Осы күні әлеуметтік желі мен ақпарат құралдарында құлдықта болғандардың талайлы тағдыры туралы деректер жиі жарияланады. Бұған шекара асып кеткен отандастарымыздың жат жұрттағы адам нанғысыз жан азабын қоссаңыз, ел іші мен сыртында айтқанға сеніп, жетекке еріп кеткендер көбеймесе, азаймағаны анық.
Құқықтық статистика дерегі де бұл сөзімізге дәлел бола алса керек. Мысалы, адам ұрлауға қатысты 2023 жылы – 42, былтыр он бір айда ғана 74 іс тіркелген. Адам саудасына қатысты арғы жылы – 8, былтыр 16 іс қозғалған. Кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тартуға қатысты 2023 жылы бес іс тіркелсе, былтыр бұл санаттағы қылмыс саны 15-ке дейін артып кеткен. Адам ағзасы мен тіндерін алуға мәжбүрлеу және заңсыз алып қоюға қатысты арғы жылы – бес, былтыр он бір айда бақандай 23 іс тіркелген. Айталық, бас бостандығынан заңсыз айыру бабымен былтыр – 68, оның арғы жылы дәл осы баппен 52 іс қаралған.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елімізде жылына адам саудасына қатысты жүзге жуық іс қозғалады. Әлемдік заманауи құлдық индексінде Қазақстан 2018 жылы 189 елдің ішінен 86-орынға тұрақтаған. Сол жылы елімізде заманауи құлдықта жүрген 75 адам туралы мәлімет белгілі болыпты. Ал заманауи құлдық дегеніміз адам саудасынан бөлек, мәжбүрлі еңбекке жегу, еріксіз неке де құқық бұзушылықтарға жатады.
Демек ресми деректердің өзі елдегі адам саудасының құрбандары мен заманауи құлдықта жүргендердің шынайы статистикасын беріп отырған жоқ. Өйткені құқық қорғаушылар мен заңгерлер де жәбірленушілердің жазған арыз-шағымы көп жағдайда сотқа жетпейтінін, дені әділдіктен күдерін үзгендер бас амандығын арашалаудың қамын күйттеп кететінін айтады. Мәселен, арғы жылдары жартыжылдықтың өзінде ғана сенім телефонына соғылған 837 қоңырау мен тергелген істердің барлығы сотқа жетпеген.
Сарапшылар елдегі тірі тауар өткізуге қарсы тұруда кедергі көптігін жиі тілге тиек етеді. Үш жыл бұрын адам саудасымен күрес туралы жасалған баяндамада осындай сипаттағы әрбір төртінші қылмыс қана ашылатыны мәлім болды. Қылмыстарды анықтау көрсеткішінің төмендігі құқық қорғау және мемлекеттік органдардың дағдарыс орталықтарымен байланысының жоқтығы айтылды. Ең сұмдығы, бұл күмәннің бір ұшы сыбайлас жемқорлыққа келіп тірелуі мүмкін екенін баяндамадан білдік.
Мысалы, сәбилерді сатуға қатысты қозғалған істерде мемлекеттік мекеме өкілдерінің қатысы болғаны да жасырын емес. Сонымен бірге адам саудасының құрбандарын қорғау шараларының әлсіздігі мен құқықтық сауаттың төмендігі де жәбірленушілердің ісін соңына дейін жеткізуге мүмкіндік бермейтін көрінеді. Бұл жерде жәбірленушілер психологиялық тұрғыда қожайынға қарсы шыға алмаса, қылмысқа куә болғандар құзырлы орындарға хабар беруге құлық танытпайды екен. Яғни қылмысқа куә болғандар да куәгерден қылмыскерге айналып кетуден бойын аулақ салғанды құп көреді деген сөз.
Тайланд маңындағы тұзақ
Былтыр жыл соңында Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров кейінгі екі жылда Тайланд елімен шекаралас елдер аумағында 200-ге жуық отандасымыздың еңбек құлдығында болғанын мәлім етті. Оның айтуынша, Тайландпен шекаралас Мьянма және Лаос аумақтарындағы құлдықтың қамытын киген 28 азамат елшіліктің жәрдемімен елге әкелінген. Ал 60-қа жуығы елге өз еркімен оралған. Соның өзінде бұл елдерде 100-ге жуық отандасымыз құлдықта қалып отырғанын да ресми өкілдің өз аузынан естідік. Сол «Алтын үшбұрыш» деп аталатын аумақта адам саудасының құрбаны болғандардың арасында жоғары білімі және бірнеше тілді білетіндер де бар. Олардың ішінде кейбірін өз таныстары Тайландқа жұмыс істеуге алдап шақырған.
Дәл осындай жағдайды басынан өткізген Бақтыбай Дадайұлын да өзге емес, өзінің досы 3 миллион теңгеге құлдыққа сатып жіберген.
«Табысы көп жұмыс істеп, жағдайымды жасаймын» деген ол жат жерде жағдайын түзеуге барып, тұзаққа түсіпті. Сөйтсе сыныптас досы шетелден жалақысы көп жұмыс тауып қойғанын айтып Алматыдан Тайландқа шақырады. Қазақстанға енді ғана көшіп келген қандас «бір жыл жақсы жұмыс істеп, ақшамды көбейтіп алсам» деп еш ойланбастан ұшақпен барады. Бірақ барған бойда досы емес, «жұмыс берушілер» күтіп алып, қымбат қонақүйге орналастырып, асты-үстіне түскен. Сөйтіп сеніміне әбден кірген «жұмыс берушілер» Бангкоктан Мяьнмаға өзге көлікке отырғызып, артынша кемемен қылмыстық топтың адамдарына өткізіп жібереді. Кемеден қайыққа отырғызған сәттен бастап бостандық көзінен бұлбұлдай ұшып, әскери киінген адамдардың тепкісінен көз ашпапты. Жеті күн азаптан кейін өзге елде көз жұматынына іштей дайындалған. Себебі ол жаққа алданып барғандарды өмірінің соңына дейін ауыр азап не өлім ғана күтіп тұрады екен.
Есте болса, осыдан біраз жыл бұрын Ресей мен БАӘ елдеріне барғандар да осындай жағдайды басынан кешкен. Сол кезде жат жұрттағы отандастардың көрген қорлығы мен зорлығы ақпарат құралдарында ашық айтылып, жеңіл жұмыстың артындағы қылмыстық топтың қитұрқы әрекеттері сот залында егжей-тегжейлі баян етілген. Бір қызығы, отандастарымыз ойланбай басқан қадамның опық жегізерінен әлі сабақ алмаған секілді. Мәселен, былтыр ғана Шымкенттен он адам Ресейдің Владимировский облысындағы шұжық цехында құлдықта қалғандарын айтып, көмек сұраған. Олардың сөзінше, көрші елге агенттіктің жарнамасына сеніп барыпты.
Жәбірленушілердің әрқайсы жат жердегі құлдыққа баруы үшін жұмыс тауып берген компанияға 100-150 мың теңге ұсынған. Сорақысы, олар жұмыспен жарылқаушы компаниямен келісімшартқа да отырмаған. Бұған дейін де осы елде жұмыс іздеп барып, құлдықтың қамытын кигендер туралы талай айтылды. Бірнеше жыл бұрын дәл осы Шымкенттен бірнеше әйел мен еркекті қара су бермей ауыр жұмысқа салған жұмыс берушілерді жауапқа тартқызудың соңы сиырқұймышақтанып кеткен еді.
Ал арғы жылы Василий Ковешниковтың даулы құлдық ісіндегі күдіктілердің қатарында болған депутат Жигули Дайрабаевтың ұлдарына қатысты қылмыстық іс «адам саудасы» емес, «бостандықтан заңсыз айыру» бабымен қозғалған.
Шырмау мен шырғалаң
Елімізде құлдықта болған Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы мен Ресей азаматтарының да құқығын қорғау әлі қиын. Мысалы, «Родник» әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығының директоры Нина Балабаева 2004 жылы құлдықтан құтылған адамдарға арналған баспана ретінде ашылған орталықта Қытай, Украина, Польша, Молдова, Беларусь, Филиппин азаматтарының да көмекке мұқтаж болғанын айтқан. Бірақ мұндай фактілер бойынша үнемі қылмыстық іс қозғала бермейді екен.
«Біздің ұйым 2005 жылдан бері еңбек қанауының құрбаны болған 635 адамға көмек көрсетті. Соңғы бес жылда 275 адамға көмек берілді, бірақ олардың ішінде бар болғаны 57 қылмыстық іс қозғалды. 16 іс жәбірленушілердің сот тергеуіне қатысудан бас тартуына байланысты жабылса, 41-і қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылды», — деген еді орталық директоры.
Оның айтуынша, мұндай қылмыстық істерде шексіз билікке ие екенін сезінетін ықпалды адамдар бар. Жыныстық құлдықта жүрген қыздар да өздерінің қандай күй кешкенін полиция қызметкерлерінің білетінін, бірақ олардың ешқандай шара қолданбағанын айтқан. Бұған қоса адам саудасымен күресте сыбайлас жемқорлық пен ықпалды адамдардың заңды рәсімдерге әсер ететіні, салдарынан қозғалған істердің өзі тоқтап қалатыны да айтылған.
Ал былтыр Қазақстан президенті «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңға қол қойды. Құлдыққа түсіп, өзге елге еркінен тыс жер аударылып, жұмысқа жегілген жандардың құқығын қорғайтын заңға Мәжіліс 100-ге жуық түзету енгізген. Заңда құлдықта жүрген адам анықталса, бірден Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктері бірігіп жұмыс істейді. Яғни жәбірленуші толыққанды қорғауға алынады екен.
Жәбірленушілерге бір ай тыныштық беріледі. Өз-өздеріне келіп алғаннан кейін сұрақтарға жауап беруі керек және осындай қылмыстық істерде татуласу арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тыйым салынды. Сонымен қатар адамның кәмелетке толмағанын біле тұра, жезөкшелік немесе сексуалдық сипаттағы қызметтерін пайдаланғаны үшін алғаш рет қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Заңда кәмелетке толмаған адамды сексуалдық сипаттағы қызмет көрсетуге тарту, соның ішінде мұндай істі насихаттау немесе жарнамалау фактілері қылмыс деп танылады.
Білікті заңгерлер мен заң шығарушы органның енгізген осы өзгерістері өміршең болуы екіталай. Заңгер Айгүл Орынбектің сөзінше, құлдыққа түсетіндердің көбі – отбасы жағдайы төмен және іздеуі жоқ адамдар. Ал адам саудасымен айналысатындардың «демеушілері» бар.
«Шетел түгілі өз елімізде құлдықта жүргендер өте көп. Көбі арыз жазуға қорқады, себебі олардың қожайындары құзырлы органда жұмыс істейді. Менің тәжірбиемде бір емес бірнеше іс болды. Қазір жас қыздарды тәнін саудалауға мәжбүрлеп жегетіндер көп. Бұл – үлкен ұйымдасқан қылмыс. Оларды арнайы құзырлы органдардың өздері қорғап-қолпаштап отыр», — дейді заңгер.
Сондай-ақ ол адам және дене мүшелерінің саудасына да үлкен тексеру жүргізу керектігін айтады.
«Соңғы уақытта адам жоғалу фактісі өте көп. Ал оның себебін зерделеп жатқан ешкім жоқ. Себебі бұл – үлкен бизнес. Мұндай көлеңкелі бизнестердің артында да үлкен адамдар тұрады. Мысалы, Шымкентте құлдықта болған 18 жастағы қыздардың оқиғасында оларды бір пәтерде полиция қызметкерлері құлдықта ұстаған. Тәндерін сатуға мәжбүрлеген. Арыз-шағым айтқан қыздарды «дене мүшелеріңді сатып, жоқ қылып жібере саламыз» деп қорқытып ұстаған. Яғни адамдарды құлдықта ұстаудың, қанаудың айла-тәсілі өте көп. Мұндай қылмыспен күресу өте қиын, себебі үлкен погондағы шенділерге төтеп беру оңай емес. Сол үшін бізге заңдағы өзгерістен бұрын сол заңды жүзеге асыратын, нәтижелі жұмыс істейтін қызметкерлер керек», — дейді ол.
Заң баптарында қайшылық көп
«Қорғау-Астана» әйелдер мен балаларды қолдау орталығының басшысы Анна Рыль да жаңа заң қабылданып, ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы жақсы жұмыс істей бастағанымен, бұл мәселе әлі де тез шешімін таппай жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, қылмысты анықтағаннан кейін тергеу жұмыстары жеткілікті деңгейде жүргізілмейді. Сондықтан тергеушілер мен анықтаушылар бұл істерді соңына дейін жеткізе алмайды.
«Бұл салада реформа қажет. Өйткені тергеу органдарының жұмысы дұрыс жолға қойылмаған. Заңның кейбір баптары түсініксіз әрі мағынасы қарама-қайшы. Мысалы, адам бір рет жалақы алса, кейін оған ақша төленбей қалса, бұл жағдай еңбек құқығының бұзылуы емес, азаматтық-құқықтық қатынас ретінде қарастырылады. Құжаттарды тартып алу да, неге екені белгісіз, қылмыскердің кінәсін дәлелдейтін тікелей айғақ ретінде қолданылмайды. Керісінше, бұл тек өкілеттікті асыра пайдалану ретінде қарастырылады», — дейді орталық басшысы.
Қазақстанда мигранттардың мәселесі де өзекті, көбінесе олардың құқығы қорғалмайды. Жергілікті жұмыс берушілер оларды ресми түрде жұмысқа қабылдамай, құжаттарын тартып алып, жалақысын төлемейді. Бірақ соңында кінәлі болып, жұмыссыз әрі құжатсыз қалған мигранттың өзі депортацияланады. Ал жұмыс беруші ешқандай жауапкершілікке тартылмайды екен. Өйткені күдіктілер шетелдік жұмысшыларды түрлі сайттар арқылы шақырып, заңсыз жұмысқа тартады.
«Мигранттарды да қорғау керек. Өйткені дұрыс ұйымдастырылған жағдайда олар – үлкен еңбек күші. Бұл экономика үшін пайдалы, әсіресе құрылыс компаниялары үшін маңызды. Қазір құрылыс саласында ауыр жұмыстарға адам күші жетіспейді. Жергілікті жұмысшылар аз, әсіресе қара жұмыс істейтін ер адамдар тапшы. Ал бізде жұмыс күші ретінде келген мигранттарды заңдастыру процесі өте күрделі. Оларды заңды түрде жұмысқа алу үшін компаниялар үлкен сомада ақша төлеу керек. Мысалы, құрылыс саласындағы жеке кәсіпкер ірі компаниядан тапсырыс алады. Бірақ ол да жұмысшыларды заңды түрде ала алмайды. Өйткені бір жұмысшы үшін 700-800 мың теңге төлеуге тиіс. Мұндай соманы ешбір жеке кәсіпкер төлеуге дайын емес. Сондықтан олар мигранттарды заңсыз жұмысқа тартады. Бұл жағдай мигранттардың еңбек құқығының бұзылуына және жұмыс берушілердің жауапкершіліктен құтылып кетуіне әкеледі. Дәл осындай жағдай кафе мен мейрамханаларда да кездеседі. Көптеген мейрамханада аспаз, ыдыс жуушы, даяшы қызметтерін көбіне шетелдік азаматтар атқарады. Бірақ заңнамадағы қиындықтарға байланысты оларды ресми түрде жұмысқа ала алмайды. Сондықтан бұл да заңсыз еңбекке айналады. Нан пісіру саласында да мигранттар жиі жұмыс істейді. Бірақ мемлекет оларға заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік берудің орнына тек кедергілер жасап отыр», — дейді Анна Рыль.
Басқа елдерде мұндай жағдайлар үшін жұмыс беруші қатаң жауапқа тартылады. Біздегі миграциялық полиция бұл мәселеге мүлде назар аудармайды. Жұмысқа рұқсат беру жүйесі мен елде болу мерзімі арасында байланыс жоқ. Есесіне жұмысшылар сүттен ақ, судан таза шықса, мигранттың кінәлі немесе кінәсіз екеніне қарамастан, оған міндетті түрде айыппұл салынады немесе бірден депортация жасалады. Сол үшін біздегі құлдықта жүрген мигрант өз құқығын қорғау үшін сотқа шағымдануға қорқады. Тіпті мигрант бірнеше ай жұмыс істеп, жалақысын ала алмай, құжаттары заңсыз түрде тартып алынған болса да, оның арызы қанағаттандырылмайды екен.
Құқық қорғау мекемелері құлықсыз
«Мигрант сотқа жүгінгісі келгенімен, еңбек инспекциясы оның шағымын қараудан бас тартады. Себебі оның еңбек шарты жоқ. Біздің еңбек инспекциясының жұмысы тиімсіз. Олар еңбек шарты болмаса, тексеру жүргізбейді, ал еңбек қатынастарын тексеруге мораторий енгізілген. Сондықтан еңбек инспекциясы көп жағдайда көмектесе алмайды. Сотқа жүгінсе де еңбек шарты болмағандықтан, істі қарау мүмкін емес. Мигрант тек ең төменгі еңбекақы мөлшерін талап ете алады. Бірақ сот шешімі шықса да, жұмыс беруші өтемақы төлеуден жалтаруы мүмкін. Ақырында жұмыссыз, жалақысыз қалған мигрант өз қаражатына елден кетуге мәжбүр. Себебі оны жұмыс беруші емес, өзі төлеуі керек. Бұған қоса, ол енді Қазақстанға қайта келе алмайды. Біз қазір Ресейдегі отандастарды айтып жатырмыз. Ал біздегі көптеген мигрант Қазақстанда жұмыс істеу Ресейден де қиын екенін айтады. Себебі бізде көбірек алдайды, еңбек құқығы қорғалмайды», — дейді Анна Рыль.
Оның сөзінше, кейбір полиция қызметкерлерінің өздері де мигранттарды заңсыз жолмен пайдаланады, олардан ақша талап етеді, құжаттарын тартып алады немесе пара сұрайды. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сондықтан мигранттар өз құқықтарын қорғауға қорқады. Сол себепті бұл жағдайларды реттеу маңызды.
«Мигранттарды заңды түрде жұмысқа алу жүйесін жеңілдетіп, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру керек. Мигранттарға жалақы төлемегендерге қатаң жаза қолданатын уақыт жетті. Еңбек шартынсыз жұмыс істегендерді де қорғайтын механизмдер енгізу маңызды. Миграциялық полицияның қызметіне реформа қажет. Олар заңсыздықтарды анықтаумен емес, мигранттардың құқығын қорғаумен айналысуы керек. Басқа елдердің тәжірибесіне қарасақ, еңбек мигранттарына жағдай жасау – экономикалық өсудің бір жолы. Мысалы, Еуропа елдері, АҚШ, Канада сияқты мемлекеттер мигранттарға арнайы бағдарламалар әзірлеп, оларды заңды түрде жұмысқа тартудың тиімді жолдарын ұсынған. Қазақстан да осындай бағытқа көшуге тиіс», — дейді ол.
Бүгінде әлем елдері адам саудасымен айналысқандарға қатысты заңды қатайта бастады. Оның ішінде ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру, өмір бойына түрмеге тоғыту, ірі көлемдегі айыппұлдар мен мүлкін тәркілеу, тіпті кейбір елдерде жеке тұлғалар ғана емес, адам саудасына қатысы бар заңды тұлғалар да жауапқа тартылады.
Мәселен, АҚШ-тың федералды заңына сәйкес, адам саудасы үшін 10 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар үлкен көлемдегі айыппұлдар мен мүлікті тәркілеу шаралары қолданылады. Ұлыбританияда да адам саудасы үшін ең жоғарғы жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру.
Сондай-ақ адам саудасына қарсы күресте заңнаманың қатаңдығы ғана емес, сарапшылар айтқандай, құқық қорғау органдарының тиімді жұмысы ауадай қажет.
Бұдан бөлек, халық арасында пәлен жердегі алтынды іздеп барғандардың бақыр емес, құлдықтағы өмір күтіп тұрғандығын кеңінен түсіндіру керек-ақ.
Сурет авторы: Halyq Uni