Облыс орталығынан 500 шақырым жерде орналасқан Жәнібек, Бөкей ордасының автожолын күрделі жөндеу созбалаңға салынды. Бұл өңір тарихында ауқымда жобаның бірі болып есептелінеді. Республикалық маңызы бар жолдың 248 шақырым бөлігіне алғаш рет асфальт-бетон қоспасын төсеу қолға алынды. Автокөлік жол екі тармаққа бөлінеді. Біріншісі – Казталовка – Жәнібек – РФ шекарасы бағыты болса, екіншісі – Өнеге – Бисен – Сайқын бағыты.
2024 жылдың тамыз айында тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Казталовка – Жәнібек автожолын жөндеу аяқталғанын ресми түрде жариялап, жолдың ашылу салтанатын өткізді. Бірақ жұмыс әлі жүргізіліп жатқан учаскелер бар. Өнеге – Бисен – Сайқын автожолы асфальтталуда. Ал Жәнібек ауылынан Ресей Федерациясының шекарасына алып шығатын жолды күрделі жөндеу кешігуде.
Екі Президент, үш әкім қадағалаған жоба
Батыс Қазақстан облысы автожолының жағдайы үкімет отырыстарында жиі сын садағына ілігетін. 2012-2016 жылдары облысты Нұрлан Ноғаев басқарған кезде өңірдегі жолдардың жайы нашар екендігі жиі айтылатын. 2018 жылы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына жол салуды тапсырды. Сол кезде облыс әкімі болған Алтай Көлгінов «сең қозғалғанын» айтып, жалпақ жұртқа жария етті. Одан кейін облысқа Астанадан ақ жағалылар мен атқамінерлер жиі келіп, кеңес құра бастады. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Елбасы тапсырмасы мүлтіксіз орындалатынын, 2019 жылы республикалық жолы жөндеу басталатынын, жол құрылысына жыл сайын бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінетінін айтты.
2 слайд
2019 жылы Назарбаев биліктен кететінін мәлімдеді. Көп ұзамай Көлгінов те лауазымдық міндетін аяқтады. Осыдан кейін автожол аяқсыз қала ма деген дүдәмал ойдан көптің көңілі күпті болды. Екінші Президент Қасым-Жомарт Тоқаев автожолды күрделі жөндеу жобасын тікелей бақылуға алатынын мәлімдеп, үкіметке 2021 жылы аяқтауды тапсырды. Әу бастан автожолды үш жылда жаңғыртып болу кесіліп-пішілген мәселе еді. Бірақ үшжылдық бағдарлама аясында мердігер компаниялар 248 шақырым автожолды асфальттай алмады. Алты учаскедегі жұмыс ала-құла жүрді.
Екі Президенттің де тапсырмасы межелі уақытында орындала қойған жоқ. 2019-2022 жылдары облыс әкімі Ғали Есқалиев болған кезде жол құрылысы манди қоймады. Билік бақылауының босаң болуы, коронавирус пандемиясы, мердігерлер дауы, материал тапшылығы салдарынан автожолды күрделі жөндеу кідірді. 2021 жылы жолды жаңғырту жұмысы аяқталады деген Есқалиевтің уәдесі уәде күйінде қалды. Ақыр аяғы облыс әкімдігі жауапкершілікті мойынға алуды министрліктер, ал министрліктер тапсырыс берушіге ысырумен болды. Тоқаев жолды жөндеу жұмысын ширату жөнінде үкіметке қайтадан тапсырма берді. Жобаны тәмамдайтын мерзім 2024 жылға қарай шегерілді. Есқалиевтен кейін облыс басшысы болып тағайындалған Нариман Төреғалиев материал жеткізу, логистика мәселесін шешуге ден қойды. Облыстағы біраз жобаға арналған қаражатты алыс аудандарға салынып жатқан трасса құрылысына бағыттады. Есесіне облыстық деңгейдегі және жергілікті маңыздағы басқа жолдарды жөндеу кідірді.
Құрылыс құны қымбаттады
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ 2019 жылы екі жобаның құны 57 млрд теңгеге есептелгенін мәлімдеді. Бүгінге дейін жоба қымбаттап, 82 млрд теңгеге жетіп жығылды. Сонда бір шақырым жолға 333,4 млн теңге жұмсалған.
3 слайд
Казталовка – Жәнібек – РФ шекарасы және Өнеге – Бисен – Сайқын автожолдарында алты учаске бойынша жұмыс жүргізілуде. Бас мердігерлер ретінде «Uniserf», «Теміржол жөндеу», «Бекет СәтЖол», «Атырау жолдары», «Ақжол құрылыс» ЖШС-лары бекітілді.
5 слайд
Мердігерлер дауы
2020 жылы екінші учаскеде мердігерлер арасында келіспеушілік туындады. «Казталовка – Жәнібек – РФ шекарасындағы 53-95 шақырым» нысаны бойынша бас мердігер «Теміржол жөндеу» ЖШС мен қосалқы мердігер ADF Story+ ЖШС-ның басы дауға қалды. Қосалқы мердігер жергілікті 15 кәсіпкерді жалдаған.
«АБУ-групп»,«БатысСпецСтройСервис», «УралСпецСтройСервис», «Zhaik Снаб» ЖШС, «Мансур-Батыс» ЖШС-лары және «Шынгыс», «Ермегалиев Ж», «Кайырсапа Б.Г.», «Адил сервис», «Гурсаев», «Галиева», «Урашева С», «Заминов Р.», «Щурихин», «SARA» жеке кәсіпкерліктері өздеріне тиесілі қаражатты ала алмай жүргендерін айтып, мәселе көтерді. Борыш сомасы – 236 млн 619 мың теңге.
ADF Story+ бас мердігердің қаражат аудармай жатқанын алға тартқан. Батысқазақстандық кәсіпкерлер техниканы жалға беру, құрылыс материалдарын жеткізу және тағы басқа қызметті атқаруға келіскен. Олар қаражаттың аударылатынына сеніп, 2020 жылы жұмысын жалғастырған. Бірақ бұл мәселе шешіле қоймады. Облыс әкімдігі өткізген кеңесте Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің өзі келіп, қатысты. Жиыннан кейін облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіханов кәсіпкерлер дауы азаматтық сот арқылы шешіледі деп түсіндірді. Бұған билік органдары араласпайтын болды. Бұл жерде «Теміржол жөндеу» ЖШС-ның өзі зардап шегуші болып танылды.
Биліктің неге тісі батпады?
Әкімдік шаң жуытпаған «Теміржол жөндеу» ЖШС бастапқы кезде Казталовка – Жәнібек автожолындағы екі учаскені (53-95, 95-138) қолға алған еді. Кәсіпкерлер жанжалынан кейін компания алғашқы учаскеден айырылды. Одан кейін даулы учаскеде асфальт төсеу жұмысы тоқтап қалды. Бір жыл бойы мердігерді анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурстары бірнеше мәрте ұйымдастырылды.
2020 жылы ЖШС мемлекетке 1,1 млрд теңге салық төлеген. Бірақ бас мердігер жеткілікті табыс тапқанымен, кәсіпкерлер мәселесін шешуге мүдделі болмады. Жолдың екінші бөлігінде «Теміржол жөндеу» жұмысын жалғастырды. Мемлекеттік органдардың бастапқыда бұл компанияны қорғап шығуының өзіндік себебі болғаны айқын. Ой жүгіртейік. Деректер сөйлесін.
9 слайд
Бұл ЖШС Kamkor Management компаниялар тобына кіреді, оның бенефициарларының бірі — қазақстандық олигарх Тимур Құлыбаев. Құлыбаевтың байлығы 5 миллиард доллар деп есептелінеді. Қазақстандағы ең ықпалды тұлғалардың бірі Құлыбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Назарбаеваның күйеуі.
10 слайд
Kamkor Management-тің бас директоры Диас Сүлейменов – бұрынғы Сыртқы істер министрі, дипломат Төлеутай Сқақұлы 2019 жылы ол Қазақстанның ең бай адамдарының рейтингінде 41-орынды иеленген. Forbes.kz сайтының мәліметі бойынша Алтай Құлыбаев (Тимур Құлыбаевтың ұлы) пен Арман Исмаиловпен өзара серіктес адамдар, Диас Сүлейменов Алматыдағы бірнеше мейрамхана желісін басқаратын «Ресторан.kz» ЖШС-на иелік етеді.
Ал Kamkor Management бас директорының орынбасары Әлібек Құлыбаев – Forbes тізіміндегі миллиардер, Қазақстанның бұрынғы президенті Тимур Құлыбаевтың туған ағасы Талғаттың баласы. Kamkor Management-тің төртінші құрылтайшысы – «Joint Technologies» ЖШС. «Joint Technologies» компаниясының тең иесі – «Кипрос» компаниясы, ал «Кипрос» Тимур Құлыбаевқа тиесілі.
Мерзімі екі есе ұзарған жоба
Автожолды жөндеу халықты әуре-сарсаңға салды. Жолға қатысты жаңалықты жылдар бойы сарыла күткен Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарының тұрғындары алғаш хабар жеткенде бөркін аспанға атқанымен, одан кейін біраз уақыт сабыр сақтауына тура келді. Құрылысқа дайындалған компаниялардың техникалары грейдер жолдың беткі қабатын қырып тастады. Айналма жолдың сапасы стандартқа сай болмады. 2019 жылы әрең басталған жол учаскелерінде техникалар қаңтарылып тұрды. Жаңбырлы күндері автожол ми батпаққа айналып, көліктер тұралап қалды. Жолаушылар тәулік бойы кідіріп, жол маңындағы ауылдарға аяқтай барып, түнеп шығатын оқиғалар жиіледі.
Ведмстволар мен тапсырыс беруші компания күрделі жөндеудің кідіруіне жыл бойы жаңбыр дыңмолынан жауғанын, коронавирус індеті кесірін тигізгенін сылтау қылады. Бірақ сараптай келе, одан да басқа факторлардың барын жоққа шығаруға болмайды. Мердігерлерді бекіту жұмысы ұзаққа созылды. Шалғай жердегі жол құрылысына қажет материал битум мен қиыршықтасты жеткізу мәселесін билік дер кезінде шеше алмады.
Көрші облыстардан қиыршық тас тасу үшін Ресей аумағындағы темір жол желісін пайдалануға тура келді. РФ тарапы Қазақстандағы вагондар стандартқа сай келмейді деген уәжбен бірнеше мәрте жолды бөгеп тастады. Оған қоса «Қазавтожол» 2022 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінбегенін, сәйкесінше мердігерлермен келісімшарт бұзылғанын мойындады. Осындай қат-қабат мәселелерден кейін жобаның құны өсіп, сметаға бірнеше мәрте түзету енгізілді. Қазіргі уақытта Бөкей ордасы ауданындағы автожолды асфальттау аяқталған жоқ. Осы ауданда маңызды туристік нысан – ірі тарихи музей кешені орналасқан Хан ордасы ауылының 21 шақырым кіреберіс жолды жөндеу мәселесі кейінге ысырылып келеді. Одан бөлек Жәнібек – РФ шекарасы жолын жаңғырту да кешеуілдеуде. Биліктің жобаны биыл бітіре алатыны күмәнді болып тұр.
Нұртай ТЕКЕБАЙ
фото: «ҚазАвтоЖол» ҰК