШ-қа «соғыс алаңында қолданылатын маңызды барлау мәліметтері» үшін тәуелді екенін айтты. Оның сөзінше, президент Дональд Трамптың әкімшілігі Украинада орналасқан сирек кездесетін жер металдарының қоры үшін «аса жоғары талаптар» қойып отыр, олардың құны миллиардтаған доллар болуы мүмкін.
Осал тұсын іздеуге көшті
Ақпарат беттерінде Трамптың ең соңғы даулы әрекеттерінің бірі – Украинадағы сирек кездесетін жер металдарының жартысын талап етуі» деп жаза бастады. Ол бұл арқылы басқыншылыққа ұшыраған мемлекеттің осалдығын пайдалануға тырысты делінген. Сарапшылар да Трамп геосаяси дағдарыстарды жылжымайтын мүлік келісімдері ретінде көреді, сондықтан ол Путинге басып алған жерлерін сақтап қалуға мүмкіндік беретін келісімге оңай келісуі мүмкін екенін айтып жатыр. Путин де Трампты өз мақсатына пайдаланып жатқан болуы мүмкін. Мысалы Ресей президенті Сауд Арабиясындағы келіссөздер алдында бірнеше америкалық тұтқынды босатып, Трампқа саяси «жеңістер» де сыйлауы ғажап емес.
Сонымен қатар әлемдік БАҚ беттерінде «Трамп саяси атақ іздеп жүргенде Зеленский елінің тәуелсіздігі үшін күресіп жатыр» деп жазды. Бұған салсақ, Трамптың Ресеймен келіссөзді Украинасыз бастауы Путинмен жасалған жылдам келісімді Киевке мәжбүрлеуі мүмкін деген қауіп туғызады.
Өткен аптада Зеленский Мюнхен қауіпсіздік конференциясында «біздің қатысуымызсыз жасалған ешқандай келісімді қабылдамаймыз» деп мәлімдеді. Бірақ егер Трамп Украинаға әскери қолдауды тоқтатса, Зеленский соғысты жалғастыру немесе Еуропаға ғана сүйену туралы қиын шешім қабылдауға мәжбүр болатынын хабарлады. Трамп та Украинаға деген адалдығын көрсете қойған жоқ. Өткен аптада ол «НАТО-ға мүше болуға ұмтылу Ресейдің Украинаға басып кіруіне себеп болды» деп мәлімдеді. Ал бұл сөз Трамптың емес, Путиннің айтқанына көбірек келетіні айтылып жатыр. CNN-нің жазуынша, Ресей бұл жағдайды да өз пайдасына жаратуға асық. Трамп жексенбі күні Путинмен ұзақ сөйлескеннен кейін Ресей президентінің соғысты тоқтатқысы келетініне сенімді екенін айтты. Бірақ Путиннің соғысты жалғастыруға стратегиялық себептері бар. Мысалы, АҚШ пен Еуропа санкцияларының жойылуы Ресей экономикасына үлкен жеңілдік болар еді. Ал Трамп қазірдің өзінде Путинді G8 құрамына қайтаруды талап етіп отыр.
Көптеген сарапшылардың пікірінше, соғысты тоқтатудың кез келген сценарийі Украина мен Ресей арасында қатаң шекара белгілеуді қарастырады. Бұл Германияның өткен ғасырдағы Батыс және Шығыс Германия болып бөлінуіне ұқсас жағдай туғызуы мүмкін. Мысалы, осыдан 87 жыл бұрын Британия, Франция, Италия басшылары Германия Чехославакияның бір бөлігін басып алуға құқылы деп Мюнхен келісімін жасаған. Алайда дәл қазіргідей Мюнхендегі келіссөзге Чехославакия басшысын шақырмаған. Сөйтіп Германияның Еуропадағы оккупациясы басталып кетеді. Дәл осындай жағдай 1939 жылы «Молотов-Риббентроп» құжатына сәйкес КСРО мен Германия Польшаны өзара бөліп алуды ұйғарған екен. Сол жылы Германия «Польшада тұратын немістердің құқығы бұзылып жатыр» деген желеумен өзге елге басып кіреді.
Еуропа да енжар отырған жоқ
Екі елдің арасындағы қақтығыс өзгелердің де қорғанысын мығымдауға әрекет жасай бастады. Әсіресе Еуропа өз тағдырын өзі шешуге тырысып жатыр. Дүйсенбі күні Парижде шұғыл жиналыс өткізген Еуропа басшылары Трамптың оларды шеттеткеніне қалай жауап беру керектігін талқылап тастады.
Британ премьер-министрі Ұлыбританияның премьер-министрі Кейр Стармер Украинада бейбітшілік күштеріне қатысуға дайын екенін білдірді. Стармер де Вашингтонға барып, Трамппен келіссөз жүргізуді жоспарлап отыр. Бірақ Трамптың дәл қазір Еуропа пікіріне құлақ асуға аса құлқы жоқ секілді.
Кэйр Стармер Еуропа көшбасшыларымен Париждегі кездесуде Украинаға қатысты бейбіт келісімге келу үшін АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдігі қажет екенін айтты. Ол Ұлыбританияның Украинаға әскер жіберу мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеді, бірақ бұл көпұлттық күштердің құрамында ғана жүзеге асуы мүмкін екенін атап өтті. Еуропа көшбасшылары АҚШ-тың Ресеймен бейбіт келіссөздерді жеке жүргізуіне алаңдаушылық білдірді. Украина президенті Владимир Зеленский бұл келіссөздерге қатыспағандықтан, оның нәтижесін мойындамайтынын құлағдар қылды.
Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей келіссөзге кіріскенде Еуропа одағының бірқатар елі мен институты жетекшілері, сондай-ақ НАТО-ның бас хатшысы да Парижде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтататынын, соның ішінде Украинаға қауіпсіздік кепілін беретін бейбіт келісімге Еуропа елдерінің қатысу мүмкіндігі жайын талқылады. Париждегі кездесуді Франция президенті Эммануэль Макронның бастамасымен ұйымдастырылған. Париждегі кездесу бірнеше сағатқа созылғанымен, әзірге талқылаудан кейін қабылданған шешім көпшілікке жарияланбады. Дегенмен Еуропа жетекшілерінің барлығы бірауыздан Украинаны Ресей агрессиясына тойтарыс беруде қолдауды жалғастыру керек деп мәлімдегені айтылады.
Германия канцлері Олаф Шольц АҚШ пен Еуроодақ, НАТО-ның барлық елі секілді Украина үшін қауіпсіздік пен кепіл мәселесіндегі жүкті жұмыла көтеру керек екенін жеткізді. Сонымен бірге ол Украинадағы бітімгерлік миссиясы мен оған Германияның қатысуы туралы айту әлі ерте екенін айтқан. Шольцтың сөзінше, Украинадағы соғыс әлі аяқталған жоқ және бітімгерлер жіберу туралы қазір әңгіме де болмаған. Тек Украинаның Еуроодаққа қосылу жолын жалғастыруы мен егемендігі мен демократиясын қорғауына, мықты армияға ие болуға мүмкіндік беру жайы ғана талқыланған. Кездесуден кейін Польшаның премьер-министрі Дональд Туск АҚШ пен Еуроодақтың бірлігі қажет екенін жеткізген. Бірақ ол да Украинаның тағдыры туралы шешімге Украина тарабы да қатысу керек деген ұстанымды қолдайтынын мәлім еткен. Дания премьер-министрі болса Ресей Еуропаның басқа елдеріне де қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып өткен.
Корольдіктің көксегені не?
Айтпақшы сарапшылар Сауд Арабиясының да өз көздегені барын жарыса жариялап жатыр. АҚШ пен Ресей шенеуніктерін қабылдап, жаһандық медиатор болуға ұмтылып жатқан бұл елдің де алдағы жоспарында жетістікке жетудің жолын іздестіріп отыр. Яғни Сауд Арабиясының жоғары дәрежелі АҚШ және Ресей шенеуніктерін қабылдауы бұл елдің халықаралық қақтығыстарды сәтті реттеуге қабілетті жаһандық ойыншы болуға деген ұмтылысын көрсетеді. Тағы бір ықтимал мақсат – соғыстан кейінгі Газаның тағдыры туралы болашақ келіссөздерде Эр-Риядтың ықпалын күшейтуге себеп болмақ.
Сейсенбі күні АҚШ пен Ресей арасындағы кездесу барысында корольдік тек келіссөздерді өткізу орны ретінде қалмай, медиатор рөлін атқаруды жоспарлап отыр, деп мәлімдеді Сауд Арабиясының ресми өкілі CNN-ге. Келіссөздерге Сауд Арабиясының ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі жетекшілік етеді. Кремль өкілі Дмитрий Песков «АҚШ пен Ресейге жалпы алғанда ыңғайлы» деп сипаттаған бұл келіссөздердің орны Сауд Арабиясының 39 жастағы де-факто көшбасшысы, тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман үшін үлкен жетістік болып саналады. Ол өзінің мұнайға бай елін фундаменталистік исламдық өткенінен алыстатып, байлығын жұмсақ күшке айналдыруға тырысып баққанын көрсетіп отыр.
Жалпы алғанда келіссөз үстелінің бұл елде ұйымдастырылуы тегін емес. Жалпы Сауд Арабиясы халықаралық бокс жарыстары мен электронды музыка фестивальдерін өткізіп қана қоймай, өзін жаһандық бітімгер ретінде көрсеткісі келеді. Ол гуманитарлық көмек жөніндегі донорлық кездесулер мен бейбітшілік конференцияларын ұйымдастырып келеді. 2023 жылдың тамызында Эр-Рияд Украинадағы екі күндік бейбітшілік саммитін өткізген. Мұхаммед бен Салманның осындай халықаралық келіссөздердегі ықпалы оның АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамппен тығыз байланысына байланысты артты. Трамп 2018 жылы саудиялық агенттер тарапынан журналист Джамал Хашоггидің өлтірілуінен кейін халықаралық деңгейде сынға ұшыраған ханзадаға қолдау көрсеткен еді. 2017 жылы Трамп өзінің алғашқы халықаралық сапарын дәстүрден тыс түрде Сауд Арабиясына жасады. 2020 жылғы сайлауда жеңілгеннен кейін де Сауд Арабиясы Трамппен іскерлік қарым-қатынасты жалғастырды. Корольдік Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер басқаратын компанияға 2 миллиард доллар инвестиция салып, елде Trump Towers ғимараттарын салу жоспарын жариялады. Сонымен қатар, Мұхаммед бен Салман Ресей президенті Владимир Путинмен де жылы қарым-қатынаста. Путин Хашогги ісінен кейін ханзаданы оқшаулаудан бас тартты. Сауд Арабиясы Украинаға қарсы соғыс басталғаннан кейін де Ресейден алыстамай, Мәскеумен жаһандық мұнай нарығын реттеуде тығыз ынтымақтастық орнатты. 2022 жылы Эр-Рияд АҚШ-тың мұнай өндірісін арттыру туралы өтінішін қабылдамай, Ресейдің мүддесіне сай әрекет етті. 2023 жылы Путин Сауд Арабиясына ресми сапармен келіп, Эр-Риядты АҚШ-тың экономикалық ықпалына қарсы тұруды көздейтін BRICS-ке қосылуға шақырды.
Сондықтан сарапшылар Сауд Арабиясы АҚШ пен Ресей арасындағы медиатор рөлін пайдаланып, Трамптың Газаны бақылауға алып, оның тұрғындарын басқа жаққа көшіру туралы ұсынысына ықпал етуді көздеуі мүмкін екенін айтып жатыр. Айдың басында Трамп Таяу Шығыста бейбітшілік орнату үшін Газа секторын «Ривьера» үлгісіндегі сәнді аудандарға айналдыруды және оның 2 миллионнан астам тұрғынын тұрақты түрде көшіруді ұсынды. Араб елдері бұл идеяны тез арада жоққа шығарды. Осы апта соңында Сауд Арабиясында бұл мәселеге балама ұсыныстар талқыланып, кейін Трампқа ұсынылады. Сарапшылардың пікірінше, Сауд Арабиясы Украина соғысын тоқтатуға көмектесу арқылы Вашингтонның қолдауына ие болуға тырысады. Бұл арада ханзада Мұхаммед бен Салман Трамппен жақсы қарым-қатынасты сақтауға мүдделі. Трамп Сауд Арабиясы мен Израиль арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруді қалайды. Алайда Газадағы қақтығыстарға байланысты Таяу Шығыста Израильге қарсы көңіл-күй күшейіп жатқан шақта палестиналық мемлекеттілікті қорғау Мұхаммед бен Салман үшін саяси тұрғыдан маңызды болып отыр. «Палестина халқы халықаралық қарарларға сәйкес өздерінің заңды құқықтарын алмайынша, ұзақ мерзімді және әділ бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес, және бұл бұрынғы да, қазіргі де АҚШ әкімшіліктеріне түсіндірілді» делінген еді Сауд Арабиясының осы айда жариялаған мәлімдемесінде.
Еуропадағы қарбалас, алпауыт елдердің арасындағы қазіргі жанталас «күштінің арты диірмен тартатынын» тағы бір көрсетіп жатқандай. Дәл қазір әліптің артын баққан елдердің арасындағы бұл «ойыннан» кімнің асығы алшысынан түсерін дөп басып айту да қиын болып тұр.
Cурет: AP Photo / Evelyn Hockstein