Қазақстанда жиырма жылда 1 404 ауыл жойылып кетті

Сенатор Серік Шайдаров ауылдарда өмір сүру сапасының төмендеп бара жатқанын айтты. Сондай-ақ ауылдардың жойылып кетуіне әкеліп соғатын мәселелерді атады.

«Ауыл – ел бесігі» жайлы

Депутат «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына тоқталды. 2014-2023 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 524 миллиард теңге бөлініп, 1 800 ауылда бес мыңнан астам жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік туды.

Сенатордың айтуынша, бағдарламада тұрақты жұмыс орындарын ашу көрсеткіші жоқ. Бұл ауылды дамытудың әлемдік тәжірибесіне қайшы келеді. Мұнда табыс деңгейі мен жұмыссыздық сияқты экономикалық көрсеткіштер басты рөл атқарады.

Серік Шайдаров елімізде кейінгі жиырма жылда 1 404 ауылдың жойылып кеткенін айтты. Ол бұл жағдайдың ауылдық аймақтарға қатысты мемлекеттік саясатты қайта қарау қажет екенін байқатып отырғанын алға тартты.

«Мемлекеттік қолдаудың қатысуымен бөлінетін барлық несиелерді «Ауыл – ел бесігі» бойынша ауылдық елді мекендерді қаржыландырумен байланыстыру және негізгі индикаторды осы елді мекендердегі салалар бойынша жалпы қосылған құнның жыл сайынғы өсуіне мониторинг жүргізе отырып, жаңа тұрақты жұмыс орындарының ашылуымен айқындау ұсынылды. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, «Неге инфрақұрылымға миллиардтаған сома құйылатын ауылдық елді мекендерде бөлінген несиелер мен бизнес ашу бойынша талдау жоқ?» деген сұрақ туындайды», – дейді ол.

Жалпы «Ауыл – ел бесігі» жобасының мақсаты – осы ауылдардағы экономикалық өсу өлшемі арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту.

«Іс жүзінде бюджет қаржысын әдеттегідей игеру жүріп жатыр, ал тұрақты жұмыс орындары ашылмаса, мемлекет салынған қаржыдан тиісті нәтиже ала алмайды», – деді Серік Шайдаров Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.

Сенатордың ұсынысы ауылдық өңірлерде экономикалық дамуға және жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса назар аудара отырып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына кешенді талдау жүргізу қажеттігіне негізделеді.

Қазақстанда қанша ауыл бар?

Биылғы шілдедегі есеп бойынша, елде 6 208 ауыл бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 78-ге аз.

Таратылған 78 елді мекеннің 50-і Түркістан және Қостанай облыстарына тиесілі. Қалған 28 ауыл Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай және Қарағанды облыстарында таратылған.

Қазақстанда 17 облыс, 192 аудан, 90 қала, оның ішінде үш республикалық маңызы бар қала тіркелген. Сондай-ақ елімізде 29 кент, 2 165 ауылдық округ пен 6 208 ауыл бар.

«Қаладан – ауылға» жобасы: БҚО-да қаладан ауылға 66 отбасы көшті

Биыл Батыс Қазақстан облысында 2024-2026 жыл­дарға арналған «Қаладан – ауылға» қанатқақты жобасы басталды. Жыл басындағы әкімдік ұсынған есепке сүйенсек, өңір ауылдарында 1 600-дей үй бос тұр.

«Біз ауыл­дар­ға халықты апарып, тұрақтан­ды­руымыз керек. Бағдар­лама аясында барлық көмекті жасаймыз», – деді жыл басында БҚО әкімі.

Бағдар­ла­ма­ның басты мақсаты – ауыл­­ға баратын адамның сол жерде тамыр тартып, табыс тауып, өмірден өз орнын тауып кетуі.

«Қаладан – ауылға» үш­жылдық бағдарламасы аясында жаңадан 313 тұрғын үй салынып, ауылдарға көшіп барған азаматтарға 1 146 тұрғын үй сатып алынады деген жоспар болды.

Кеше БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі жыл басталғалы қаладан ауылға 66 отбасының көшкенін хабарлады. Яғни, бағдарлама аясында 322 адам ауылдық жерге көшіп барған. Тұрғындар баспаналы болып қана қоймай, жұмыспен қамтылып отыр.

Жалпы Батыс Қазақстан облысы – әуелден аграрлы, ауыл шаруа­шылығы басым өңір. Сондай-ақ ауылдық елді мекендері ең көп облыстың бірі. Облыста 12 аудан, 156 ауылдық, үш кенттік округ, екі қала бар.

Сурет: egemen.kz

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған