Доллардың қымбаттауы тұрғын үй, көлік, азық-түлік бағасына қалай әсер етеді?  

Теңге бағамы Ресейдің «қызыл ақшасымен» қатар құнсызданып жатыр. Төл валютаны Ұлттық банк те,  Ұлттық экономика министрлігі де ырқына көндіре алмай әлек. Кейінгі екі аптада жүргізілген интервенция да теңгеге қолдау бола алмады. Бағам туралы болжам айту қиын.

Ұлттық банк бастап, қаржыға жауаптылар қостап, бұл уақытша құбылыс деп отыр. Алайда 1$/520 теңге болғанда, ақ жағалылар енді өспейді, жағдай бақылауда деген. Ертесіне 1$/529 теңгеге бір-ақ жетті. Бүгін 530-дан сатылуда. Шенеуніктердің берген уәделеріне сенім азайғандай… Көпшілік тұрғын үй бағасы не болмақ, азық-түлік инфляциясы жеделдей ме, көлік қымбаттай ма деген көкейтесті сауалдарға алаңдаулы. Нарықтағы жағдайды SARAPSHY.INFO тілшісі зерттеп көрді.

Тұрғын үй бағасы

Теңгенің әлсіреуіне байланысты Қазақстанда баспана қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты.

«Тұрғын үй нарығында импорттық құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты баға өзгеруі мүмкін. Біз мұны жоққа шығармаймыз. Бірақ, сонымен бірге, біз әлеуметтік тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Отбасы банктің» өнімдеріне, әлеуметтік жалға беру өнімдеріне, «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» қаржыландыратын тұрғын үй несиесіне қатысты барлығын бақылауда ұстайтынымыз анық. Онда біз 1 шаршы метрге шекті бағаларды реттей аламыз. Сондықтан, бұл жерде жағдай бақылауда болады деп ойлаймын», – деді Байбазаров.

Айта кететіні, елімізде тұрғын үй құрылысына қажет заттардың тең жартысы шетелден импортталады. Мәселен, цемент, арматура Қазақстанда өндірілсе, үйдің ішін әрлеуге арналған заттардың барлығы сырттан тасымалданады. Бұл тұрғын үй нарығының импортқа тәуелділігін көрсетеді.

Сондықтан Байбазаровтың айтуынша, импортқа тәуелділіктен арылу үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Қазақстанда арнайы әрлеу материалдарын дайындау бойынша құрылыс индустриясын дамытудың арнайы бағдарламасын әзірлеу тапсырылған.

«Әртүрлі санаттағы нарықтық тұрғын үйге келетін болсақ, бизнес, элиталық немесе люкс санатының бағасын нарықтың өзі анықтайды. Яғни сұраныс болса, құрылыс компаниялары үйлерін сатады. Сұраныс болмаса, құрылыс компаниялары осы жылдар ішінде маркетингті үйренді, сатуды біледі, сонымен қатар әртүрлі схеманы ұсынады деп ойлаймын. Менің ойымша, сатушы мен клиент бірін-бірі табады», – дейді Байбазаров.

Азық-түлік бағасы қымбаттай ма?

Қарашада Қазақстанда доллар бағамының құбылуына қарамастан инфляция баяулап, бір жылда 8,4% (2024 жылғықазанда – 8,5%) болды. Бір айда инфляция 0,9%-ды құрады. Бұл ретте азық-түлік тауарларының құны – 5,4% өсті.

Өңірлер бөлінісінде 2024 жылғы қарашада ең жоғары инфляция – Астана қаласында (10,3%), Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облысында (9,4%) тіркелді.

Алдағы айларда не болмақ?

2023 жылы Қазақстан экспорттан 2 есе көп азық-түлік импорттаған. Мәселен, экспорт сомасы 2,5 млрд долларды құраса, импорт 5 млрд долларға жетті. Шетелге ұн мен астық сатылса, сол ұннан жасалған макарон өнімдері екі есе бағамен қайта елге әкелінеді. Яғни Италияға бидай сатамыз, сосын олардан осы дәннен жасалған дайын макарон өнімдерін доллармен сатып аламыз. Бұл дегеніміз азық-түлік бағасының импортқа ғана емес, АҚШ валютасының бағамына да тәуелді екенін көрсетеді.

Қазақстанға жалпы импорттың 60%-ы ТМД елдеріне келеді. Бұл ретте Ресейдің үлесі – 43%. Геосаяси тұрақсыздық пен санкцияларға қарамастан, елімізге аталған елден импорт жоғары деңгейде қалып отыр.

Көлік бағасы қалай құбылады?

Жыл соңына қарай диллерлік орталықтар «Жасыл жұма» деп бүкіл әлемнің жеңілдіктер науқанын сылтауратып 4-8%-ға көлік бағасын арзандата бастады. Алайда мұны өндірушілер ұсынып отырған жомарттық пен мәрттікке баламаңыз. Себебі бұл – таза маркетинг.

Диллерлер желтоқсанның соңына дейін 2024 жылы өндірілген автокөліктерін сатып бітіргісі келеді. Өйткені кез келген адам 2025 жылы диллерден жылы әрі жаңа көлік алғысы келеді. Сондықтан көлік саудасын арттыру үшін өндірушілер осындай қадамға барады.

Алайда Қазақстанда көліктер шағын торапты жинақ әдісімен шығарылмайды, барлық қажет жабдықтар шетелден әкелініп, елде құрастырылады. Ал оның барлығы доллармен сатып алынады. Демек 2025 жылы доллар бағамына қарай елде өндірілген автолар бағасы өсуі мүмкін. Бұған ел Үкіметінің «сұр» диллерлерге енгізілген «1 адамға – 1 көлік» шектеуін қоссақ, бағаның қалай өзгеретінін бағамдау қиын емес.

Әлбетте нарықта әлемдік авто өндірушілердің саудасын құлдыратқан қытайлық автоларды жоққа шығаруға болмайды. Бұл ретте Қытай өндірушілері қолжетімді баға ұсыну жағынан да «шебер». Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстанға BYD бастаған 10-нан астам жаңа ҚХР бренді келмек. Бұл нарықта бәсекелестікті арттырып, «аспан асты елі» темір тұлпарларының бағасын түсіруі де мүмкін. Алайда сұранысқа ие жапон, кәріс, еуропалық көліктердің бағасы жыл сайын өспесе түскен емес.

Маңызды болжам

Сарапшылар 2025 жылғы теңге/доллар бағамына қатысты бірнеше болжам ұсынып отыр. Ұлттық экономика министрлігі 2025 жылы доллар бағамы орташа есеппен 470-480 теңге деңгейінде, Halyk Finance сарапшылары 495 теңге шамасында, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы 500 теңге болуы мүмкін, дейді. Бұл – биылғы бағаммен шамалас. Алайда келер жылы АЕК өседі. Бұл да кейбір қызмет ақысының өсуіне ықпал етеді. Мысалы, биыл 1 АЕК 3 692 теңге болса, келесі жылы 1 АЕК 3932 теңге деп тағайындалады. Сәйкесінше мемлекеттік қызметтердің ақысы да көтеріледі. Ол реттелетін бағалардың өзгеруіне де, мысалы, Энергия ресурстары мен коммуналдық қызметтердің тарифтерінің өсуіне де ықпал етеді. Ол жалпы инфляция деңгейіне әсер етеді.

Бұдан бөлек сарапшылар халықтың тұтынушылық қабілеті өсіп келеді, бұл  тауарлар мен қызметтерге сұранысты арттырады, ол өз кезегінде бағаның өсуіне ықпал етеді дейді.

Сондай-ақ сыртқы экономикалық жағдайлар – әлемдік нарықтағы өзгерістер, әсіресе импорттық тауарлардың бағасы – ішкі нарықтағы баға деңгейіне ықпал етеді. Биыл АҚШ-тағы Президент сайлауында Трамптың жеңіске жетуі әлемдік экономикалық саясатқа біраз өзгеріс әкелмек. Ол өзгеріс біздегі бағаның да құбылуына әсер етеді. АҚШ-та сайлау өткен күннің ертесіне доллар күрт қымбаттап, оған Трамптың сайлануы әсер еткенін Ұлттық банк өкілдері де мойындаған. Ең қызығы, Трамптың шешімі 2025 жылы да экономика мен тауар бағасына ықпал еткелі тұр.

Ақбота Ахмет

Сурет: pexels.com

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз