Биыл Қазақстан Халықаралық қайта құру және даму банкінен (ХҚҚДБ) 84,9 млрд йен (шамамен 570 млн доллар) көлемінде қарыз алды. Бұл туралы Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің ратификациялық заң жобасын талқылауы барысында мәлімдеген еді.
Қарыз туралы келісім 2024 жылдың 11 қазанында Астанада жасалған. Бұл қаржы ел экономикасының тұрақтылығын қолдауға бағытталады. Қарыздың өтеу мерзімі – 11 жыл.
Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева бұл келісім ел экономикасын дамытуға және қолдауға септігін тигізетінін айтты.
Осы тұста Sarapshy.info тілшісі эксперттармен сөйлескен еді. Қазақстанның сыртқы қарызына халықтың алаңдайтыны рас.
Сарапшылардың бірі – Айбар Олжай Қазақстанның халықаралық қаржы ұйымдарынан алған қарыздары да сыртқы қарызға жататынын растады.
Елдердің екі категориясы бар. Дамыған елдерде сыртқы қарыз көп, бірақ олар үшін бұл қорқынышты емес. Себебі дамыған елдерге қарыз беруге барлығы дайын. Олар да қарызды өте ұтымды басқарады, — деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстанның қазіргі уақыттағы сыртқы қарызы аса алаңдайтын деңгейде емес.
Біздің сыртқы қарыз көлемі, шамамен ішкі жалпы көлемнің 27 пайызы. Яғни қауіпсіз деңгей. Сондықтан сыртқы қарыз өз деңгейінде қалып, ішкі жалпы өнім өссе, сыртқы қарыздың ішкі жалпы өнімдегі үлесі керісінше азаяды. Қазір аса бір қорқынышты деңгей емес.
Қазір біздің жыл сайынғы сыртқы қарызды төлеуге кететін ақшамыз 1 трлн теңгеден асып кеткені, бюжетке кішкене де болса салмағы бар екенін жоққа шығармайды.
«Шынын айтқанда, Қазақстанның сыртқы қарыздарға тәуелдігі жоқ. Бірақ бізге сыртқы қарызды емес, ішкі резервтерді көбірек тарту керек. Қазақстанда сыртқы қарызға қарағанда ішкі қарыз көп. Ішкі қарыз ол – Қазақстан қор биржасында Қаржы министрлігі орналастыратын басқа да квазимемлекеттік компаниялар. Менің ойымша, ішкі резервпен көп жұмыс істеп, сыртқы қарызды тек өзінің бақылауы бар ірі инфрақұрылымдық жобаларға жұмсау орынды. Соңғы екі жылда сыртқы қарызды алу үдерісі көбейді. Қатты шектен шығып кетпес үшін бюджеттік ереженің толық жұмыс істей бастағаны оң болады деп ойлаймын», — дейді Айбар Олжай.
Экономист Мақсат Халық елдің жалпы қарызында «өзге секторлар» деп аталатын категорияның үлесі шамамен 40 млрд доллар дейді. Оның айтуынша, бұл санның нақты мазмұны көп жағдайда ашық көрсетілмейді. Оған қоса «Өзге секторлардың» ішінде квазимемлекеттік сектордың қарызы да бар.
«Квазимемлекеттік секторда да мәселе бар. Бұл – Ұлттық компаниялардың қарызы. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», «Бәйтеректің» қарыздары. Оның көлемі 20 млрд доллар шамасында. Бірақ ол мемлекеттік компаниялар болғандықтан олардың 50 пайыздан астам үлесі үкіметке тиесілі. Сол себепті ұлттық компаниялардың қарызын үкіметтің қарызы ретінде есептеу керек», — дейді ол.
Эксперттің айтуынша, Қазақстанның қазіргі сыртқы қарызы қорқынышты емес.
«Қазіргі уақытта Қазақстанның сыртқы қарызы 166 млрд доллар болып тұр. Бұл дегеніміз – өте үлкен қаражат. Десе де, аталған қаражатты қауіпті, қиын қарыз деп қарауға болмайды»,- деді.
Сыртқы қарыздың шамамен 100 млрд доллары – фирмаралық қарыздар екенін айтады маман. Фирмаралық қарыздар дегеніміз – шетелдік компаниялардың Қазақстанға тікелей инвестиция ретінде салған қаражаттары.
«Осы жерде 100 млрд долларға жуық қаражат – фирмаралық қарыздар, мысалы McDonald’s сияқты халықаралық компаниялар өз технологиялары мен құрал-жабдығын елге әкеледі. Сондай-ақ осы салған қаражатты қайтару үшін жылдар бойы уақыт керек. Сонда сыртқы қарыздың көп бөлігі елге тартылған инвестиция деп қарастырған дұрыс. Оның көп болғаны зиянды емес, керісінше елдің өндіріс мүмкіндіктерін арттырады, яғни экономикалық өсім болуына септігін тигізеді. Халықтың әл-ауқатының жақсаруына да ықпал етеді. Тікелей инвестиция ретінде келген сыртқы қарыз құпталады, дұрыс қаралады деп айтушы едім», — деді Мақсат Халық.
Экономист Қазақстанның мемлекеттік сыртқы қарызы – 14 млрд доллар екенін айтады. Үкімет ресми есептерінде тек осы қарызды көрсетеді, себебі бұл нақты мемлекет атынан алынған қарыз дейді.
«Одан бөлек, өзге секторлардың ішінде мемлекеттің қатысы бар басқа қандай қарыздар бар. Соны талдап айтса, шынайы қарыздың көлеміне қол жеткіземіз. Одан бөлек соңғы уақытта бюджет тапшылығы артып кетті. Бюджет тапшылығын жабамыз деп биыл да, өткен жылы да Ұлттық қордан максимальды рекорттық дәрежедегі аударымдарды жасап келе жатырмыз. 5 трлн теңгеден астам қаражат аударылды. Өкінішке қарай, оның өзі жетпей, Азия даму банкінен, өзге де қаржы институттарынан қарыз алып жатқан жайы бар. Бұл шын мәнінде, мемлекеттің бюджеті өте қиын халде екенін, басқарудың тиімсіз жүріп жатқанын көрсетеді. Мемлекет көптеген тиімсіз шығындарды оптимизациялап, керісінше «көлеңкеде жүрген» қаражаттың ашық түрде жариялануына, цифрландыруына баса назар аудару керек деп есептеймін. Сол кезде біз белгілі бір дәрежеде өзіміздің бюджет тапшылығымызды жабамыз», — деді экономист.
Эксперт Мақсат Халықтың айтуынша, сыртқы қарызды доллармен алу тәуекелдері үлкен. Теңгенің құнсыздануы қарызды қайтаруды күрделендіреді, себебі төлем доллармен жасалады.
«Шын мәнінде, қарыздың сұрауы болады. Қарызды доллармен алғандықтан, оны қайтару доллармен болады. Ал теңгеміз құнсызданып жатса, оны қайтару қиын болады. Геосаяси жағдайлар да өте үлкен рөл ойнайды. Әсіресе көршілес мемлекеттерден, шекаралас елдерден қарыз көп алмау керек. Негізінде ол қарыз инвестиция ретінде болса, жақсы, бірақ, мемлекеттік бюджетті жабамыз деп қарыздар алынбауы керек. Ертең ол қарыздарды қайтару қиын жағдайға тап болып жатсақ, онда жеріңді тартып аламын деуден қайтпайды», — дейді ол.
2024 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Ұлттық банк статистикасына үңілсек, Қазақстанның негізгі кредиторларының қатарында келесі елдер мен ұйымдар бар:
- Нидерланд: 42,3 млрд АҚШ доллары (сыртқы қарыздың ең үлкен үлесі).
- Ресей: 14,2 млрд АҚШ доллары.
- Ұлыбритания: 13,1 млрд АҚШ доллары.
- Халықаралық ұйымдар: 13 млрд АҚШ доллары
- АҚШ: 12 млрд АҚШ доллары.
- Франция: 11 млрд АҚШ доллары.
Эксперттердің пікірінше, мемлекеттік қарызды басқаруда доллармен төлем жасау, теңгенің құнсыздану қаупі және геосаяси тәуекелдер маңызды рөл атқарады. Сарапшылар бюджет тапшылығын азайту үшін ішкі резервтерді пайдалану, қарызды тек инфрақұрылымдық жобаларға бағыттау және қаржылық басқаруды тиімді ету қажет екенін айтады.
Сурет: point.md