Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына 2019 жылдың 13 мамыры күні жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретіндегі алғашқы әрі әзірге жалғыз сапарында Батыс Қазақстан облысы басшылығына қандай тапсырмалар жүктеген еді? Тапсырмалар қалай орындалғанын sarapshy.info ақпарат агенттігі сараптап көрді.
Біріншіден, Президент облыс басшылығына жүктеген үлкен міндет – ауыл шаруашылығы кешенін дамыту. Өңірдің ет экспорттау мүмкіндігіне сенім білдіріп, бұл салада еңбек өнімділігі тым төмен екенін ескерткен еді.
2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда БҚО-ның ет экспорты 30,4% төмендеді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, 2021 жылдың 10 ай қорытындысы бойынша 832,2 мың АҚШ долларына 181,9 тонна ет (мал және құс еті) экспортталып, 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,4% төмендеген. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Ресей Федерациясына 2,1 млн. АҚШ долларына 654,4 тонна ет экспортталды. 2019 жылы Иран және Қытай елдеріне 1,9 млн. АҚШ долларына 390,5 тонна қой еті, ал Украина еліне 70,8 мың АҚШ долларға 108,9 тонна құс еті экспортталып еді.
Ал 2021 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға ауыл шаруашылығы басқармасына бюджеттен 19,3 млрд. теңге қаржы теңге бөлінген (басқарманың өзі ұсынған мәлімет).
2021 жылғы есеп бойынша, Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі –7 млн. 756 мың гектар. Соңғы 3 жыл аралығында (2019-2021) облыс бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1 млн 192 мың гектар жер анықталды. Оның біраз бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылса да, дәл қазір ауыл шаруашылығы жерлерінің 28% пайдаланылмай жатыр.
Екінші тапсырма — БҚО-да бизнестің дамуын біркелкілендіру. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шағын және орта бизнестің 90% астамы, сонда қамтылған халықтың 80% Орал қаласы мен Бөрлі ауданына тиесілі. Неліктен өзге аудандардың әкімдері шағын бизнестің дамуын өздерінде ынталандырмайды? Бұл – сұрақ. Тұрғындар мемлекет беретін мүмкіндіктер туралы біле ме? Бұл – таяу уақытта жауап берілуі тиіс басқа сауал. Әкімдік тұрғындарды кәсіпкерлік бағдарламасына көбірек тартып, бизнес негіздеріне оқытып, шағын несие беруді кеңейту керек. Ел бойынша шағын және орта бизнеске беретін жаңа мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс» деп нақты тапсырма берген болатын.
2,5 жыл бұрын берілген Президент тапсырмасы орындалмаған. Тіпті сол 2019 жылмен салыстырғанда шағын және орта кәсіпкерлік нысан саны 0,6%-ға азайды. 2019 жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 51 128 болған. Батыс Қазақстан облысының статистика департаментінің деректеріне сәйкес, 2021 жылдың 1 қарашасындағы есеп бойынша облыста 50 816 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Яғни, БҚО-да шағын және орта бизнес нысандары көбейіп, сала дамып жатқан жоқ.
Ал Президент сынаған бизнестің қалаға ғана шоғырлануына келсек, облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің 60 пайызы — Орал қаласында (30 353 нысан), 9,3% — Бөрлі ауданында (4 732 нысан). Облыс орталығымен қосылып жатқан Бәйтерек ауданында шағын және орта бизнес нысандарының үлесі — 5,7%.
БҚО-ның қалған 10 ауданының әрқайсысында шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының үлесі 4 пайыздан аспайды.
Шағын және орта кәсіп нысаны ең аз аудандар: Шыңғырлау (облыстағы үлесі 1,5%, 737 нысан), Жәнібек (1,7%, 868 нысан), Бөкей ордасы (2,1%, 1 074 нысан) және Тасқала аудандары (2,1%, 1 079 нысан).
Президент Тоқаевтың «Неліктен өзге аудандардың әкімдері шағын бизнестің дамуын ынталандырмайды?» деген сауалына БҚО басшылығы тарапынан әзірге мардымды жауап жоқ. Аудандарда шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының үлесі 1-2 % деген көрсеткіш – өте нашар, тіпті «шағын кәсіпкерлік бар» деп айтуға келмейтіні түсінікті.
Үшінші тапсырма — ауыз су. 2019 жылы БҚО-дағы ауылдардың 45% ғана орталықтандырылған суға қосылған еді. Президент бұл мәселені түбегейлі шешуді тапсырды.
БҚО-да әлі 186 ауылға ауыз су жеткен жоқ! Облыстағы 416 ауылдың 230-ы ғана орталықтандырылған ауыз суға қосылған. 21 ауылға ауыз су әлі көлікпен жеткізіледі. Оларды атап өтсек, Ақжайық ауданының Қабыл, Бітік, Мойылды, Бәйтерек ауданының Зеленое, Жаңақала ауданының Кіші Айдархан, Үшкемпір, Ақбалшық, Салтанат, Саралжын, Казталов ауданының Бособа, Қоныс, Сексенбаев, Жаңатаң, Әбіш, Көмекші, Оразғали, Сатыбалды, Ордабай, Беспішен ауылдары.
Төртінші тапсырма — жол. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өзекті мәселенің бірі – жол. 70% жайы мәз емес. Бұл – үлкен проблема. Мұндай жағдайды сын көтермейді деп санаймын. Бұл азаматтардың тек күнделікті өміріне ғана кері әсер етіп қоймай, өңірдің экспорттық-транзиттік әлеуетін де төмендетеді. Қазір Орынбор трассасы мен Казталовка, Жәнібек, Бөкей ордасы секілді үш оңтүстік ауданда жолды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын білемін. Үкімет пен әкімдікке бұл жұмыстарды 2021 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Аталған мәселе менің жеке бақылауымда болады» деп нақты айтқан-ды.
2021 жылдың соңына дейін санаулы күндер қалды. Республикалық маңызы бар «Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы» (Жәнібек ауданына) және «Өнеге — Бисен — Сайқын» (Бөкейордасы ауданына) автомобиль жолының жалпы ұзындығы жоба бойынша 248 шақырым.
Облыс әкімдігінің біздің сұранысқа берген мәліметінше, аталған жолға 2021 жылы 10,2 млрд. теңге қаражат бөлініп, 45 шақырымы жөндеуден өткен. Егер осынша қаржы шақырымға бөлінсе, 1 шақырым жолға 226 млн теңгеден жұмсалғаны ма? Бір ай бұрын Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 1 км жолды үшін күрделі жөндеуден өткізуге, шамамен 150-190 млн теңге жұмсалатынын айтқан болатын. Автожолды орташа жөндеу жұмысының құны БҚО аумағында 65-90 млн. теңгені құраса, Ақтөбе облысындағы жол құрылысына жұмсалатын қаржы көлемі 1 км үшін 30-40 млн. теңгені құрайтыны да белгілі болды. Бұл бағытқа жұмсалатын қаражат тексеруді, зерттеуді қажет етеді.
Әкімдіктің айтуынша, Жәнібек пен Бөкей ордасына «жобаны іске асыру мерзімі 2023 жыл». Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы мамырда БҚО-ға сапарында «екі ауданға жол 2021 жылдың аяғына дейін салынып, бітуі тиіс» деп, нақты міндет қойды. Ал қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкімет пен әкімдікке бұл жұмыстарды 2021 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын. Аталған мәселе менің жеке бақылауымда болады» деген болатын.
Екі Президенттің де ел алдында әкімдерге берген тапсырмасы неге уақытында орындалмайды? Орындалуына кім жауап беруі керек?
Нұрлыбек Рахманов,
sarapshy.info