27 қараша Алматы облысы Қарасай ауданының Іргелі ауылында жеті жасар баланы мектеп автобусы қағып кетті. Дәлірек айтсақ, оқыс оқиға «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде болды. JAC микроавтобусының жүргізушісі көлікті артқа қарай жүргізген кезде анасымен бірге тұрған баланы байқамай қалған.
Орын алған оқиғаға қатысты бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тез тарады. Бейнероликтерде тұрғындардың жанайқайы мен билікке наразылығы көрсетілген. Олар осындай оқиғалардың түбі орын алатынын білгенін, талай мәрте әкімдікке хат жазып, мектеп салуын ескерткендерін айтады. Алайда әкімдіктен ешқандай жауап болмаған. Жаңа мектепті күтіп жүргенімізге 10 жыл болды, дейді тұрғындар.
Осы оқиғадан соң «Асыл Арман» тұрғындары жиналып, Қарасай ауданының әкімін шақырды. Бірақ оқиға орнына әкім өзінің орынбасарын жіберді.
Көрші ауылдағы мектептің өзі үш ауысымды
Sarapshy.info редакциясының тілшісі Асыл Арман тұрғыны Ажар Ануарбекқызымен тілдесіп, тұрғын үйге қатысты өзге де мәселелер туралы сөйлесті.
«Асыл Арманға» 2015 жылы көшіп келдім, бала-шағам осында дүниеге келді. Сол балаларым қазір мектепке барады, осы күні қалаға қатынап оқытамын, өзіме ыңғайлы болсын деп жұмыс орнымның жанындағы мектепке орналастырдым», – дейді екі баласы бар ана.
Ажардың айтуынша, бұл тұрғын үй кешенінің өзінде мектеп жоқ. Тек 10 шақырым жерде Кемертоған ауылы бар. Сол ауылда қазақ тілді мектеп орналасқан. «Ауылдың шетіне сол мектепті салғандарына 6 жыл болды, соған да қуандық» дейді. Себебі тұрғындар балаларын бұрын Алматыға, Қаскелеңге апарып оқытқан.
«Көп бала Кемертоғандағы мектепке қатынап оқиды. Ол мектепке бала сыймайды, себебі ол нысандағы оқу режимі үш ауысымды. Кабинеттері қапырық. Таңертең келген мұғалім кешке дейін сабақ өткізеді. Сапалы білім беріліп жатқан жоқ. Мұғалімдер ілініп-салынып әрең жүр», – дейді Ажар.
Кемертоғандағы мектептен бөлек Іргелі ауылында екі мезгіл оқытатын орыс тілді Лев Толстой мектебі бар. Күні кеше қайтыс болған бала сол Лев Толстой мектебінің оқушысы екен.
40 мыңға жуық адам: мемлекеттік балабақша мен мектеп жоқ
10 жылдан бері «Асыл Арманда» тұрып келе жатқан Ажар бұл жақта шамамен 40 мыңға жуық адам тұратынын айтты. Оның ішінде пәтерді жалға алып тұратындар көп. Соған қарамастан бұл аумақта мемлекеттік балабақша да, мектеп те, аурухана да жоқ.
«Асыл Арманда 21 үй бар. Оның әрқайсында 4 подъезден, әр подъезде 73-80 пәтерден. Кей үйде бірінші қабат коммерциялық бағытта берілген, сондықтан 73 квартирадан есептеуге болады. Шамамен 40 мыңдай адам тұрады. Мемлекеттік балабақша жоқ. Барлығы – жеке балабақша. Бағасы – 35-45 мың теңге. «Сенім» деген ақылы емхана ғана бар», – дейді ашынған ана.
Осы уақытқа дейін бұқаралық ақпарат құралдарында «Асыл Армандағы» сасық иіс, улы газ туралы мәселе көтеріліп, тіпті сол ауаның ластығынан тұрғындарда тері аурулары мен аллергия пайда болғанын жазған еді.
«Соңғы оқиғаның қасында бұл мәселе түк болмай қалды, – дейді Ажар. – Талай қылмыстық оқиға туралы естідік. Тіпті қыста ауыз су келмей қалып, водовоздан суды кезекпен алған кездеріміз де болды. Бәрін көріп келеміз».
Оқыс жағдай қайталануы мүмкін деп талай мәрте белсенділер мен тұрғындар жиналып, шырылдаған халықпен бірге хат та жазылды. Алайда әкімдік еш қозғалмайды деп күйінеді. 2019 жылы мектеп салуды сұрап халықтың жазған хатын да көрсетіп, сол уақыттан бері әлі әрекет жоқ дейді.
«Жағымсыз иістен аллергия шығып, бауырым демікпеге шалдықты»
Алматыға оқуға түсіп, Ақтөбеден келген Әселдің «Асыл Арманда» тұрып жатқанына төрт жыл болған. Бастапқыда студент болды. Қазір Алматы облысындағы SDU University-де жұмыс істейді. Әсел Мергенова да сол жақтағы инфрақұрылымның өте қолайсыз әрі ыңғайсыз салынғанына күнде куә болатынын айтады.
«Үйдің жанында, шынын айтқанда, базар сияқты нысандар өте көп. «Асыл Арманнан» шығатын көпір салынбай тұрып, аялдама болған еді. Сол кезде автобустар ішке дейін кіріп, халықты түсіріп кететін. Кейін сол аялдаманы алып тастады. Көпір өте ыңғайсыз жерде орналасқан. Инфрақұрылымы қолайсыз. Себебі машиналар тоқтаусыз жүріп жатады. Жаяу жүргіншілер сол көліктердің ортасымен сығылысып өтеді», – деді ол.
Әселдің айтуынша, аялдамалар болу керек орындарда базардың саудагерлері кәуап пісіріп тұрады. Автобус күтіп тұрған кезде қоңырсыған ет иісі сезіледі, сол маңға түтін жайылады.
«Автобустар ауылға кірген кезде сыймайды. Өте қауіпті. Бұл көліктер үлкен әрі биік болған соң, кішкентай балаларды көрмей қалуы әбден мүмкін. Өткен жолы бір атаны қағып кетті, себебі ол жерде жаяу жүргіншілер өтетін жол да жоқ», – деді ол.
«Енді тұрғын үйдің маңындағы лас иіс, тіпті бөлек әңгіме. Яндекс картамен қарайтын болсаңыз, осы маңда 3-4 қалдық қоймасы (скважинная ванна) бар. Тұрғын үйден сәл алыстау жерде тұрған «картон» зауыт химикат қалдықтарын құбыр арқылы сол алқапқа жібереді екен. Абай ауылы, Райымбек, Асыл Арман, Шұғыла, Апорттан сол себепті өте қатты жағымсыз иіс шығады. Қазір бауырымның аллергиясы қозып, астматик болып кетті», – дейді Мергенова.
Тұрғындардың пікірін тыңдаған соң, Sarapshy.info редакциясының тілшісі Ілгері ауылдық округі әкімінің орынбасары Аркен Кенжебай мырзамен сөйлесті.
«Мен де «Асыл Арманның» тұрғынымын»
Әкім орынбасары осы «Асыл Арманның» тұрғыны екенін айта келіп:
«Асыл Арманда» 21 үй, 5888 пәтер бар. Екі-үш адамнан есептейтін болсақ, шамамен 10 000-13 000 адам тұрады. Стандартқа сай. Бірақ жалпы адам санын 20-30 мың деп алсақ болады, себебі заңсыз тұратын жалға алушы көп», – деп тұрғындар саны көп екенін мойындады.
«Асыл Армандағы» мектеп пен балабақша мәселесін қозғадық. А. Кенжебай тұрғын үйдің жанында мектеп жоқ екенін және жеке балабақша көп екенін айтты. «Кемертоғанда тағы бір жаңа мектеп желтоқсан айының аяғында пайдалануға беріледі», – деді Аркен мырза.
«Асыл Арман» кешенінде мектеп қарастырылмаған. 2016 жылы Қарасай ауданы әкімшілігі тарапынан 2000 балаға арналған жер учаскісі беріліп, «Шапырашты» ЖК өз қаражатына мектеп салып жатыр. Бізде мемлекеттік балабақша да жоқ. «Асыл Арманның» ішінде жеке балабақша саны – алтау. Аурухана ауылдық округ орталығының өзінде бар. Ал үй кешені аумағында емхана мен амбулатория бар», – деді Кенжебай.
Аркен мырзаның айтуынша, «Асыл Арманның» тұрғындарын үш қоғамдық көлік тасымалдайды. Олар: №100, 16, 14 маршуттар. №16 маршрут бойынша автопарк иесі әкімдіктен «Жақсы орын, жақсы тұрақ реттеп беріңіздер» деп жиі сұрайды. Әкімдік Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына жетпей мемлекетке тиесілі жерден кең тұрақ дайындаған.
«Біздің оларға арналған тұрағымыз бар. Кәдімгідей кең жер. Автобус айналып жүре алады. Ешкім кедергі келтірмейді. Автобустар сол тұраққа барамыз деп тұр, біз рұқсат бермей отырмыз. Себебі «Асыл Арманның» тұрғындарының бірі барсын, бірі бармасын деп екіге жарылып отыр. Екі ортада біз таяқ жеп жатырмыз. Былтыр жаңа жылға дейін оларды көшіріп тастауға болатын еді», – деді әкім орынбасары.
Аркен мырзаның айтуынша, халық жиі шағымданатын базарлар мен дүңгіршектер жеке кәсіпкердікі. Олар кәсібін заңға сай жүргізуде. «Бизнесмендерге ештеңе дей алмаймыз. «Базарды алып тастаса, автобус тұратын орын босайды» деген әңгімені айтып жүргендер. Бірақ ол жерге автобус сыймайды», — деді ол.
Ал тұрғын үйден шығатын жағымсыз иіске қатысты тиісті шараларды қолданғанын айтады.
«Біз өз тарапымыздан шара қолдандық. Керекті органдарға хат жаздық. Алматы қаласы қазір өз тараптарынан Алматы ортақ кәріз жүйесіне қосылу бойынша техникалық ұсынысын беріп жатыр. Күніне екі мезгіл иіс шығады. Оны білемін», – дейді Аркен мырза.
«Асыл Арман» тұрғын үй кешеніндегі жағдай инфрақұрылымның жеткіліксіздігін және әкімдіктің дер кезінде назар аудармағанын аңғартады. Тұрғындар мектеп, балабақша және медициналық мекемелердің жоқтығына, сонымен қатар лас ауа мен инфрақұрылымның дұрыс жоспарланбауына байланысты жиі шағымданады. Жергілікті атқарушы органдар жағдайды бақылауда ұстауға тырысқанымен, тұрғындардың талап-тілектері толық орындалмай келеді.
Наргиза ЕРЕС
Сурет: Ашық дереккөздерден