басты сурет baq.kz сайтынан
Елімізде жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын және оның инфрақұрылымын қаржыландыруды жүзеге асыруға міндетті. Батыс Қазақстан облысындағы ең ірі жер қойнауын пайдаланушылардың бірі – «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) компаниясы. Біз бұл компанияның БҚО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен оның инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған қаржы аударымдарын сараптадық.
ЕГСУ сайтында жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2019-2023 жылдары ҚПО БҚО-да 17 мектептің, 13 автомобиль жолының құрылысы мен жөндеуін, 6 абаттандыру жобасын, 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу және жаңарту жұмыстарын жүргізді. Компания қаражатына көпқабатты 2 үй салынды. Екі спорт мектебінің, өнер мектебінің ғимараты, инженерлік-коммуникациялық жүйелер, темір жол өткелі, әуежай, мәдениет үйі мен музей, аурухана мен емхана ғимараттары жөнделді. Жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға қатысты тағы екі жоба іске асырылды.
ҚПО 60-тан астам нысанды қаржыландыруға 57 364 548 360 теңге көлемінде әлеуметтік төлем жасаған. Аталған қаражаттың 2019-2021 жылдары 11-12 миллиард теңге бөлініп отырған болса, 2022 жылы 2 664 442 000 теңге түскен. Ал былтырғы аударым көлемі – 19 721 300 000 теңге.
ҚПО компаниясының ең ірі жобаларының бірі – Орал қаласындағы 1500 орындық көпфункционалды мәдениет сарайының құрылысы. 2019-2023 жылдар аралығында бұл ғимараттың құрылысына 10 миллиард теңге жұмсалған. Сонымен қатар, Орал қаласының халықаралық әуежайын қайта құруға 6,7 миллиард теңге бөлген. Облыстағы әлеуметтік жобалар аясында салынған мектептерге жалпы 15 миллиардқа жуық қаражат жұмсалған.
ҚПО қаражатынан 2019 жылдан бері құр қалған
Компанияның әлеуметтік аударымдары бойынша бөлінген қаражат көлемі қала мен аудандар бойынша айтарлықтай ерекшеленеді. Жалпы бөлінген 57 миллиард теңгенің 56%-ы Орал қаласына бағытталған, бұл шамамен 32 миллиард теңге.
2019-2023 жылдар аралығында Ақжайық ауданына 3,3 миллиард, Бөрлі ауданына 3,7 миллиард, Бәйтерек ауданына 6,5 миллиард, Теректі ауданына 4,7 миллиард теңге көлемінде әлеуметтік инвестициялар салынған. Жәнібек пен Казталов аудандарына 1,7 миллиард теңгеден бөлінген. Ал Жаңақала, Қаратөбе, Бөкей ордасы, Тасқала және Шыңғырлау аудандарының әрқайсысына инфрақұрылымын дамыту үшін 900 миллион теңгеге дейінгі қаражат бөлінген.
Айта кетерлік жайт, Сырым ауданына 2019 жылдан бері ҚПО компаниясының әлеуметтік төлемдерінен қаражаты бөлінбеген. Оны Сырым ауданының әкімдігі де растады. Осы мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында облыс әкімдігіне 01.01.2019-12.07.2024 ж.ж. аралығында «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік төлемдеріне іске асырылған жобалардың болмау себебін анықтау үшін сауал жолдадық. Ол хатқа БҚО құрылыс басқармасы: «Әр жыл сайын облысымызда жүзеге асырылатын әлеуметтік инвестициялық жобалар «ҚПО б.в.» компаниясына жолданады. ҚПО өз кезегінде жобалардың тапсырыс берушісі болып табылады. Барлық «ҚПО б.в.» қаражаты есебінен салынатын жобалар туралы ақпаратты «ҚПО б.в.» компаниясынан алуыңызға болады» деп қана жалпылама жауап берді.
Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. компаниясының бас директоры М.Марсили редакциямызға №КРО-0856-24 хаты арқылы: «Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар тізбесін жергілікті атқарушы орган мемлекеттік бағдарламаларға және стратегиялық жоспарлауға сәйкес ұсынады» деп жауап берді. Сонымен қатар, хатында жобалардың тізімі облыстың әлеуметтік даму басымдықтарына сәйкес жыл сайын БҚО әкімдігімен келісілетінін атап өтті. БҚО әкімдігі жобаларды облыстың инфрақұрылымын, сондай-ақ өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт жүйелерін дамыту қажеттіліктерін ескере отырып іріктейтінін айтты.
Сарапшы не дейді?
Осы міндеттемелер туралы Қазақстанда Табиғи ресурстар саласының ашықтығын қамтамасыз ету бастамасын (ИПДО) енгізу бойынша 15 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырған сарапшы, «Эхо» қоғамдық бірлестігінің бағдарламалар директоры Мария Лобачеваға сауал жолдаған едік.
— Компаниялар өздерінің әлеуметтік келісімшарт міндеттемелерін екі жолмен орындай алады. Біріншіден, бюжеттік сыныптама коды (БСК) 206114 арқылы жергілікті бюджетке төлемдер түрінде қаражат аударылады. Екіншіден, әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қолдау білдіреді. Мұндай жобаларға мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсету, хоккей командаларын қаржыландыру, мектептер мен ауруханалар салу, мұқтаж жандарға көмек көрсету сияқты іс-шаралар кіреді. Бұл төлемдердің қалай орындалатыны келісімшартта көрсетілуі мүмкін немесе компания осы міндеттемелерді қалай орындайтынын өзі анықтайды, – деп жауап берді сарапшы. Мария Лобачеваның айтуынша, көп жағдайда жобаны облыс әкімі таңдайды. Алайда бір компанияның екі көршілес облыстағы нысандарының таңдалуы айтарлықтай ерекшеленеді.
ҚПО-ға қатысты Үкімет қаулылар шығарып тұрады. Компанияның әлеуметтік нысандарға жұмсауы тиіс сомаларды көрсетіп отырады. Бірақ бұдан бөлек нысандар тізімі берілген қосымша сомалар да барын атап өтті сарапшы.
-ҚПО бойынша ақпарат алу қиын. Себебі компанияның міндеттемелері келісімде қарастырылады, ал ол құпия құжат болып есептеледі. Үкіметтің қаулыларынан түсініктісі – ҚПО-ның өңірдің әлеуметтік дамуына арналған барлық шығын қайтарылатыны, яғни Қазақстан бұл шығындардың құнын компанияға өтейтіні анық. Егер қандай да бір аудан төлемдерден тыс қалса, ең алдымен облыс әкімдігіне қойылатын сұрақ, — дейді Мария Лобачева.
«Сырым ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын айтарлықтай керемет дей алмаймын»
Сырым ауданының мәслихат депутаты Серік Зиятов ҚПО б.в компаниясының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымына бөлген қаржысынан Сырым ауданының 5 жыл бойы не үшін сырт қалып келгенін түсінбейтінін айтады.
-Сырым ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын айтарлықтай керемет дей алмаймын. Былтыр аудан орталығында күрес залы, Бұлдырты ауылында керемет спорт нысаны пайдалануға берілді. Жақында Тамды ауылында спорт алаңы ашылды. Алайда әлеуметтік салада шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. Мәселен, Қызылағаш ауылында спорт алаңының жабынын ауыстыру мәселесі ұзақ уақыт бойы шешілмей келеді. Ауылда ұялы байланыс жоқ. Былтыр таза су жүйесі тартылып, ауыл тұрғындары бір қуанып еді. Алайда жаз бойы су мәселесі дұрыс шешілмей, халықты әбігерге салды. Алдымен, мердігер ұйымның электр жүйесін дұрыс жүргізбегендігі себеп болды делінсе, кейін судың қоры азайып кеткендігі айтылды. Соңында су қорын зерттеген мекеменің дұрыс қорытынды бермегені туралы ақпарат тарады. Енді барлық кінәні қайтадан мердігерге аударып отыр. Сонымен қатар Қызылағаш ауылында дербес кітапхана жоқ. Кітапхана қызметі бірнеше жылдан бері ескі ғимараттағы фельдшерлік пункттің бір бұрышында, — деді Сырым аудандық мәслихат депутаты Серік Зиятов.
Оның айтуынша, Сырым ауданындағы білім беру мен денсаулық сақтау нысандары жаңғырту да өзекті мәселе. Жосалы, Тоғанас, Тасқұдық және Аралтөбе ауылдарындағы мектептер бірінші кезекте жөндеуді қажет етеді екен. Сонымен қатар аудандық аурухананы да күрделі жөндеу жұмысы керек.
Депутат С.Зиятов 2023 жылдың күзінде облыс әкімі Н.Төреғалиев Аралтөбе ауылында аудан активімен және округ әкімдерімен кездесу өткізіп, мектептің жағдайын көріп, жеңіл жөндеуге қаражат бөлуге уәде еткені жайында айтты. Аудандық білім бөлімі осы жөндеудің сметасын 39 миллион теңгеге есептетіп қойған. Дегенмен мектепті жөндеу жұмыстары әлі де басталмаған.
Депутаттың айтуынша, ауданның ішкі жолдарын жөндеу жұмыстары соңғы жылдары қарқын алып, бірнеше ауылға асфальт төселген. Бұған дейін Тоғанас пен Алғабас ауылдарына, биыл Бұлан және Шағырлыой, Қособа ауылдарына, сондай-ақ Жұмағазы әулиенің мазарына дейінгі жол жөнделген. Жетікөл ауылына баратын жолдың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, қаржы бөлінеді деп күтілуде. Ал Қоңыр ауылына дейінгі 31 шақырымдық жолды 2028 жылы жөндейміз дегенімен, оның мерзімі алға жылжуы мүмкін. Сонымен қатар, Қызылағашқа баратын 9 шақырым және Жамбыл ауылына дейінгі 6 шақырым жолдар да жөндеуді күтіп тұр. Жолдардың жағдайы бөлінетін қаржыға тәуелді. Қазіргі уақытта Самара-Шымкент халықаралық тас жолының 39 шақырымы орташа жөндеуден өтіп жатыр. Аталған тас жолдың ой-шұңқырлары жыл сайын жөнделсе де, сапасы төмен болғандықтан күзгі жауын-шашыннан кейін қайтадан бұзылады.
Сырым ауданының әлеуметтік инфрақұрылымындағы мәселелер тұрғындардың күнделікті өміріне елеулі қолайсыздықтар туғызады. Ұялы байланыстың болмауы, сапасыз су жүйесі, спорт және білім беру нысандарының тозығы жетуі сияқты проблемаларды шешудің бір жолы – жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен оның инфрақұрылымын дамытуға арналған аударымдары. Алайда Сырым ауданы демеушілер қолдауынан тыс қалып отыр.
Мәселе қалай шешімін табады?
Қазақстанда Табиғи ресурстар саласының ашықтығын қамтамасыз ету бастамасын (ИПДО) енгізу бойынша сарапшы Мария Лобачева бір ауданның ала бөтен инвестициядан тыс қалуына қатысты өз ұсынбасын білдірді. Ол мемлекеттік басқарудағы басты екі параметрге назар аударды. Біріншісі, ашықтықты қамтамасыз ету. Яғни нәтижелерді жариялағанда емес, шешімдерді қабылдаған кезде де ашықтық қағидаты сақталуы керек. Екіншіден, халықты шешім қабылдау процестеріне белсенді тарту маңызды, яғни ақпарат жинау, пікірлер мен сынды ескеріп отыру қажет.
-Мәселені шешудің бір жолы – әлеуметтік инвестицияларды жергілікті бюджет арқылы жүзеге асыру. Бұл қаражатты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Кейбір өндірістік аймақтардың тұрғындары компаниялардың жобалары сапалырақ жүзеге асырылады деп сеніп, қаражатты мемлекеттік бюджет арқылы емес, тікелей компаниялар арқылы басқару тиімді деп есептейді. Алайда сапасыз орындалған жобалардың болғанын ескерсек, қазіргі уақытта қаражатты бюджетке аудару ашықтықты қамтамасыз етудің жалғыз жолы болып отыр. Мұндай жобаларды бюджет процесінен тыс қалдыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін күшейтіп, аймақтардың нақты қажеттіліктерін ескеріп, жүйелі жоспарлауға кедергі келтіреді.
Екіншіден, әкімдіктер өндіруші компаниялардан жергілікті бюджетке түскен қаражат көлемі және аймақтың әлеуметтік нысандарына қанша қаражат жұмсалғаны туралы толық есеп беруі қажет. Бұл төлемдердің аймақтың шынайы қажеттіліктеріне сәйкес келетінін анықтап, қаржының басқа мақсаттарға жұмсалмауына мүмкіндік береді.
Әлеуметтік инфрақұрылым нысандары жайлы ақпарат әр кезеңде, тіпті жоспарлау және жүзеге асыру процестері кезеңінде ашық болуы тиіс. Қандай нысандардың салынатыны, олардың құрылысына негіздемелер, мердігерлерді қалай тарту жоспарланғаны және жұмысты қабылдау қатаң бақылануы міндетті, — дейді сала маманы Мария Лобачева.
Қорыта айтқанда, жергілікті билік инвестжобаларды атқару кезінде жүйелі шешімдерді жергілікті тұрғындардың пікірлерін ескере отырып қабылдауы маңызды. Аймақтың дамуына жауапты органдар мен компаниялар арасында үйлесімді жұмыс болса ғана халықтың ешбір әлеуметтік мәселесі назардан тыс қалмайды.
Азамат Хамза,
Sarapshy.info