Қараша айында елдегі инфляция бір жыл ішінде 8,4%-ға төмендеді, қазанда бұл көрсеткіш 8,5% болған. Экономикалық зерттеулер институты (ERI) жүргізген шолуда көрсетілгендей, инфляция деңгейі бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында ең жоғары көрсеткішке ие.
ТМД елдеріндегі инфляция нәтижесі экономикалық ахуалдың қай деңгейде екенін көрсетеді. Ресейде инфляция азық-түлік пен қызмет бағасының айтарлықтай өсуімен байланысты болса, Қырғызстан мен Өзбекстандағы көрсеткіштер салыстырмалы түрде тұрақты.
- Өзбекстанда инфляция деңгейі – 10,2%.
- Қырғызстанда – 5,7%.
- Ресейде бір жылдағы инфляция қараша айында 8,9%-ға дейін жетсе, қазанда 8,5% болған.
Әлемдік деңгейдегі жағдайға көз жүгіртетін болсақ, Түркия инфляциясы қараша айында 47,1%-ға дейін төмендеді (қазанда 48,6% болған). Аргентинада инфляция қарқыны 193,0%-дан 166,0%-ға дейін кеміді, бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.
Еуропа елдерінде инфляция деңгейі орташа есеппен 0,7%-дан 6%-ға дейін.
Ең төменгі көрсеткіштер:
- Лихтенштейн (0,7%),
- Швейцария (0,7%),
- Люксембург (0,8%).
Ал ең жоғарғы көрсеткіштер:
- Беларусь (5,5%),
- Молдова (5,4%),
- Исландия (4,8%),
- Румыния (5,1%).
Евроаймақтағы жылдық инфляция қараша айында 2,3%-ға дейін жеделдеді (қазанда 2,0%). Бұл өсім азық-түлік емес тауарлардың бағасының 0,7%-ға дейін өсуімен байланысты болды.
АҚШ-тағы инфляция қараша айында 2,7%-ға дейін артты. Бұл өсім энергоресурстар бағасының төмендеуінің баяулауымен (-3,2%), азық-түлік бағасының өсуімен (+2,4%) байланысты.
Қытайдың жылдық инфляциясы қараша айында 0,2%-ға дейін баяулады. Азық-түлік бағасының өсуі 1,0%-ға дейін төмендеді, ал азық-түлік емес тауарлардың бағасы өзгеріссіз қалды (-0,3%).
Осы тұста сарапшы, Іскерлік әкімшілендіру докторы Ерлан Ибрагим Еуропа елдері мен Қазақстандағы инфляцияны салыстыру орынсыз екенін айтады.
«Еуропадағы көп мемлекеттің қаржы жүйелері ғасырлар бойы қалыптасқан. Сонымен қатар, олардың қаржы жүйелері әлдеқайда берік және тұрақты. Қазақстанның қаржы жүйесі өте жас және енді қалыптасып жатыр, оның беріктігіне кедергі келтіретін бірқатар субъективті және объективті факторлар бар. Олардың негізгілері: экономиканың шикізатқа тәуелділігі, диверсификацияның төмендігі, бюджет тапшылығы, қаржылық және бюджеттік тәртіптің әлсіздігі, ұзақ мерзімді дамудың нақты бағдарламасының болмауы», — дейді маман.
Сарапшы санкция құрсауында қалған Ресеймен тығыз байланыста болуға мәжбүр Қазақстанның қаржы тұрақтылығы орнықты болатынына кепілдік жоқ дейді.
Қараша айындағы деректер әлем елдеріндегі инфляция көрсеткіштерінің әртүрлі екенін көрсетеді. Қазақстанда инфляция төмендеу үрдісін сақтағанымен, ТМД елдері арасында жоғары деңгейде қалып отыр.
Сурет: Pexels.com