Қазақстан – зайырлы, бейбіт ел. Кейінгі 10 жылда дін саласындағы заңнама талаптары күшейді, конфессиялар мен бірлестіктерді тіркеу жүйеге түсті. Конституция азаматтардың діни сенім бостандығын қорғауға кепілдік береді. Дейтұрғанымен деструктивті ағымдармен және радикалды топтармен күрес үздіксіз жүргізіліп жатыр. Биыл облыстық дін істері басқармасы 2021-2023 аралығында 126 адамның діни көзқарасын өзгертіп, теологтар мен сала мамандарының ықпалымен дәстүрлі ханафи бағытын таңдағанын хабарлады. Көкейге бекіген сенімді, күмәнді арналардан қалыптастырған көзқарасты өзгерту үшін жүйелі жұмыс керек. Діни сананы ағарту кейде асау өзен арнасын кері бұрумен тең. Теріс бағытта жүргізілген үгіт-насихатқа ұйыған жігіттер кейін басын тауға да, тасқа да ұрып, опық жеп жатады. Оқырманға қауымға осылай түрлі жайтты басынан кешіріп барып, кейін ғана жол тапқан жігіттер тағдыры (кейіпкерлердің аты-жөні өзгертілді) туралы баяндаймыз.
Қап тауына қамданыс
2000 жылдардың орта тұсы еді. Абылай қалада жүргенде, діни құлшылықтың мән-маңызына бет бұра бастады. Әуел бастан Әбу Ханифа мәзһабы туралы терең іздене қоймады. Интернет арқылы өз бетімен ізденіп, уағыз тыңдай бастайды. Соны қанағат етіп, намаз оқуға бет бұрады. Ғаламтордағы дерек, әсіресе діни танымға байланысты материалдың барлығы тура жол сілтей қоймайтыны белгілі. Осы себепті Абылай да Алла жолында жиһад жасау деген ұғымды сыңаржақ түсінген. «Шешенстан Республикасы тәуелсіздік алады, шариғат заңымен өмір сүретін мемлекет құрады» деген ұранды естіген соң өзінің өмірлік миссиясы не екенін айқындап алғанына шүбәсіз сенді. «Алла үшін жан пида, Исламның толық үстемдік алуына үлес қосуым керек» деген ойға бекиді. Жалындап тұрған 21 жастағы жігіт көп ұзамай сыр бөлісетін достар тапты. Оларды ортақ идея біріктірді, Шешенстанда соғысып жатқан мұсылмандарға көмектесу керек деген шешім қабылдады.
Бұл жігіттер ғазауатқа тастүйін дайындалады. Жауынгер салқынқанды, қолма-қол ұрыста тосылмайтын, өткір қимылдауы керек деген тұжырыммен қылмыс жасап үлгерді. Айта кетейік, радикалды идеология зайырлы мемлекеттердің конституциялық құрылымын мойындамайды. Осы елде тұратын мұсылмандарды бидғатшы, кәпір санауы бек мүмкін. Сондықтан бейбіт тұрғындардың дүние-мүлкін тонау, қорқыту, тіпті шімірікпей адам өліміне алып баратын жол нұсқайды псевдодіншілдер. Абылай сәләфилік-уәһабилік ағымға үгіттейтін, Қазақстанда үгіт-насихат жүргізуіне тыйым салынған Саид Бурятскийді тыңдаған. Саидтың шын есімі – Александр Тихомерев. Оның «дін үшін соғысуға» шақырған үндеуін Орта Азиядағы көптеген содыр қолдады. Бурятскийді пір тұтқан бірқатар қазақстандық Қап тауына да аттанған. Олардың кейбірі шекарада тұтқындалған. БАҚ-тарда жариялаған деректерге сүйенсек, Саид Бурятскийді РФ-ның қауіпсіздік құрылымдары арнайы операция кезінде өлтірген.
Уәһаб идеологының уағыз уытына еліккен жастар заң талабына көз жұма қарап, қылмыс жасауды «жиһад жолы» деп қабылдайды. Абылай жора-жолдастарымен қала маңындағы жанар-жағармай бекетін тонады. Бұл оқиға жұртшылықты дүр сілкіндірді. Топтың көздегені – Шешенстан Республикасына аттану үшін жеткілікті қаражат жинау еді. Өздері тіпті лезде өрт тұтата алатын қоспа дайындаған. Бұлар жанармай құятын стансадан шыққаннан кейін із жасыру үшін танысының үйіне бой тасалайды. Күдіктілерді тапқан арнаулы құрылым сарбаздарына жанын шүберекке түйіп, жұдырықтай жұмылған топ қатты қарсылық көрсетті. «Алладан маған бұл өмір қайырлы болса – тірі қалдыр, ахиретім қайырлы болса – жанымды ал» деп тіледім. «Арлан» жасағымен бетпе-бет шайқасқа түстік. Бір жауынгер пышақтан қаза тапты», – деп еске алады Абылай.
Қылмыстың өтеуі – жаза. Бесеуі де тұтқындалып, сот үкімімен 3-еуі 16, 2-еуі 18 жылға темір торда жазасын өтеуге кесіледі. Абылай 2009-2022 жылдары Ақтау, Жезқазған, Шымкент қалаларындағы түзету мекемелерінде болды. Оған тағылған айып – Қылмыстық кодекстің 237-бабының 2-бөлігі (қарулы топ қақтығысы), 252-бабының 3-бөлігі (заңсыз қару дайындау), 187-бабы 2-бөлігінің «а»-тармағы (өрт қою, біреудің мүлкіне қасақана залал келтіру), 321-бабының 3-бөлімі (билік өкіліне күш қолдану). Темір тордағы күндер нағыз өмір сабағы болды. Өз ісінен опық жеген жігіт саналы түрде тура жол іздей бастайды, өткенді саралап ой қорытады.
– Ханафи мәзһабы туралы еңбектермен таныса бастадым. Алдымен ресейлік имам Шамил Аляуитдиновтың кітаптарын оқыдым. Одан кейін Әбу Ханифаның қазақ тіліне аударылған «Әл-фикх-уль-акбар» еңбегімен таныстым. Қазіргі жастарға мұқият болу керегін айтқым келеді. Құранды толық оқу керек. Оған қоса аяттар тәфсірін, ғалымдар түсіндірмесін терең білу керек. Сосын әр ата-ананың баласын тура жолға шақырғаны, діни сауатын ашуға мән бергені жөн. Егер баласына қазір ашық сөйлеспесе, ертең басқа біреу бөгде ағымға тартып алады. Мен үшін өмір сабағы ащы болады. Түрмеде теологтар, дінтанушылар, білікті имамдар дұрыс бағыт көрсетті. Ақиқат жолын таптым. Қазіргі уақытта Әбу Ханифа мәзһабы бойынша бес уақыт намаз оқимын, – деді Абылай.
Икрамға иланып опық жеді
Рухани жолға түстім деп жаза басқандардың бірі – Бекарыс. Оны 2019 жылдың қаңтар айында Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық соты Қылмыстық кодекстің 257-бабының 2-бөлігі (террористік топ әрекетіне қатысу), 255-бабының 4-бөлігі (терроризм актісі), 24-бабының 1-бөлігі (қылмыс құралдарын іздестіру, жасау, қылмыс жасау үшін сөз байласу) бойынша үш жыл мерзімге соттаған.
– 2018 жылы діни әдебиеттер оқып, намаз оқи бастайды. Рамазан айы кезі еді. Таныс жігіттер ауызашарға шақырды. Содан қаладағы бір пәтерге бардық. Осында «Өзбекстан азаматымын» деген Икраммен таныстық. Біраз әңгіме-дүкен құрғаннан кейін, ол Рамазан айында жиі-жиі бас қосайық деген ұсыныс жасады. Содан кейін бес мәрте осы пәтерге барғаным есімде. Бір-бірімізге етіміз үйрене бастағанда, біртіндеп сөз райы өзгерді. Бізді бастап барған адам мен Икрам «Адамдар жинайық», «Қару-жарақ табайық» дегенін құлағым шалып қалды. Ең алғашында тіксініп қалғаныммен, шәй ішіп, қызу әңгіме жүріп жатқасын, оларды ден қойып тыңдай бастадым. Бір күні Икрам қаладағы әскери ныснадарға шабуыл жасауды ұсынды. Мәжіліс құрып отырғандардың бірі оны қолдаса, бірі мақұлдамайтынын айтты.
Икрам тағы бір кездескенде, бізге серт беру керектігін айтты. Ортаға мәтін жазылған парақты тастады. Соны дауыстап оқып, Алла жолында күресетінімізді, көсемге бағынатынымызды айтып, ант еттік. Бұл рәсімді «баят қылу» деп атады. Одан кейін қару-жарақты алып келіп, бәрімізге көрсетті. Бірақ теракт жоспары жүзеге аспады. 2018 жылдың маусым айында ҰҚК қызметкерлері топ мүшелерін ұстады. Олар алдын ала жұмыстанған екен, сот отырысында бейнежазбаны көрсетті. Онда қару-жарақты таныстырып жатқан сәт көрсетілген екен. Содан кейін жеті-сегіз ай бойы тергеу жұмысы жүргізілді. Бірнеше қару-жарақ тәркіленгені мәлім болды. Икрам қолға түспеді, қылмыстық іс қозғалып, оны іздестіру жұмысы жүргізілгенімен, сол күйі ғайып болды.
Қатаң түзету мекемесінде үш жыл жазамды өтедім. Топ ішінде кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім болып еді. Оған екі жыл шартты түрде бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Өзім құралыптас екі жас бес жылға сотталды. Түрмеде теологтар, психологтар ұдайы түсіндіру жұмысын жүргізді. Жазамды өтеп шыққан соң бір жыл бойы арнаулы құрылымдар қадағалауында болдым. Қазіргі уақытта құрылыс нысанында жұмыс істеп жатырмын. Әбу Ханифа мәзһабы бойынша намаз оқимын. Өткен іске өкінемін. Жастар көпшілік баратын жерге үйір болғаны дұрыс. Ал екі-үш адам жасырын түрде мәжіліс құрып, заңға қайшы әңгіме айтса, бірден бойын аулақ салған жөн. Дін саласына қатысты сауалдар туындаса, мекеме теологтары мен мешіт имамдарына жолыққан дұрыс, – деді Бекарыс.
- S. Облыс бойынша дін саласында құрамында 106 адам бар 14 ақпараттық-түсіндіру тобы бар. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің келісімімен облыс көлеміндегі әр түрлі мақсатты топтармен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу үшін іс-шаралар жоспары жартыжыл сайын жасақталады. Сананы ағарту өте күрделі іс екенін айттық. Тұрғындардың дін сауатын арттыру өте өзекті. Террорлық қылмыс жасағандар қатаң жазаланады. Әсіресе, жастық шағын темір торда өткізгендер опық жеп қалатыны анық. Радикалды топтардың қам-қарекетін, үгіт-насихатына тосқауыл болатын ұлттық танымды насихаттау аса маңызды.
Жансұлтан Сафиуллин, «Қазақстан адам ресурсы» қоғамдық қорының теолог маманы:
– Терроризм-экстремизм баптарымен сотталған азаматтармен жұмысты екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі — теолог маманның жеке сұхбат жүргізуі, екіншісі — топтық жұмыс жасау. Бірінші тәсілде теолог маман сотталушымен сұхбат құру, әңгімелесу арқылы оның теріс бағытқа түсу себебін анықтайды. Кейін бірте-бірте оның ұстанған жолының бұрыстығына қатысты дәлел-дәйек келтіреміз. Бұндай тәсіл ұзақ мерзімге жоспарланады. Айына кемінде 2-3 мәрте жеке кездесу өткіземіз. Екіншіс әдіс — терроризм, экстремизм бабымен сотталған азаматтарға топтық шаралар ұйымдастыру. Бұл шараларға дәрістер, спорттық, интеллектуалды сайыстар, дәстүрді насихаттауға арналған қолөнер сайыстары, кинотерапия, тағы басқа шаралар жатады. Бұл шаралар оңалтудан көрі қоғамға бейімдеуге бағытталған. Одан бөлек республикалық ақпараттық топ мүшелерін шақыртып, олармен топтық кездесу өткіземіз. Бұл тәсілдің берер жемісі мол.
Сотталғандарды оңалту жұмыс жасау тәсіліне байланысты. Өйткені оның алдына әртүрлі адам келеді. Біреу ашық мінезді, біреу тұйық, біреу қызба мінезді. Олардың барлығының тілін табу үшін теолог мамандардың психолог, педагог болуына тура келеді. Ең басты міндет — олардың сыр ақтарып, сөйлеуін мүмкіндік беру керек. Содан кейін дәстүрлі ұстаным негіздерін насихаттаймыз. Олардың уәжіне қарсы дәлел-дәйек келтіреміз. Оны қабылдайтындар болады. Қырсығып қалатындар да бар. Олардың бойындағы өзгерісті топтық шараларға қатысуы арқылы байқауға болады. Қоғамға бейімделіп келе жатырған деструктивті діни ағым өкілі спорттық, интеллектуалды шараларға белсене қатыса бастайды. Нәтижесінде, өз ойын өзгертіп, өзінің тура жолға түскенін айтады. Кейін оның осы тұжырымға нақты бекуі үшін теолог мамандар ағарту жұмысын күшейтеді. Түзету мекемесінен шыққаннан кейін де онымен байланыс үзбей, кездесулерге, шаралар шақырып, қайырымдылық жұмыстарын да жасап тұрады.
10-20 жыл бойы темір тордың артында отырған адамның қоғамға сіңісіп кетуі қиын. Оған психологиялық, моралды және рухани қолдау қажет. Сол үшін біз ондай адамдарға дұрыс орта қалыптастыруға ықпал жасауға тырысамыз. Басым жағдайда қоғамға бейімделіп, өздерін қолға алатын азаматтар көптеп кездеседі. Кей жағдайда ғана темір торға қайта оралатындар болады.
Нұртай ТЕКЕБАЙ
фото: proza.ru