Шымкенттен Мырзашөл өңіріне таң атпай жолға шығып, сағат 11-лер шамасында Мақтааралға жеттік. Күре жолдың бойы мақта алқабы. Қарашаның қара суығында бірінші терімнен кейін қалып қойған ақ алтын көліктің терезесінен сыртқа қарап отырған назарымызды аударып, ағараңдайды.
Ешқайда тоқтамай, өңірдің озат мақта өсірушісі, Өргебас ауылында тұратын Бердімұрат Шоғайдың үйіне бардық. Аудан орталығы Мырзакенттен 8 шақырым жердегі ауыл адамдарының күнкөрісі де, табыс көзі де – егін шаруашылығы. Көбі мақта мен қауын-қарбыз егеді.
«Жазда бір рет қана суарғанға көндігіп отырмыз»
Бердімұрат Шоғайдың ата-бабасы өткен ғасырдың 20-жылдарында осында Ақтөбе облысынан көшіп келіп, қоныстанған. «Достық» каналын қазған кезде басы-қасында жүріп, мақта еге бастаған. Содан бері ата кәсіп ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Ол бүгінде иелігіндегі 33 гектар жердің 28 гектарына мақта, қалған аумағына қауын-қарбыз өсіреді.
«Бала кезден осы ауылда, мақтаның ішінде өстім. Ол кездері су тапшы емес еді…» – дейді Бердімұрат.
Ал соңғы жылдары су тапшылығы қатты байқалып, дихандардың мақта өсіруі қиындаған.
«Әсіресе, шілде айында Өзбекстанда дихандар егістігін жаппай суарады. Сондай кезде қиналып қаламыз. Егер күннің аптап ыстығында су болмай қалса, мақта салып тұрған шанағын тастап жібереді. Бұрындары мақтаны жазда екі-үш мәрте суаратынбыз. Ал қазір бір рет суарудан аса алмай отырмыз», – деді мақташы.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері ауыл жұртшылығына тұт ағашын отырғызуға кеңес беріп, жібек өндірумен айналысса, мемлекеттен қолдау болатынын да айтқан. Бірақ көзін тырнап ашқалы мақта өсіріп келе жатқан олар тұт бауын, не басқа дақыл егуге қорқады. “Өнімі қалай болады” алаңдайды.
Ал су үнемдеудің бір амалы – тамшылатып суару әдісі сай жерде орналасқан Өргебас ауылының мақташыларына жарай бермейтінін айтады.
«Бізде тамшылатып суару жайлы жиі айтады. Бірақ тамшылатып суару қыр жерге қолайлы, сай жерге дұрыс келмейді. Біздің ауыл шұңқыр, ойық жерде орналасқан. Сай жердегі егістікті тамшылатып суарған соң, тез тұз жиналады. Сорды шайып отырмасақ, қара сорға айналып кетеді. Ал қыр жерде тұзды сайға айдайды да тұз онша жиналмайды. Менің жерім сайда болған соң да тамшылатып суаруға көңілім ауып отырған жоқ» – деді Бердімұрат Шоғай.
Ол тамшылатып суаруға өту үшін кемі 200 гектар жер болуы керек деп есептейді. Ал мақташылардың бірінде 3 га, енді бірінде 4 га, тағы бірінде 20 гектардай жер бар.
«Дихандар бірігу керек болады. Қазір бірігудің өзі қиын. Ал мемлекеттен берілген жерге егін екпесек, мемлекетке қайтарып алады. Егін егілмеген жер тұзданып, шөп басып, кейінгі жылдары жарамсыз болып қалатыны тағы бар. Ол жерді қайта жарамды қалыпқа келтіру үшін кемі 3-4 жыл қажет. Сондықтан қандай болса да егін салу керек».
«Ендігі жылы қатырамыз» деген жақсы сөзі бар»
27 жылдан бері мақта егетін Ғалым Түймеханов Мақтааралдың Тәңірберген Жайлыбай ауылында тұрады. Алматыда оқып, әке жолын жалғау үшін ауылға оралған. 80 гектар жерге мақта егетін дихан «соңғы жылдары су тапшылығын сезінбедім» деп отыр.
«Біздің ауылда 4 гектардан бастап 100 гектарға дейін мақта егетін адамдар бар. Бұрын су тапшы болатын. Соңғы бір-екі жылда мақтамызға су жақсы жетті. Егер мақта су сұрамаса, басып суара берудің қажеті жоқ. Қазір әкімдіктің адамдары «тамшылатып суару әдісіне көшіңдер» деп жатыр. Дихандарды жинап, Қытайға апарып, сол жақтың технологиясын таныстырып та келді. Сол әдіс-тәсілді үйренсек, нәтиже жақсы болса, тамшылатып суаруға өтемін деп ойлаймын. Мақта жылда мол өнім бере бермейді не нарықтағы бағасы төмен болып, зауыт та аз сома ұсынады. Сондай кезде дихандардың «ендігі жылы қатырамыз» деген жақсы сөзі бар. Бұған дейін «ендігі жылы қатырамызбен» келе жатырмыз ғой», – деді ол.
«Мақта алқабын қысқартуға келіспеймін»
Мақтааралда су тапшылығына байланысты мақта алқабы 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда 3,5 мың гектарға қысқарған. 2025 жылы ауданда 35 мың гектар жерге мақта егу жоспарланып отыр. Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл ағын су тапшылығына байланысты мақта алқабын қысқартуға келіспейтінін айтты.
«Мақта суды көп талап ететін дақылға жатпайды. Бірақ өзге дақылдар, көкөністермен бірге мақта бір мезетте су ішетін болған соң да су тапшылығы болуы мүмкін. Біз бұл мәселені жүйелі жолға қойып жатырмыз. Маусымнан бастап кестеге сәйкес су алатын болсақ, тамыз айының ортасына дейін жеткізуге болады. Бізге жалпы бір жылдық егін маусымына 453 млн текше метр ағын су көлемінің лимиті бөлінеді. Қысқы сор шаюға 160-170 млн текше метр су жұмсасақ, қалғанын жазғы маусымға алып қоямыз» – деді ол.
Былтыр ауданда тамшылатып суару әдісімен 500 гектар жерге мақта, 900 гектар жерге бақша дақылдары егіліпті.Қарапайым әдіспен суаруға 5-5,5 мың текше метр су жұмсалса, тамшылатып суаруға 3 мың текше метр су кеткен.
«Қысқы сор шаю жүріп жатыр»
Мақтаралдық дихандар қыста да қарап жатпайды. Мұнда желтоқсанның аяғынан бастап, наурыздың басына дейін қысқы сор шаю жұмысы жүреді. Айнала аппақ. Бейне бір көлдің бетіне мұз қатып, сырғанауға болатындай. Бірақ бұл мұз емес. Топырақтан су бетіне шыққан тұз. Жердің сорын су жіберу арқылы жоғары көтеріп, шаяды. Егер қысқы сор шаюды жасамаса, дихандар көктемде егіс еге алмайды.
«Ауданда 46 мың га жердің соры (2025 жылғы қаңтардың ортасындағы дерек — ред.) шайылады. Сор шаю жұмысы міндетті. Егер сор шайылмаса, өнім болмайды, жердің соры бетіне көтеріліп, тұқымның өнуі қиындайды. Себебі сор тұқымды қысып қалады. Қазір шаруалар гектарына 4800 теңгеден сор шаюдың ақшасын төлейді. Ал жазда дақылдың түріне қарай төлемақының бағасы өзгереді. Сор шаюға орташа есеппен бір гектарға 4 мың текше метр су керек», – деді «Қазсушар» мекемесінің Мақтаарал ауданы бойынша бөлімшесінің канал басшысы, инженер-гидротехник Қалмырза Бейсенбаев.
Ол ауданда 39 мың гектар канал бетондалып, су шығыны азайғанын, бұған дейін каналдың аяқ жағындағы егістікке су жеткізу қиын болып келгенін, қазір жеңілдегенін айтады.
Төрткүл ауылының тұрғыны Сексенбай Мыңбосынов 10 жылдан бері мақта егеді. Кетпен-күрегін алып, егістік басында жүр екен.
«Жылда 100 гектар жерге мақта егемін. Өз жерім аз болған соң көбін жалға аламын. Өнім жиналып біткеннен кейін жерді қопсытасың, тегістейсің, осылай қыста суарып, сор шайып болған соң суын қашырасың. Мұның бәрі – еңбек. Қазір біздің ауылда сор шаю аяқталуға аз қалды» – деді ол.
«Тамшылатып суару технологиясына көшу керек»
Мақтааралда «Қазақ мақта шаруашылығы» ғылыми зерттеу институты бар. Институт ғалымдары көп жылдан бері су жетіспеушілігіне төзімді мақта сортын шығару жолында ізденіп келеді.
«Қазақ мақта шаруашылығы» ҒЗИ-дің Тұқымдарды сұрыптау бөлімінің меңгерушісі, PhD Сабир Махмаджановтың айтуынша, дихандар «Мақтаарал 40-10» және «Мақтаарал 50-27» сортты мақтаны көп егіп жатыр. Суға шыдамды, тұзға төзімді сорт екен. Су аз болса 30-35 центнерге дейін, су жақсы болса 50 центнерге дейін өнім беретін көрінеді.
«Біздің мақсатымыз – суға төзімді сорт шығару. «Мақтаарал 50-27» сортын тәжірибеден өткізіп көрдік. Қыркүйекке дейін оның шанақтары түспеді, мол өнім берді. Суды да аса талап етпеді. ГСИ-ге 2018 жылы бердік, 2021 жылы патент алдық. Мұның сапасы 4-типке жақындайтын жақсы сорт. Шаруалар да алғысын айтып жатыр» – деді ғалым Сабир Махмаджанов.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, топырақты милерациялау және технологияларды бейімдеу бөлімінің меңгерушісі, ғалым Асанбай Тағаевтың айтуынша, әр 10 гектар немесе 100 гектарда мақтаның үлес салмағы 60 пайыздай болуы, басқасы ауыспалы егістіктегі бұршақ тұқымдасқа жатуы қажет. Сонда ғана мақта өнімі жоғары болады екен.
«Су тапшылығы жағдайында мақтаны сақтап қалу, өнімін көтеру үшін тамшылатып суару технологиясына көшу керек. Сонда тыңайтқыш та, су да 50 пайызға үнемделеді. Және өнім көлемі артады. Мақтадан өнім алу, құнарын көтеру, шаруаның табысын арттыру бағыты бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Жерді лазерлік тегістеу де суды 30-дан 50 пайызға дейін үнемдейді, тегіс жерде тыңайтқыш бірден беріледі. Өскіндер бірден өседі. Мысалы бір гектар жерді суаруға дихандар бұрын 5-6 пал алатын болса, тегістеген жерде 2-3 гектар жерге бір пал алады
“Мақта суды көп талап етеді” деп айтады. Бұл – қате пікір. Менің осы институтта жұмыс істегеніме 40 жылдай болды. Мақтаға судың көп керек емес екенін дәлелдеп айтып келе жатырмын. Мысалы, күріш гектарына 30-35 мың текше метр су алады. Ал мақтаның жылдық мөлшері 3-3,5 мың текше метр. Жаздық суда 1000 текше метр болса, қыстық суда 2500-3000 текше метр болады. Қазір оңтүстікте топырақ шаршаған. Фосфорлық тыңайтқыш өте аз беріледі. Ал органикалық тыңайтқыш мүлдем берілмейді», – деді Асанбай Тағаев.
Мақтааралда мақта музейі бар. Кезінде жиі егіліп, су тапшылығына байланысты егілмей кеткен мақта сорттары да сақталған.
«Мақта шаруашылығы тарихы» музейінің экскурсия жетекшісі Рая Бабашованың айтуынша, өңірде мақта егу 1913 жылдан басталған.
«Алғашында қол еңбек болды, кейін техникалар келген соң, оның көмегімен мақта егіп келеміз. Музей 1944 жылы ашылған. Бұл — сол кезде мақтаны қалай өсірді, қалай жетілдіргені жайлы халыққа ақпарат беру үшін ашылған музей», – деді.
Мақта өсіру – Мақтаарал жұртының 1 ғасырдан астам уақыт бері айналысып келе жатқан байырғы кәсібі. Жер асты суларының деңгейінің көтерілуі, мақта шикізатын қабылдайтын зауыттардың төмен баға белгілеуі, су тапшылығы, дихандарды жыл сайын алаңдатады, уайымға салады. Олар болашақ ұрпақ мақта шаруашылығының болғанын – музейден ғана көріп-білетін тарихи кәсіпке айналмаса екен деп тілейді.
BeinePRO шығармашылық тобы