АҚШ Шекара-кеден қызметінің 26 тамыздағы шешіміне байланысты АҚШ-тағы мекенжайға бағытталған сәлемдемелерді қабылдау және жеткізу уақытша тоқтатылады. Бұл жөнінде «Қазпошта» АҚ хабарлады.
Ал хаттар мен құжаттарды жіберу қалыпты түрде жалғасады.
Белгілі болғаны, шектеуді америкалық тарап енгізді. Әрі бұл шектеу көптеген елден келетін халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қолданылады. Қазіргі кезде Дүниежүзілік пошта одағына мүше 192 мемлекеттің тек бесеуі ғана АҚШ-қа тауары бар сәлемдеме жібере алады.
– «Қазпошта» АҚ серіктестермен тұрақты байланыста және қызметті жылдам қалпына келтіру үшін белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, депутаттар банктер «Қазпоштаға» қосымша ақы төлеуі тиіс екенін айтқан еді. «Қазпошта» АҚ ауыл тұрғындарына зейнетақы мен жалақы жеткізу қызметіне жыл сайын 10 миллиард теңге жұмсайды.
«Qazpost» тұтынушылары шетел маркетплейстерінен оңай тапсырыс бере алады. «Qazpost» сервисі тұтынушыларға Amazon, AliExpress және басқа да жетекші әлемдік платформаларда халықаралық сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Фото: qazpost.kz

