Тәуелсіз Қазақстан тарихында жазғы олимпиада ойындарында қазақтың қоржынына алғашқы алтын жүлдені салған Юрий Мельниченко легионер болғанын осы күні көп ешкім білмейтін шығар. Күрес әліппесін қырғыз елінде ашқан Юрий Васильевич олимпиададан кейінгі тағдырын қазақ елімен байланыстырды. SARAPSHY.INFO тілшісі Қазақстан спортына легионер тарту тәжірибесі қаншалықты нәтижелі болғанын шолу жасайды.
Малы аралас, қойы қоралас жататын қырғыз бен қазақ өзара палуан алмастырып, мидай араласып жатса, одан екі елдің спорты ұтпаса, ұтылмайды ғой. Қырғыз тарихындағы дзюдо күресіндегі алғашқы олимпиада жүлдесін қазақ палуаны Айдын Смағұловтың жеңіп алғаны да тарих парағына жазылып қалды. Қалай десек те, қырғыз келіп қазаққа, қазақ барып қырғызға жүлде алып беріп жатса, бұл – екі елге мерей, екі елге де абырой. Ал алты қырдан асырып алып келіп, алақанымызға салып жүрген легионерлеріміз өздеріне жұмсалған ақшаны ақтамай, елдің сенімінен шықпаса, қайтеміз?
Былтырғы олимпиадада жарыс басталмай жатып тамағы ауырып, енді кортқа шығады-ау деп отырғанымызда тізесі сырқырап, жарыстан шығып қалған спортшыларымызға не дейміз? Жалпы легионер алдырту қазақ спортында қашан пайда болды? Алғашқы легионерлеріміз кімдер? Қазір осы үрдісті тоқтатсақ, спортымыз ақсап қалмай ма? Осы кезге дейін олимпиада ойындарында қазақ туы астында қанша легионер спортшы өнер көрсетті? Оның нешеуі жүлде алды? Келімсек боп келіп, тағдырын Қазақстанмен біржола байланыстырғаны бар ма? Медаль алып берген соң ізім-қайым болғандар қайда? Осы сауалдардың жауабын іздеп көрдік.
Алғашқы лек
Ұлттық құрама сапына сырттан спортшы алдыртып, оны үлкен додаға салу дәстүрі бұрыннан бар. Ал біздің ел атынан жарысқа шыққан тәуелсіз Қазақстан легионерлерін қалың бұқара алғаш рет 2004 жылғы олимпиадада байқады. Грекияда өткен төртжылдықтың басты додасында сегіз жүлденің үшеуін легионерлер алып берді.
Олар – грек-рим күресінде сынға түскен Мхитяр Манукян мен Георгий Цурцумия және еркін күрес шебері Геннадий Лалиев. Осылайша алтын шыққан жерді белден қаз деді ме, әлде елімізде, расымен де, мықты спортшы болмады ма, әлде олимпиадада қалай да жетістікке жетуіміз керек болды ма, әйтеуір легионерлерді қаптаттық.
Бұған дейін легионерлердің нобайы күрес түрлерінен сынға түссе, Бейжіңде қазақтың көк төлқұжаты ауыр атлеттерге үлестірілді. Іргеде өткен олимпиада басталысымен жаңа отандастар бірінен соң бірі медаль ала бастады. Мария Гробовецкая мен Алла Важенина жүлде салды. Кейін Марияның қола жүлдесін ХОК тартып алды. Ал Важенинаның бәсі төмен жүлдесі алтынға айналды. Өйткені оның қарсыластары рұқсат етілмеген дәрі-дәрмек пайдаланған.
Одан бөлек Жайықты жайлай қонған Тайпақ топырағында тудым деп Таймураз Тигиев есімді палуан шықты. Ол да легионер. Олимпиадада күміс иеленгенімен, оның да жүлдесін ХОК кері қайтарды. Елена Шалыгина және Марид Муталимов сияқты палуандар да қазақты медаль алып қуантты. Осы олимпиада ойындарында қазақ елін алтын алып қуантқан боксшы Бақыт Сәрсекбаев та бокс әліппесін өзбек елінде ашқаны бар еді.
Легионердің көбі футболда
Шынтуайтында осы кезге дейін елге келген легионер легі еш тоқтаған емес. Бұл – әлемдік практикада бар тәжірбе. Әсіресе футбол клубтарында легионерлер көп. Тіпті Португалия, Испания сияқты әлемдік футбол алпауыттары саналатын құрамалар да өз туы астында өнер көрсетуге шеттен ойыншы алдырғанын білеміз. Бір кездері түбі бразилиялық Деку (толық аты Андерсон Луис де Соуза) атты футболшы Португалия құрамасы сапында доп тепті, Диего Коста атты Бразилия тумасы Испания құрамасында атой салды. Бірақ бұл екеуінің біздің елге келген легионерлердің нобайынан айырмашылығы сол – Деку да, Диего да спорттық азаматтығын ауыстыру шешімін өздері қабылдады. Яғни жүрек қалауымен таңдау жасады. Ал Қазақстанға келгендердің нобайы қомақты гонорар үшін жүрді. Бір кездері футболдан ұлттық құрама сапында Ненад Эрич, Андрей Сидельников, Виктор Дмитренко, Валерий Коробкин, Алексей Попов, Олег Мусин, Михаил Рожков, Казбек Гитерев сынды футболшылар ойнады. Солардың ешқайсы елде тұрақтап қалмады. Қазірдің өзінде Дмитрий Непогодов, Сергей Малый сынды футболшылар бар. Қазақ паспортын қажет емес деп санайтын Александр Меркель, Георгий Жуков сияқты жас футболшылар да бірнеше мәрте шақыртылды. Күні кеше ұлттық құрама бас бапкерінің міндетін атқарушы болып тағайындалған Әли Әлиев Жуковты құрамаға шақырту жайындағы ойын айтып қалды.
Бұл жерде негізінен сырттан алдырып, футболдағы нәтижемізді жоғарылату мақсатында елге шақырылған футболшылар төңірегінде айтылды. Одан бөлек ел чемпионатында ойнап жүрген легионерлер жетерлік. Былтыр бірінші лигада тек қазақстандық ойыншылар ойнау міндеттелді, ал премьер лига клубтарына легионер тіркеуге шектеу қойылмады. Соның арқасында кей клубтар құрамында 10 сырттан келген футболшы ойнап жатты. Жалпы былтыр футболдан өткен ел чемпионатында 109 шетелдік футболшы ойнаған. Былтыр біздің елде доп тепкен сол 109 шетелдік ойыншының 34-і ғана өз елінің ұлттық құрамасына шақырту алған. Атап айтқанда, Беларусь, Израиль, Өзбекстан, Украина, Румыния, Литва, Болгария, Хорватия, Латвия секілді өз құрамамызбен деңгейлес ел футболшылары өз елінің намысын қорғауға мүмкіндік алған. Сондықтан елде доп теуіп жүрген шетелдік футболшылардың барлығы арамтамақ деуге тағы болмайды. Десе де ел бюджетінен бөлінген қомақты ақшаны жалақы етіп алып отырған футболшыларға халықтың реніш айтуы орынды секілді.
Футболға легионер шақыртпауға амал бар ма?
Ел клубтары сырттан футболшыны мәжбүрліктен алырып отыр. Футбол орталықтарында мыңдаған бала аяқдоппен айналысқанымен, оның барлығы кәсіби ойыншы болмайтыны бесенеден белгілі. Жастардың футболдағы ғұмырын ұзарту мақсатында федерация түрлі заңдар қабылдауда. Соның бірі – әр команда сапында 21 жасқа дейінгі ойыншы болуы керек деген ереже. Соның арқасында біраз жас ойыншы тәжірибе жинауға мүмкіндік алды. Бір кездері ұлттық құрама сапында ойнаған Сергей Хижниченко, Ұлан Қонысбаев, Жамбыл Көкеев, бір сөзбен айтқанда, 1987 жылдан 2000 жылдар аралығында туған біраз ойыншы жас футболшыларды демеуге арналған, ел ішінде «лимит заңы» аталып кеткен ереженің арқасында алаңда жүрді. Бұл ереженің де екі ұшы бар болып шықты. Кей ойыншылар құрамдағы орыны үшін бар күш-қайратын жұмсаса, енді біреулері ойнасам да, ойнамасам да, мені бапкер алаңға шығаруға міндетті болады деген оймен футбол ережесіне, өзін жаттықтыруға салғырт қарады. Сондықтан кей позициялар бойынша легионер алуға мәжбүрміз. Одан бөлек алдына чемпион болуды мақсат еткен ірі клубтар жеңіске жетудің кез-келген жолын таңдайды. Оған Еурокубок матчтарына абыройлы өнер көрсету туралы міндет қойылады. Сол себепті сырттан ойыншы іздейміз.
Тағы бір себеп – білікті футболшының жетіспеушілігі. Футбол орталықтарынан түлеп шыққан жастардың бәрі дерлік кәсіби жолға түспейтінін айттық. Ал қалғандары қазақ елінің клубтарына ыдырап кетеді. Мықтыларын ірі де бай клубтар іріктеп алады. Шеберлігі пәс футболшылар бірінші, екінші лиганың және премьер-лиганың ортанқол және кесте соңындағы командаларының сапын толықтырады.
Осы сауалды «Бәйтерек» футзал клубының ойыншысы Ақеділ Маджияровқа қойған кезде ол елде шеберлігі мығым футболшылардың аздығы легионерлердің көптеп келуіне себеп болатынын айтты.
- Жасыратын несі бар? Жас футболшылардың барлығы Месси болып тумайды. Роналду секілді күні-түні өзін дамытып жүруге де екінің бірі дайын емес. Талантты футболшылар шығып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ олардың бәрі ел клубтарын нығайта бермейді. Сол себепті сырттан ойыншы алдыртудың өзіндік себебі бар, – деді Ақеділ Мадияров.
Допинг дауы
Өзіміздің атлеттер алтын алмаса, сырттан келгендерге сенім артамыз деді ме, қалай болғанда да ауыр атлеттер 2012 жылғы Лондондағы олимпиада ойындарына мықты дайындықпен барды. Ойындардың екінші күнінен бастап қоржынды ең жоғары дәрежедегі медальмен толтырған Алексей Ни шәкірттері қалың қазақтың қошеметіне ие болды.
Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова есімді қыздар алтыннан алқа тақты. Бірақ 2016 жылы үш алтын жүлдені ХОК-қа тапсырдық. Мұндай масқара бұған дейін болған емес еді. Лондонда қазақ легионерлері иеленген бес жүлденің екеуі ғана есепте бар. Ол – Гюзель Манюрова мен Даниял Гаджиевтің қолалары. Екеуі де күрес түрлерінен сынға түсті.
Содан бері 12 жыл өтті. Лондонда әлемді тамсандырған қазақ ауыр атлетикасы 2016 жылы құлдырады да, содан бері ес жиған жоқ. Лондондағы масқара біздің елдің өзге спортшыларына да кері әсер еткені анық. Бір емес, үш алтын медалін қайтаруға мәжбүр болған елдің атлеттеріне сенім бола бермейді. Енді ел абыройы түзелгенше күш-қуат күшейтетін дәрі-дәрмек ішетіндердің кесірі тиеді де тұрады.
Рио реңі
Лондоннан соң кезек Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласына түсті. Мұхит асып барған ұлттық құрама 17 жүлде иеленді. Оның 15-ін өзіміздің қолтума спортшылар қанжығалады. Ал шетелдерден тартқан Отгонцецег Галбадрах пен Фархад Харки қола иеленді. Токиодағы ойында сегіз қоланың екеуін легионерлер алып берді. Бір қоланы Зульфия Чиншанло алса, екіншісін Қазақстанға келгенше Артас Санаа болған ресейлік палуан жеңіп алды. Оның қазақ еліндегі есімі – Нұрислам Санаев. Биылғы олимпиада нәтижесі Токиодағыдан тәуір, оған қоса барлық жүлдегер – Қазақстанда туып-өскен ер және әйел спортшылар.
Легионер тарту тиімсіз бе?
Ел президенті олимпиадашылармен болған кездесуде шетелден спортшы алдыру тәжірибесін доғару керек екенін айтты. Тоқаев кездесу барысында:
– Кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн, – деді.
Президент сөзінің де жөні бар. Бірақ легионерлердің біздің спортшылармен тайталасқа түсуі кейде пайдаға шығып жатады. Мәселен, Моңғолиядан Галбадрахты алдырмағанымызда Әбиба Абужақынова тасада қалуы мүмкін еді. Олай деп отырғанымыз Әбиба Галбадрахпен белдесе жүріп шыңдалды. Ал Әбибаға жас өскін Ғалия Тынбаева ілесті. Кезінде Леонид Спиридонов деген палуан елімізде бәсеке орта қалыптастырмағанда Ақжүрек Таңатаровтың шеберлігі артпаған болар еді.
Қазір қанша рет жер-жебіріне жетіп тілдесек те, Алексей Ни алып келген ауыр атлет қыздарға қарап Жазира Жапарқұл атты Толағай қыз олимп шыңына шықты. Елена Шалыгина мен Гюзель Манюроваға қарап Екатерина Ларионова мен Эльмира Сыздықова өсті. Жәмилә Бақбергенова да сол толқыннан. Георгий Цурцумия мен Магомед Куруглиев елде қалып, білгенін қазақ балаларына үйретіп жүр. Куруглиевтің ұлы Камиль 19 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем біріншілігінде бақ сынап, қазақ еліне қола жүлде сыйлады. Десе де, бес саусақ бірдей емес. Олимпиададан соң қазақтың көк құжатын ұмытқандар да бар.
Елде легионер алдырып, спорттың дамуына сеп болған бір спорт түрін таңдау керек болса, ойланбастан футзалды айтамыз. Иә, олимпиадалық спорт түрі емес. Бірақ Лео, Игита, Дуглас секілді футзалшылар елде спорттың осы түрінің дамуына үлкен ықпал етті. Какау және Кака сияқты бапкерлерге де жанкүйерлер разы. Сондықтан көк ту астында өнер көрсетуге келген легионерлер елдегі спортшылардан бір бас жоғары болуы керек. Сондай жағдайда ғана пайдасы болады.
Қорыта айтқанда…
Тәуелсіздік алғалы елдің құрама командасы сегіз олимпиадаға қатысты. 28 жылда олимпиадаға ел құрамасы сапында 64 легионер өнер көрсеткен. Оның 15-і ғана жүлделі болған. Оның үшеуі алтын алды. Бұл ақпаратты бізге Туризм және спорт министрлігі берді.
Біз жолдаған хатқа министрліктің берген жауабында ең көп легионер алдырған спорт түрлерінің төрттігін су добы бастап тұр. Ватерполшылар сырттан 14 спортшы алдырған. Екінші орынды теннисшілер иеленген. Жарыс алдында «ауырып қалатын» тоғыз легионеріміз бар. Одан бөлек еркін күресте де тоғыз спортшы әр жылдары ел намысын қорғаған.
Ал ауыр атлетикаға жеті легионер келген. Бұл төрт спорт түрінен ауыр атлетика мен еркін күреске келген легионерлер ғана нәтиже берді деуге болады. Қазақ елінің паспортына ие болған 64 легионердің төрттен бірі ғана тағдырын біздің елмен байланыстырған. Былайша айтқанда, қазақ еліне пайдамды тигізем деген ниетін 16 спортшы ғана білдіріпті.
64 спортшы алдырып, оның 15-і жүлде алған. Қалған 49 спортшы олимпиадаға «турист» болып барып келген. Бұл – спорт менеджментінің төмендігінің көрсеткіші. Сондықтан елге сырттан спортшы емес, менеджер алдыру керек. Ол енді арнайы ұйымдардың мойнындағы шаруа. Біздікі ұсыныс.
Сурет: Pixabay