Қазіргі уақытта Қазақстанда 14 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) жұмыс істейді, олардың әрқайсысы белгілі бір салалық бағытқа ие. Яғни, бұл аймақтар қызмет түрлері мен аумақтық ауқымы бойынша бір-бірінен ерекшеленеді. Көптеген дамушы елдер арнайы экономикалық аймақтар құрудағы мақсаты – жоғары өнімді және бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, өңірлік экономика саласында жаңа технологияларды енгізу, халықты жұмыспен қамту, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту.
Қазақстанда 14 арнайы экономикалық аймақ аумағында («Алатау» АЭА-ны қоспағанда) жалпы құны 2,3 трлн теңгені құрайтын 317 жоба жүзеге асырылып, 24 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. АЭА-ларға 2,7 трлн теңге инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстарына 4,1 трлн теңге жұмсалды. Жалпы өндіріс көлемі 7 трлн теңгеден асты. АЭА аумағында 136 түрлі өнім өндіріледі, оның ішінде индустрияландыру бағдарламасының нәтижесінде 30-дан астам жаңа өнім түрі пайда болды. Олардың қатарында тікұшақтар, мылтықтарға арналған оптикалық көздеуіштер, түнгі көру құрылғылары, бронетранспортерлер, локомотивтер, электровоздар, жолаушылар вагондары, премиум санатындағы құбырлар, мақта целлюлозасы, полипропилен жіптері және басқа да өнімдер бар. Сонымен қатар, 50-ден астам бірегей IT-шешімдер мен қызметтер ұсынылады. Экспорт көлемі 480 млрд теңгені құрап, АЭА аумағында жүзеге асырылған жобалардан бюджетке 353 млрд теңге кіріс түсті.
Жоғары аудиторлық палата деректерінің талдауына сәйкес, Қазақстандағы өндірілетін өнімнің негізгі үлесін қамтамасыз ететін төрт арнайы экономикалық аймақ қана («Астана – жаңа қала» АЭА, «ПИТ», «Оңтүстік» АЭА және «Ақтау теңіз порты» АЭА) табысты деп тануға болады. Ал қалған АЭА мен индустриялық аймақтардың көпшілігі базалық инфрақұрылымның жеткіліксіздігі мен басқа да мәселелерге байланысты белгіленген мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізе алмай отыр. Нәтижесінде, отандық АЭА инфрақұрылымының орташа аяқталу деңгейі 70%-дан асады.
АЭА-ның қазіргі толымдылығы небәрі 40%-ды құрайды, бұл көрсеткіш қызметтің басым бағыттары бойынша шектеулердің әсерінен қалыптасқан. Бүгінде тек «Астана – жаңа қала» және «Павлодар» АЭА өз аумақтарын 90%-дан астам толықтырған.
Өнеркәсіптік жобаларға жоғары квазимемлекеттік сектордың қатысу үлесі айтарлықтай жоғары болып отыр. Атап айтқанда, квазимемлекеттік компаниялар барлық АЭА өнеркәсіптік жобаларына 807,2 млрд теңге инвестиция салып, бұл АЭА аясындағы жалпы өнеркәсіптік инвестициялардың 65,2%-ын құрады.
Болашақ жобалар
Атырау облысында орналасқан «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аумағында газ-химия кешенін құру жұмыстары жүргізілуде. Жоба екі кезеңнен тұрады: бірінші кезең – 2022 жылы іске қосылған полипропилен өндірісі, оның жылдық өндірістік қуаты 500 мың тоннаға жетеді. Екінші кезең – құны 3,6 трлн теңге болатын полиэтилен өндірісі, оның жылдық қуаты 1 миллион тоннадан асады.
«Павлодар» АЭА аумағында құрамында алтыны бар жоғары көміртекті сульфидті концентраттарды қайта өңдеуге арналған «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» ЖШС жобасын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 300 мың тоннаны құрайды.
Өңдеу өнеркәсібінен бөлек, АЭА-ларда туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан әлемде аумағы бойынша тоғызыншы орын алатын мемлекет болғандықтан, бұл сала ел үшін маңызды бағыттардың бірі саналады.
«Ақтау теңіз порты» АЭА және «Turkistan» АЭА аумағында бес жұлдызды қонақ үй кешендері салынды. «Ақтау теңіз портында» жағалау аймағының жоспарлы құрылысы жүргізіліп, көпфункционалды қонақ үй-туристік кешенінің құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ, мұнда таун-орталықтың сауда қатарлары, ойын-сауық саябағы, гольф клубы және виллалары бар гольф-қонақ үйі бой көтеруде.