Моноқалалар тізімі қысқарып келеді
Қазақстанда екі жыл бұрын 27 моноқала болған. Алайда 2023 жылдың 21 қарашаcында Ұлттық экономика министрлігі жаңадан моноқалалардың тізбесін бекітіп, оларды санын 20 қалаға дейін қысқартты. Ал моноқала мәртебесінен айырылған 7 шағын шаһар бар:
- Арқалық,
- Жаңатас,
- Жезқазған,
- Қаратау,
- Саран,
- Серебрянск,
- Текелі.
Осыған дейін моноқалаларға жатқызылған бұл елді мекендер экономикалық өзгерістер мен табиғи ресурстардың сарқылуына байланысты өз «мәртебелерінен» айырылған.
20 шағын қала 12 облыс аумағында орналасқан. Қарағанды облысында төрт, Қостанай облысына үш, ал Павлодар, Шығыс Қазақстан мен Ұлытау облыстарына екі қаладан бар.
Халық саны азаюда
2024 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша моноқалаларда 1,3 млн адам тұрып жатыр. 2019 жылмен салыстырғанда, халық саны 0,4%-ға азайған. Туу көрсеткіші жоғары болғанымен, тұрғындар ірі қалаларға, облыс орталықтарына көшуде.
Теміртау, Екібастұз және Рудный қалаларын мекендейтіндердің саны 100 мыңнан асып кеткен. Дегенмен кейінгі бес жылда осы үш қаланың халқы не өскен жоқ, не кеміген жоқ.
Ал тұрғындар саны 40 мыңға жетпейтін жеті моноқала тізімнің астында орналасты.
Инвестиция көлемі екі есе өсті
Қазақстандағы моноқалаларға инвестиция тарту – өңірлер дамуының негізгі бағыттарының бірі. Моноқалалар – экономикасы көбінесе бір немесе бірнеше негізгі кәсіпорынға тәуелді шағын қалалар. Инвестицияларды тарту арқылы шағын қалаларда экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын құруға және инфрақұрылымды дамытуға болады.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2019 жылы 0,6 трлн теңгеден, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,2 трлн теңгеге дейін өскен. Инвестицияның басым бөлігі өнеркәсіпке бағытталуда. Соңғы бес жылда Екібастұз қаласында инвестиция көлемі екі есе, ал Жаңаөзен қаласында бес есеге жуық өскен. Алтай мен Хромтау қалаларында инвестиция еселенген. Ал Ақсу мен Теміртау қалаларында керісінше инвестиция төмендеп кеткен.
Кәсіпкерлікті дамыту – басты мәселе
Қазақстандағы моноқалаларда шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамыту – олардың экономикалық әртараптандыруы мен тұрақты дамуының маңызды аспектісі. ШОБ халықты жұмыспен қамту, жаңа кәсіпорындар ашу және жергілікті экономиканы дамытуда шешуші рөл атқарады. Моноқалалардың көбісі пайдалы қазбаларды өндіру немесе өңдеу секторымен байланысты болғандықтан, ШОБ жергілікті шикізатты пайдалану арқылы өнімділікті арта алады.
2019 жылы моноқалаларда тіркелген ШОБ саны 73 мың болса, 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 100 мыңға жуықтады. 2023 жылы ШОБ-тың үлесі кейбір моноқалалардың экономикасында 20-30%-ға дейін жетті. Үкіметтің қолдауымен шағын кәсіпорындар саны артып, инновациялық және жасыл технологияларға негізделген жаңа жобалар іске қосылып жатыр.
Өндіріс шикізатқа байланған
Қазақстандағы моноқалаларда өндірілген өнім көлемі жалпы ел экономикасының өңірлік ерекшеліктерін көрсетеді. Бұл қалаларда өнім көлемі көбінесе негізгі салаларға, атап айтқанда, тау-кен өндіру, металлургия, құрылыс материалдары өндірісі және ауыл шаруашылығы өнімдеріне тәуелді.
Теміртау – металлургия өнеркәсібінің орталығы, мұнда «Qarmet» сияқты ірі кәсіпорындар болат өндіреді. Жезқазған және Балқаш – мыс өндіру мен өңдеудегі жетекші қалалар. Рудный – темір рудасын өндірудің маңызды орталығы. Екібастұз – елдегі электр энергиясын өндіретін ірі орталықтардың бірі. Бұл жерде көмір өндіру де маңызды орын алады.
Жұмыссыздық көрсеткіші жоғары
Жұмыссыздық үлесі республика көлемімен салыстырғанда жоғары болып отыр. Кейбір өңірлерде жұмыссыздық бойынша ресми 4 ға да жетпегенімен жалпы моноқалардағы үлес 5-6 пайызға жетіп отыр. Көптеген моноқалада жаңа салалар дамымаған немесе шағын және орта бизнестің үлесі төмен. Жұмыс күші нарығындағы қажеттіліктер мен халықтың кәсіби дағдылары арасында алшақтық бар.
Үкімет ірі 10 қаланы дамытуға ден қойып отыр
ҚР Үкіметінің қаулыларымен Жаңатас, Қаратау және Риддер қалаларын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарлары бекітілді. 2027 жылға дейін Қазақстанда 10 моноқаланы дамытуға 1,7 трлн теңге жұмсалмақ.
Осылайша, 10 моноқаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша нақты мақсаттар белгіленген. Бұған дейін Министрлер кабинеті Алтай, Арқалық, Балқаш, Жітіқара, Лисаковск, Серебрянск және Степногорск қалалары бойынша кешенді жоспарлар қабылдаған еді.
10 кешенді жоспар аясында мына салалар бойынша іс-шараларды іске асыру көзделген:
- денсаулық сақтау,
- білім беру,
- спорт,
- инженерлік инфрақұрылым,
- шағын және орта бизнес,
- агроөнеркәсіптік кешен нысандарын салу және жөндеу,
- заманауи жабдықтарды сатып алу.
Осы мақсаттарға 1,7 трлн теңге жоспарланған.
Қазақстандағы моноқалалардың баяу дамуының негізгі себептері олардың бір салалы экономикасына, шектеулі инфрақұрылымына және халық санының аздығына байланысты. Бұл қалалар негізінен бір немесе бірнеше ірі кәсіпорынға тәуелді, ал ол кәсіпорындардың экономикалық жағдайы мен бәсекеге қабілеттілігі қаланың дамуын айқындайды.
Моноқалалардың дамуы үшін не істеу керек?
Моноқалалардың дамуын жеделдету үшін мына шараларды іске асыру маңызды:
- экономиканы әртараптандыру,
- шағын және орта бизнесті қолдау,
- инфрақұрылымды жаңғырту,
- инвестиция тарту,
- халықты кәсіпке баулу;
- әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту.
Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау бағдарламалары, мысалы, «Өңірлерді дамыту» және «Бизнестің жол картасы», моноқалаларды дамытуда маңызды рөл атқарады. Егер бұл шаралар тиімді жүзеге асырылса, моноқалалар экономиканың маңызды тірегіне айналуы мүмкін.
Егер экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңарту және жұмыс орындарын ашу бойынша шаралар толыққанды іске асырылса, моноқалалар тұрақты даму траекториясына түсіп, өңірлік экономиканың маңызды тірегіне айнала алады.
Нұрсұлтан Ерболатұлы
сурет: gov.kz