Қазақстан банктері шетелге ақша аударуды жеңілдететін жаңа жүйеге көшті. Бұл жүйе банктер арасындағы төлемдерді тез және қауіпсіз аударуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Жүйе 2025 жылдың 13 қаңтарынан бастап іске қосылды. Халықаралық ISO 20022 стандарты банктер мен қаржы ұйымдары арасында ақпарат алмасудың ортақ ережелерін белгілейді.
ISO 20022 стандартының басты артықшылығы – төлем немесе ақша аударымында қосымша мәліметтерді қоса беруге мүмкіндік беруінде. Мысалы, төлем жасағанда тек шот нөмірін ғана емес, кімге және не үшін төлем жасалғанын анық жазуға болады.
Бұл қалай көмектеседі?
- Ақша аударымдарын тексеру жеңілдейді, яғни төлемнің кімге және не үшін жіберілгенін тез түсінуге болады.
- Қателіктерді азайтады. Мысалы, біреудің шотына қате ақша аударып жіберу ықтималдығы төмендейді.
- Банктер мен қаржы ұйымдары төлемдерді тез және нақты өңдей алады, ал клиент үшін қызмет сапасы жақсарады.
Мамандардың айтуынша, бұл жүйе банктерге жаңа қызмет түрлерін енгізуге жол ашады. Сонымен қатар, халықаралық стандарттарды пайдалану Қазақстанның шетелдік сауда серіктестерімен жұмысын жеңілдетеді және шекарааралық төлемдер үшін тиімді болады.
Қазақстан осы жүйені Орта Азия елдері арасында бірінші болып енгізді. Мамандар бұл жүйенің енуі енді Еуропалық Одақ пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен бірге трансшекаралық төлемдерді жеңілдетіп, халықаралық сауда-саттықтың дамуына ықпал етеді дейді.
Қазақстан халықаралық ақша аударымында Ресейге көп ақша аударған
Ұлттық банктің ресми мәліметі бойынша, 2024 жылдың қарашасында шетелге ХААЖ арқылы 60,6 млрд. теңге сомаға 144,4 мың транзакция жіберілген. 2024 жылдың қазан айымен салыстырғанда жіберілген ақша аударымдарының саны 1,8%-ға өссе, көлемі 6,5%-ға азайған.
Қазақстаннан шетелге жіберілген ақша көлемі бойынша келесі елдер көш бастап тұр: Ресей – 19,7 млрд. теңге (үлесі 32,5%), Өзбекстан – 14,2 млрд. теңге (жалпы соманың үлесі – 23,4%), Түркия – 13,2 млрд. теңге (үлесі – 21,8%), Грузия – 3,9 млрд. теңге (үлесі – 6,5%), сондай-ақ Қытай -2,7 млрд. теңге (үлесі – 4,4%).
ХААЖ арқылы шетелге жіберілген аударымдардың негізгі үлесі АҚШ долларымен (жіберілген аударымдардың жалпы санындағы үлесі 28,4%, жіберілген аударымдардың жалпы көлеміндегі үлесі 52,4%) және қазақстандық теңгеде (тиісінше 57,1% және 37,9%) жүргізіледі.
2024 жылдың қараша айында Қазақстанға шетелден ХААЖ арқылы 17,8 млрд. теңге сомаға 54,1 мың ақша аударымдары жүргізілген. 2024 жылдың қазан айымен салыстырғанда шетелден түскен ақша аударымдарының саны 5,3%-ға азайса, көлемі 5,8%-ға азайды. Шетелден алынған ақша көлемі бойынша келесі елдер көш бастап тұр: Ресей – 3,96 млрд. теңге (жалпы соманың үлесі – 22,2%), Америка Құрама Штаттары – 2,8 млрд. теңге (үлесі – 15,7%), Түркия– 1,9 млрд. теңге (үлесі – 10,8%), Өзбекстан – 1,8 млрд. теңге (үлесі-10,4% ), сондай – ақ Корея Республикасы – 1,5 млрд.теңге (үлесі8,4%).
Data HUB аналитикалық арнасының жазуы бойынша, Қазақстанға шетелден жіберілетін ақша аударымдары соңғы үш жылда ең төменгі деңгейге жеткен.
Қазақстанға жіберілетін ақша аударымдарының азаюы – жаңа құбылыс емес дейді арнаның сарапшысы. 2022 жылы Украинадағы жағдайға байланысты аударымдар қалыптан тыс жоғары болған. Кейін 2023 және 2024 жылдары бұл көрсеткіш біртіндеп бұрынғы деңгейіне оралған. Алайда қараша айындағы төмен көрсеткіш бұл «әдеттегі жағдайға» қайта оралу емес, ол тарихи тұрғыда да ең төменгі деңгей.
Бұған әсер етіп жатқан жаңа фактордың бірі – «Золотая корона» ақша аудару жүйесіне салынған санкциялар екенін айтады. Осыған байланысты қазақстандық банктер бұл жүйені уақытша тоқтатқан, бірақ кейін кейбірі қайта іске қосты. Дегенмен, қараша айында «Золотая корона» арқылы келген ақша 31%-ға азайып, 8,7 миллиард теңге болған.
Сурет: Ашық дереккөзден