2025 жылы Салық кодексіндегі жаңа баптар күшіне енді. Бұл құжат салық саясатының негізгі аспектілеріне өзгерістер енгізіп, азаматтар мен кәсіпкерлер үшін бірқатар жаңалықты қамтыды. Атап айтқанда, мобильді аударымдарды реттеу, көпбалалы отбасылар мен ипотека төлеушілер үшін салықтық жеңілдіктер секілді маңызды мәселелер қарастырылған. Осы мақалада осы үш негізгі өзгерісті жан-жақты түсіндіріп, олардың салдары мен пайдасына тоқталамыз.
100 мобильді аударым
Қазақстанда Салық кодексінің аясында мобильді аударымдарды қадағалау бірнеше негізгі механизм арқылы жүзеге асырылады. Бұл өзгерістер көлеңкелі экономиканы қысқарту, салық төлеуді бақылау және мемлекеттік бюджетке түсетін кірістерді арттыру мақсатында енгізілген.
Егер үш ай қатарынан бір шотқа түрлі адамнан 300 мобильді аударым жасалынса, оны меморгандар тексереді. Яғни бір айда 100 мобильді төлем жүргізілсе, бұл үдеріс тағы екі ай бойы жалғасса, сол тұлғаның табысы қарауылға алынады. Одан бөлек ұялы телефон арқылы үш айдағы аударым көлемі 255 мың теңгеден асып кетсе, жеке кәсіпкерге камералық бақылау жүргізіледі. Қаржы министрлігі соңғы ұсыныс әзірше заң жүзінде бекітілмегенін, өлшемшарт жобасын Ұлттық банк қарастырып жатқанын хабарлады.
Кірістер органдарының мобильді аударымдарды қадағалауының басты қадамы – жеке тұлғалардың жеке мақсаттағы аударымдары мен кәсіпкерлік қызмет үшін жасалған аударымдарды ажырату.
Арнайы шоттарды енгізу:
Кәсіпкерлер енді жеке және кәсіпкерлік операцияларды бір шот арқылы жүргізе алмайды. Коммерциялық мақсатта арнайы кәсіпкерлік шот ашу талап етіледі.
Есепшоттарды ажырату:
Жеке тұлғалардың шоттары тек жеке қажеттілік үшін қолданылуы тиіс. Егер жеке шот арқылы кәсіпкерлік сипаттағы аударымдар жасалса, бұл салық төлемін тексеруге негіз болуы мүмкін.
Мемлекеттік органдар мониторингі
Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударымдар арқылы жүргізілетін операцияларды қадағалап, күмәнді төлемдерді анықтау үшін арнайы технологиялар мен деректерді өңдеу жүйелерін қолданады.
Банктерден алынған деректер негізінде шоттардың айналымы, аударымдар саны, көлемі және жиілігі назарға алынады. Егер жеке шоттарда кәсіпкерлік әрекетке тән белсенділік байқалса, шот иесіне ескерту беріледі немесе қосымша тексеру жүргізіледі.
Салық органдары шоттардағы келесі белсенділік белгілерін тексеруі мүмкін:
-
- Көп мөлшерде тұрақты түсімдер;
- Бір шотқа бірнеше адамнан жүйелі түрде ақша аударымы;
- Аударымдардың сипатында кәсіпкерлікке тән белгілердің болуы (мысалы, тауар немесе қызмет атауларының аударым кезінде көрсетілуі).
Банктердің рөлі
Банктер Қазақстанның қаржылық мониторинг агенттігімен және салық органдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар мобильді аударымдар туралы ақпаратты екі жолмен ұсынады:
Деректерді беру:
Қаржылық операциялар туралы ақпарат салық органдарына белгілі бір критерийлер негізінде автоматты түрде беріледі.
Кәсіпкерлік шотты тіркеу:
Банктер кәсіпкерлердің арнайы шот ашуын қамтамасыз етіп, олардың қызметі туралы деректерді салық органдарына ұсынады.
Көпбалалы отбасыларға арналған салық шегерімі
Салық шегерімі көпбалалы отбасылардың жеке табыс салығын (ЖТС) төлеген кезде табысының белгілі бір бөлігін салық салудан босатуға мүмкіндік береді. Бұл отбасы бюджетіне түсетін салық жүктемесін азайтып, әлеуметтік жағдайды жеңілдетуге бағытталған.
ҚР Салық кодексінің 347-бабына сәйкес төрт немесе одан да көп баласы бар отбасы үшін салық шегерімі күнтізбелік жылға айқындалған айлық есептік көрсеткіштің 282 еселенген мөлшерінен аспайтын деңгейде мынадай тәртіппен қолданылады:
- Әке-шешенің біріне ай сайын 23 АЕК (2025 жылы – 90 436 теңге) мөлшерінде;
- Ата-ананың екеуі жеңілдікті қатар қолданса, әр айға әрқайсысына 12 АЕК (2025 жылы – 47 184 теңге) мөлшерінде.
Салық жеңілдігін пайдалану үшін жұмыс орнына балалардың туу туралы куәліктерін тапсырып, өтініш жазу керек.
Табыс салығынан босату бір жылда 1 108 824 теңгеден аспауы тиіс. Айта кетейік, 2025 жылдағы айлық есептік көрсеткіш мөлшері – 3932 теңге. Бұл жерде отбасы мүшесі жеке табыс салығынан түгел босатылмайтынын немесе айлығына 90 436 теңге қосылмайтынын нақтылай кету керек.
Анықтама берсек, салық шегерімі – бұл жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша база мөлшері азайтылатын сома. Бұл өзгеріс салық төлеушінің кірісін арттыруға көмектеседі.
Мысалы, бұрын ата-ана жалақыдан 500 000 теңгеден табыс салығының 10%-ын төлесе, онда шегерім қолданылғаннан кейін 410 000 теңгеден салық алынады.
«Осылайша, айына қосымша 90 000 теңге салық салудан босатылады, яғни ай сайын бюджетке табыс салығынан 9000 теңге аз төленеді», – деп түсіндірді Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті.
Жаңа бап бойынша табыс мөлшеріне қарай жалақыға қосылатын салық төлемін азайту есебі де өзгереді. Көпбалалы отбасылар қолданатын салық жеңілдіктерінің максималды сомасы бір жылда 564 АЕК-тен (2 217 648 теңге) аспауы тиіс.
Ипотека төлемі үшін жеңілдік
Бұған дейін «Отбасы банк» салымшылары қолданылған салықтық шегерім басқа да екінші деңгейлі банктердің ипоткалық займдарына қатысты қолданылады. 2025 жылдың 1 қаңтарынан Салық Кодексінің 351-бабы күшіне енді. Бұл ретте банк пайызы есепке алынады.
Сыйақылар бойынша салық шегерімін қолдану үшін мына құжаттар ұсынылады:
- Ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты;
- Несиені өтеу бойынша сыйақы сомасы бөлініп көрсетілген кесте;
- Түбіртек.
«Шегерім сізге айлықтан төленетін жеке табыс салық мөлшерін қысқартып, қолыңызға көбірек жалақы алуға мүмкіндік береді. Сәл де болса үнемдейсіз. Ай сайын ипотекаға төлейтін соманың ішіндегі банк проценті осы шегерім ішіне кіреді», – дейді сарапшы Айбар Олжай.
Сарапшы 7-20-25 ипотекалық бағдарламасы бойынша үнемделетін соманы есептеген. Мәселен, 400 000 теңге еңбекақы алатын тұрғынның шотына, зейнетақы жарнасы, ЖТС, медсақтандыру төлемін алып тастағанда, айына 324 500 теңге түседі. Тұтынушы ай сайын 143 800 теңге үй несиесін төлейді. Бұл ретте банк пайызы 72 000 теңге шамасында болады. Осыны ескере отырып салық шегерімін қолданса, оның еңбекақысына 8000 теңге қосылады. Сонда жалақыдан қолына тиетіні – 332 500 теңгеге артады.
фото: pexels