Алғашқы протесттер туралы бірінші болып Reuters және The Guardian басылымдары жазды. Олар протест себебі газ бағасының өсуі деп берді.
5 қаңтар. Президент Тоқаев ОДКБ ұйымына мүше елдерінен көмек сұрап (осы күні Тоқаев бүлікшілерге [aka содырларға] қатысты террорист сөзін алғаш қолданды), ОДКБ оған бірден келіскен кезде батыс медиа басылымдары Ресей ықпалына басымдық беріп жазды. Мысалы, Reuters “Ресей бастаған альянс Қазақстанға бітімгершілік миссиясын (peacekeepers) жібереді”, The New York Times “Ресей Қазақстанға протестке шыққандарды басу үшін әскер жібереді”, The Washington Post “Қазақстандағы дүрбелең мен Ресей интервенциясы туралы мынаны білуіңіз керек” деп жазды. Қалған басылымдардың барлығы осы риторикалық шеңберінде болды. Жеке өзім, Reuters редакциясының peacekeepers сөзін қолданғанын қолдаймын. The Associated Press басылымы да солай жазды. Ал The New York Times мақаласындағы “протестке шыққандарды басуға Ресей көмектеседі” деуі бұрмалау. Себебі бұл Ресей емес, одақ шеңберіндегі әрекет және олар Қазақстан территориясында протестке шыққандарға қарсы күресуді мақсат етпейді. Олар маңызды нысандарды қорғау үшін келмек еді. Ал The Washington Post редакциясының интервенция сөзін пайдалануы да бұрмалау. Себебі одақ елдерінің Қазақстанға әскер жіберуі Қазақстанның де факто билігі сұранысымен жолға асырылып жатыр. Тақырыптың интерпретациясы “Бір елдің тәуелсіз өзге бір елдің ішкі мәселесіне сұраусыз араласуын” білдіріп тұрған сияқты.
Одан кейін үкіметтің отствакаға кеткені, интернеттің бұғатталғаны, төтенше жағдайдың жарияланғаны, қираған нысандар мен өлімге қатысты стандартты жаңалықтар легі болды.
7 қаңтар. The New York Times “Қазақстандағы протест есебінен Ресей тағы да аймақтағы ықпалын күшейтуге тырыспақ” десе, Reuters Алматыда толқын күшейгенін, сол үшін Ресей әскерін кіргізіп жатқанын жазды, нақтырақ, Ресей әскері Қазақстанға жіберілетіні жайлы ақпараттан кейін Алматыда толқын күшейгенін меңзейді (оған нақты дәлел жоқ сияқты). Reuters тағы бір мақаласы “Қазақ президенті протестер толқынын баса алмады. Бұрынғы совет елдері көмек ұсынды” деген тақырыпта шықты. Тақырыптың бірінші бөлігіне қатысты қарсылығым жоқ. Бірақ екінші бөлігі өтірік. Бұрынғы совет елдері көмек ұсынған жоқ. Керісінше Тоқаев көмек сұрады. Әрине, Путин Тоқаевқа ұсынысты бірінші айтқан болуы мүмкін. Бірақ оған дәлел жоқ және журналистер дәлелсіз бұрмалауға бармауы керек. Сосын осы мақалада ОДКБ сынды одақ бар екені және соның шеңберінде әскердің кіретіні жайлы еш жазылмаған. Батыс елдеріндегі азаматтар мұны жәй “пост-кеңестік Қазақстанда протест болып жатыр. Оны басуға өзге бұрынғы совет елдері әскери көмек бермек” деген ақпарат береді.
Сол күні Reuters басылымы “Қазақ президенті протесті басуға ескертусіз атуға бұйрық берді” деп жазды. Бұл жалпы Батыстағы мейнстрим медианың сол күнгі басты риторикасы болды, яғни “shoot without warning” барлық медианың тақырып контекстіне айналды. NYT, WSJ, WP, AlJazeera, BBC және басқа медиа ресурстар Тоқаевтың осы сөзіне акцент берді. Бұл жерде Батыс медиа ресурстарын түсінуге болады. Батыс өркениеті автократиялық елдердің ресми мәлімдемелеріне күмәнмен қарайды. Қазіргі жағдайда, олар Тоқаевтың Алматыда содырлар жүргеніне қатысты мәлімдемесіне сенбеді және Қазақ президенті билікті қолына алған автократ қарапайым халықты ескертусіз атуға бұйырды деп түсінді.
Сосын ақпараттың жетіспеушілігі де үлкен рөл ойнады. Қазақстанда интернеттің бұғатталуы шетел басылымдарының іштегі жағдай туралы тереңірек білуіне кедергі болды. Және Президент Тоқаевтың Твиттерде “we must kill them” (кейін өшірілді) деп жазғанына Батыс журналистері бас салды. Сосын оның айтылған сөздерін растайтын дәйек мәліметтер жарияланбауы да олардың арасында күмән тудырды. Қырғыздың танымал музыканты Викрам Рузахуновты террорист ретінде көрсетуге тырысуы күмәнді одан әрі ұлғайтты. Әлі күнге дейін 20 мың содыр (мұнда Тоқаев террорист сөзін қолданды) деген мәліметіне қатысты сұрақтар көп.
Тоқаевтың бірнеше твитінің еш түсіндірусіз өшірілуі де батыс журналистері арасында күмән тудырды. Бірақ твиттегі деректі билік жоққа шығарған жоқ. Ақорда сайтында әлі тұр және Ішкі істер министрі де арнайы видео таратуында тағы айтты. Бірақ сол твиттің өшірілуі журналистердің көкейінде сұрақ тудырады. Бүгінге дейін соны Ресей және Батыс журналистері қайта қайта айтып жатыр. Оған қатысты кейін билік түсіндіру жұмыстарын жүргізбейінше, ол сұрақтар тоқтамайтыны да анық.
10 қаңтар. Қазақстандағы дүрбелеңнің мемлекеттік төңкеріс әрекеті салдары екені айтылды. Оны батыстағы басылымдар дәл сол күйінде берді. Reuters мақаланың ішінде айтып өтсе, The Washington Post пен The New York Times ешнәрсе жазған жоқ. Ал ОДКБ жиынына қатысты да ой интерпретациясы бар. Мысалы, The New York Times Путиннің ОДКБ әскерінің Қазақстан территориясынан шығатын уақытын айтпағанына акцент берді. Бірақ мақала ішінде Путиннің әскер “шектеулі уақыт” қалатынын және ол “Президент Тоқаев қалауына қарай” шешілетіні жайлы айтқаны берілген.
Соңғы күндердегі оқиғаларға байланысты ақпараттың жетіспеуінен медиа басылымдарда бұрмалаулар көп болды. Әлі күнге дейін айтылып жатқан содырлар жайлы ақпарат тапшы және олардың бар екеніне Батыс өркениетіндегі елдер әлі күмәнмен қарап отыр. Сол себепті де олар “биліктің антитеррористік операциясы протестке шыққандарға қарсы бағытталды” деп түсініп отыр. Тек The New York Times басылымының кеше шыққан мақаласында Алматыдағы қырғынға себеп ел ішіндегі билікке талас екені жайлы толық анализ жазды.
Жолдас Өрісбаев
журналист
Фото: Reuters