Грузиядағы оппозиция партиялар 26 қазанда өткен парламент сайлауының нәтижесі бұрмаланған деп, халықты наразылық шеруге шақырған болатын. Сол күннен бастап, митингтер әлі болып жатыр.
Орталық сайлау комиссиясының хабарлауы бойынша, жеңіске «Грузин арманы» партиясы жеткен еді. Алайда бұл шешімді оппозиция да, ел президенті Саломе Зурабишвили де мойындамады. Осы тұста Грузиядағы сайлаудың аяқ алысы мен айналасындағы дау төңірегінде саясаткер Дос Көшіммен Sarapsy.info тілшісі тілдескен болатын.
Грузиядағы сайлау кезінде Президент пен оппозицияның бір жақта болуы, мемлекет басшысының митингке жиналған жұртқа «Сіздер сайлауда жеңілген жоқсыздар. Олар сіздердің дауыстарыңызды ұрлады және болашақтарыңызды ұрламақшы болды, бірақ олай істеуге ешкімнің хақы жоқ, ал сіздер кімнің болсын олай істеуіне жол бермейсіздер» — деген сөздері одан әрі шиеленісті ушықтыра түскендей болды. Бұл құбылыс нені аңғартады:
— Балтық жағалауындағы елдерді білмеймін, бірақ Кеңес үкіметінің бұрынғы республикасының бәрінде әлі әділетті, демократиялы сайлау қалыптасқан жоқ. Сондықтан әр сайлау сайын, мейлі ол Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан болсын, ол көп жерде мойындалмайды. Грузиядағы билік жүйесінінің бір ерекшелігі президент көзқарасын айтса да, ол символдық тұлға болып қалады. Бұл саяси шиеленіс неге алып келеді десеңіз, менің ойымша, әзірге ештеңе болмайды. Себебі, оппозицияның күші «Грузин арманы» партиясынан төмен. Билік әлі де болса, «Грузин арманы» партиясының қолында, — дейді Дос Көшім.
Сайлау нәтижесіне қарсылық танытып жатқан тек грузиндер емес, Еуропа, АҚШ-тың өзі де сайлау қорытындысын мойындамай жатқанын назарға алсақ, оппозицияда халықтың бәрін алаңға алып шығатын күш бар ма ол жағы белгісіз екенін тілге тиек етті сарапшы.
«Грузин арманы» партиясы туралы не айтасыз? «Ресейшіл» дегенге қисынды тұжырым бар ма? — деген сауалымызға:
— Ресейшіл екені анық. Партияны Иванишвили құрған уақыттарда Ресейдің көмектескені мәлім. Бұлар Саакашвилидің құрған билігін, өзгерістерін жоққа шығарып, оның өзі (Иван – ред.) зорға қашып кетті ғой. «Грузия арманы» расында Ресейшіл бағытты ұстанады. Оппозициялық партияның ұстанымы анық, негізінен олардың екі партиясы Саакашвилидің ұстанымымен келе жатқан бұрынғы бағыттағы партиялар. Соңғы шыққан партияларға өз басым баға бере алмаймын. Бір қызығы екі тарапта Грузияның Еуропаға кіру мәселесін қолдап отыр. Бұл да бір өте қызық мәселе, — дейді сарапшы.
Грузия елдегі саяси ахуалға Ресейдің араласатынын жиі айтады. Тіпті Президент Саломе Зурабишвилидің өзі: «Бұл – Ресейдің арнайы операциясының нәтижесі» деген еді.
— Ресей елі өзінің қасындағы бұрынғы кеңес үкіметінің құрамында болған елдердің сайлауына ғана емес, керек десеңіз өзінен алыс жатқан елдердің де сайлауына араласады. Бұл — олардың мемлекеттік мүддесі. Олар онымен ашық жұмыс істейді. Екі рет Қазақстаның бақылаушыларын Украинаға алып бардым. Сол уақытта Яниковичте Ресей бағытын ашық қолдады. Қысқасы, мен Президенттің сөзіне қосыламын.
Грузия былтырдан бері Еуроодаққа кіруге үмітті. Бұл туралы митингі кезінде де қарапайым халық алаңда тұрған себебін осылай түсіндірген болатын.
— Жалпы авторитарлық Ресейдің ықпалынан шығатын елдер Еуропаға бет бұрады. Сондықтан Грузия осы мәселені 15-20 жыл бұрын айтқан. Ол уақытта мүмкіндік болмады, қазір ол мүмкіндік бар. Жоғарыда айттым, оппозиция да, билік те Еуроодаққа оң көзқараспен қарап отыр. Сондықтан қабылдай ма, қабылдамай ма, екінші мәселе. Еуроодақ әрине, іштей екіге бөлініп, қырқысып жатқан тұрақтылығы жоқ елдерге әр уақытта күмәнмен қарайды. Оларды сол уақытта қабылдай қоймайды. Сондықтан әуелі Грузияға саяси тұрақтылық керек. Не оппозицияның, не биліктің толық жеңіске жетуі маңызды. Содан соң Еуроодаққа қосылу мәселесін талқылауға болады. Әрине бұл одақтың Грузия үшін үлкен мәні бар. Мемлекеттің сипатына да, экономикалық байланысқа да үлкен әсер етеді. Грузияның да негізгі байланысы Ресеймен болды ғой. Ресей өзінің айтқанын орындамай қойғанда талай рет олардың шарабын да, жемісін де қабылдамай, экономикалық қысым көрсетті. Менің ойымша, Еуроодаққа қосылса, ұтатыны көп.
Грузияның бұрынғы Президенті Михаил Саакашвили жемқорлық жүйесін жойғаны туралы хабардармыз. Қазіргі билік институттары осы үрдісті жалғастыра алды ма? Грузия демократиялық өзгерістерді сәтті өткеріп жатыр деп ойлайсыз ба? Сарапшы осы сұрақтарға да жауап берді.
— Өз басым Грузияның саяси бағыттағы азаматтарымен көп сөйлестім, олардың бәрі сол уақыттағы Саакашвилидың жасаған реформасына оң көзбен қарайды. Керек десеңіз, билік басындағылардың көбі мойындайды. Әсіресе жемқорлықпен күресте оның реформасы өз жемісін берді. Ең қызығы, соңғы он жылда Грузияда болмадым. Сондықтан ол реформаның нәтижесі сақталып жатыр ма, оны білмеймін. Бірақ Саакашвилиден кейін демократиялық қадамдар жасалған жоқ. Егер Саакашвилидің жақтастары жеңсе, онда оның реформасы әрі қарай жалғасын табатыны айдан анық. Грузия таңқаларлық нәрсені көрсетті. Біз өз көзімізбен полициядағы, кедендегі жемқорлықты тоқтатқанын көрдік. Үш ай Грузияда полиция болмады. Бәрі жұмыстан кетіп, орнына жаңа адамдар алынды. Одан кейін барған жылдары не кеденнен, не жолдан полицияның жемқорлығын көрмедім. Бұрын талай рет сайлауға бақылаушы болып барғанымда, кеденнің бізді қалай тонағаны әлі есімде. Одан кейін өткенімде тамаша, кәдімгі Еуропаның қызметкерлері сияқты. Сондықтан Саакашвилиден кейін демократиялық бағыттағы реформалар тоқтап қалғанын мойындау керек.
4 қараша Тбилисиде Руставели даңғылында оппозиция тағы да митинг өткізіп, «Грузин арманы» партиясы нәтижені бұрмалағанын негізге алып, талаптарын ортаға салды. Алайда, елдің атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарының басшылары бұл талаптарды қабылдамады.
Ал сарапшы Саакашвилиден кейін демократиялық қадамдар жасалмағанын, Грузияға Еуроодаққа кіру үшін алдымен саяси тұрақтылық қажет екенін айтты. Әлі күнге дейін елдегі саяси институттарға Ресейдің ықпалы барын жоққа шығаруға болмайды. Соған қарағанда, Тбилиси Еуропа елдерімен интеграцияға ұмтылу жолында уақыт жоғалтуы мүмкін.
Наргиза Ерес
Сурет: LRT.IT