Мамырда «Самұрық-Қазынаға» қарасты Qazaq Air компаниясын вьетнамдық инвестор сатып алғаны туралы ақпарат тарады. Мұны алдымен Президент Тоқаев, кейінірек министр Қарабаев хабарлады.
«Вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air авиакомпаниясын жекешелендіруін құптаймын. Бұл Қазақстан мен АСЕАН елдері арасындағы әуе қатынастарын жандандыруға мүмкіндік береді», – деді Тоқаев 23 мамырда Сингапурда өткен Қазақ-Сингапур бизнес-форумында.
Сол форумда ҚР Көлік министрлігі мен SOVICO Group арасында Стратегиялық серіктестік жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Артынша Үкіметте өткен брифингте көлік министрі Марат Қарабаев сатып алу-сату келісімі қыркүйек айының соңына дейін аяқталатынын хабарлап, VietJet кем дегенде 20 (кейбір ақпаратта 50-ге дейін) ұшақты тіркеп, ел ішінде де, халықаралық деңгейде де жұмыс істеуі керегін, сонымен қатар, Qazaq Air-дың 38 миллиард теңге қарызын өтейтінін айтты.
«Инвестор 50-ге дейін ұшақ әкелуді жоспарлап отыр. Нарықта жеткілікті күшті ойыншы пайда болады, өйткені, өздеріңіз білетіндей, Scat пен Air Astana-да 54 ұшақ бар. Бұл бәсекелестік пен әуе билетінің қолжетімділігіне әсер етеді. Мәмілені «Самұрық-Қазына» жүргізіп жатыр, мәміленің құны, менің ойымша, екі миллиард теңгеге жуық. Qazaq Air компаниясына қатысты айтарым, бұл өте жақсы мәміле, өйткені қарызды толығымен шетелдік компания төлейді, оған қоса 5 жыл ішінде 50 ұшақ сатып алады. Бұл – Қазақстанның авиация саласына қосылған қомақты үлес», – деді министр.
Әуе компаниясын сатып, әуежайды сенімгерлік басқаруға алады
Қарабаев сондай-ақ, вьетнамдық инвесторға қазақстандық әуежайлардың бірін инфрақұрылымға қосымша инвестиция салу шартымен сенімгерлік басқаруға беру мәселесі талқыланып жатқанын да хабарлады.
«Біз VietJet Air-пен кеңірек мүмкіндіктерді талқылап жатырмыз, яғни бұл тек үй әуежайы болатын хаб қана емес, біз оны Қазақстанға жүктерді жеткізу, біздің аумақта басқа елдерден жүктерді жинау және олардың орталығы ретінде пайдалануды талқылап жатырмыз. Одан әрі елден тыс жерге тасымалдау мәселесін қарастырамыз. Яғни бұл Ақтөбе әуежайы болса делік, Ақтөбеге Қытайдан немесе Вьетнамнан ұшақтар келіп, жүкті тастап/алып, қосымша жанармай құйып, одан кейін Еуропаға ұшады», – деп түсіндірді Марат Қарабаев.
Кейінірек Sovico Group өкілдері Қызылорда мен Түркістан облысы әкімдерімен меморандумға қол қойып, әуежайларын бірлесіп дамытуға келісті. Айта кетейік, екі қаланың да әуежайы жаңа. Халықаралық Әзірет Сұлтан Әуежайы 2020 жылы салынған, ал Қызылорда әуежайы осы айда ғана қолданысқа берілді. Әуежай мәселесі шешілгенімен, уәделі қыркүйек түгілі, қараша аяқталуға таяу Qazaq Air-ді сату мәмілесі толық аяқталған жоқ.
Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай кедергі болып отыр
«Самұрық-Қазына» төрағасы Нұрлан Жақыпов БАҚ-қа берген сұхбатында мәміленің аяқталмауына Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай кінәлі екенін айтқан.
«Белгілі бір нюанстар бар. Бұл келісімді жыл соңына дейін аяқтаймыз деп ойлаймын. Серіктес біздің нарыққа, макроортаға, көршілес мемлекеттерге және геосаяси жағдайға байланысты барлық ықтимал тәуекелдерді зерттейді. Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай өзгергенін білесіз», – деді Жақыпов.
Ал сарапшылар күмәнмен қарайтын сыңайлы. Қор нарығының маманы, Қазақстан миноритарлық акционерлер қауымдастығы атқарушы директоры Данияр Темірбаев QAMS телеграм арнасында «QAZAQ AIR-ды сату бойынша шарттарды және транзакциялық құжаттама жобаларын пысықтаудың соңғы кезеңі өтіп жатыр деп хабарлады. Жыл соңына дейін келісімді аяқтайтын сияқты. Бірақ қай жылдың соңына дейін екені түсініксіз» деп жазды.
Айта кетейік, әуе компаниясын мемлекеттік холдинг сатуға бірнеше рет талпынып көрген. Алғаш рет 2023 жылдың тамызында қазан айының басында жарияланған болатын. Сатып алуға мүдделі тұлғалардың барын жариялағанымен, өтінімдерді қабылдау мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Нәтижесінде қараша айында талапқа сай өтініштер келмегендіктен конкурс жарамсыз деп танылды. 2024 жылдың қаңтарында конкурс екінші рет жарамсыз деп танылды. Үшінші рет SOVICO Group-тың «көзі түсіп», келісім әлі жасалуда.
Qazaq Air қандай компания?
Qazaq Air әуе компаниясы 2015 жылы құрылған. 100% акциясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі компания 2022 жылғы соңғы қаржылық есебі бойынша 6,6 миллиард теңге шығынға ұшыраған. Ал 2023 жылы кірісі 4%-ға азайып, 19,6 млрд теңгені құрады. Таза шығыны 5,1 млрд теңгені құрады. Компанияның мемлекеттік холдингке 2033 жылға дейін өтелуі тиіс 38 миллиард теңге қарызы бар екені белгілі. Қысқасы, Qazaq Air – шығыны мен қарызы көп компания.
Инвестор мықты
SOVICO Group – 1990 жылы құрылған вьетнамдық холдинг. Компаниялар тобы энергетика, құрылыс, банк және қаржы секторларында, сондай-ақ авиацияға маманданған (VietJet Air авиакомпаниясы кіреді) ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. 2022 жылы компанияның табысы 20,6 миллиард долларды құрады. 2023 жылы компанияның салық төлегенге дейінгі пайдасы 1,485 млрд донгты (қазіргі бағам бойынша шамамен $59 мың) құрады. Қарқынды өсу үстіндегі компания 2023 жылы 25,3 миллион жолаушы тасымалдап, ұлттық әуе тасымалдаушы Vietnam Airlines-тен де озды. Соңғысы 2023-те 24,1 млн адам тасымалдаған.
2022 жылдың 25 қазанынан бастап холдинг құрамына кіретін VietJet Air әуе компаниясының А-330 ұшағы аптасына 2 рейс жиілігімен Алматы – Нха-Чанг бағыты бойынша ұша бастаған еді.
SOVICO Group-тың атағы иесімен және жарнамасына жартылай жалаңаш бортсеріктерді түсіруімен де танымал. Негізін қалаушы және директорлар кеңесінің төрағасы Нгуен Тхи Фыонг Тхао – Вьетнамдағы бірінші әйел-миллиардер. Биыл америкалық Fortune журналы оны Азиядағы ең ықпалды әйелдер (MPW Asia) тізіміне қосты. БАҚ-тың жазуынша ол 90-жылдардың басында КСРО-да білім алып, Жапония, Гонконг, Оңтүстік Кореядан тауар тасып, сатумен байыған. Жарнамасында жалаңаш қыздарды көбірек пайдаланатыны үшін әуе компаниясын «бикини әуежелісі» деп те атайды.
Нүкте қашан қойылады?
Мәміленің жасалатыны туралы Президент Тоқаевтың халықаралық форумда мәлімдеп, Нұрлан Жақыповтың жыл соңына дейін осы мәміле жабылады деуіне қарағанда, 2025 жылы «Самұрық-Қазына» шынымен де Qazaq Air-ден толық құтылатын сияқты. Болмаса «Самұрық-Қазына» Президенттің дүйім халыққа жасаған мәлімдемесіне селкеу түсіргені үшін Нұрлан Жақыповтан құтылатыны анық. Сонымен, желтоқсанда Qazaq Air-дің толық сатылғаны және Вьетнамдағы бірінші әйел-миллиардердің осыған қатысты мәлімдемесі туралы жаңалықты ақпарат құралдарында жариялануы бек мүмкін.
Ақбота Ахмет
Cурет: Qazaq Air