Sarapshy.info Орал қаласының тұрғыны, БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрлан Сәдірден сұқбат алды. Қоғам белсендісі өзінің азаматтық ұстанымы, өңір мәселелері, сана еркіндігі туралы ой-пікірін ортаға салды.
– Нұрлан Қуанышұлы, қоғамдық кеңес рөлі туралы айтсаңыз. Бұл институт қаншалықты нығайды? Оның құзіретін күшейту керектігі жөнінде кеңес мүшелері жиі бастама көтереді.
– Бұл қоғамдық кеңес осымен үшінші құрам ғой сайланған. Субъективті пікірім бойынша қоғамдық кеңестер батыс елдерінің талабынан туындады деген ойдамын. Конституцияда Қазақстанды демократиялық, зайырлы мемлекет деп көрсетеді. Соған сәйкес халықтың мемлекет ісіне араласуына көбірек құқық беру керек.
Қоғамдық кеңес халық пен биліктің арасында дәнекер болуға тиіс. Әрине, ауызды қу шөппен сүртіп, түк бітіріп жатқан жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ қоғамдық кеңес барлық шаруаны шешіп жатыр деп тағы айта алмаймын. Бұған қазіргі кеңестің кінәсі бар деп ойламаймын. Көптеген фактор бар. Соның бірі – заңның солқылдақтығы.
Қоғамдық кеңес тек ұсыныс бере алады. Мәселен, бюджет жоспарын, оның орындалуын бекітейік деп мемлекеттік органдардың басшылары құжатты алдымызға алып келеді. Арамызда жобаларға сыни көзқараспен қарайтын батыл азаматтар бюджеттің бекітілуіне байланысты өткір пікірлерін білдіреді. Өкінішке қарай, ұсыныс айтумен шектелеміз. Кеңес отырысында қаралған бюджет жобасы сол күйі қабылданады. Ал біздің ұсыныс-пікірімізден еш нәтиже жоқ.
Қалада бұралқы иттердің көбейіп кеткені туралы мәселе жиі көтеріледі. Рас, ұят та болса айтайын, иттің құқығы адам құқығынан артық бағаланып отыр. Менің негізгі мамандығым – эпидемиолог. Иттің көбеюінен қауіпті індет, жұқпалы ауру тарап кетсе, оның зардабы қаншалықты болатынын білемін. Вакцинасының өзі арзан емес. Осыны қанша сынға алғанымызбен, әуел бастан министрлік бекітіп берген ереже қабылданды. Мұндай талқылаулар сөз жүзінде ғана өтеді.
Әрине, бұған одан бұрын сайланған немесе қазіргі кеңес құрамы кінәлі емес. Заң шикі болып тұр. Билік әлі күнге кеңеске құзірет беруге қорқатын секілді. Кей кезде тұрғындардың жеке мәселелерін кеңестің кей мүшелері шешіп беріп жатады. Бұл жерде түйткілдер кеңес өкілеттігі себебінен емес, азаматтардың абырой салмағы арқасында шешіліп жататыны рас.
Тіпті кеңестің өзінің мөрі, бланкісі немесе жеке шоты жоқ. Egov арқылы хат жолдайтын мәртебесі де жоқ. Қоғамдық кеңестер көз алдау үшін құрылады деген күмән бар көкейде. Бұл пікіріме әріптестерім ренжитін шығар, бірақ шындығы дәл солай. Осы арқылы шетелге «Біз – демократиялық елміз» деп есеп беруге оңтайлы болар. Шын мәнінде, қоғамдық кеңестердің қолында ешқандай тетік жоқ.

– Сонда қоғамдық кеңестерге қандай құзірет беру керек деген ойдасыз.
– Ең болмаса, мемлекеттік органдар ұсыныстарымызды (рекомендация) қарап, зерделеуі керек қой. Мәселен, кейбір нормативті құқықтық актілердің қабылдануына прокурор наразылық білдіреді. Содан кейін прокурордың наразылық талабы қабылданғаны немесе қабылданбағаны белгілі болады. Біздің де талабымызды дәл солай қабылдап, сүзгіден өткізсе дейміз. Мемлекеттік құрылымдар қоғамдық кеңес ұсыныстарын жария түрде талқылап, өз уәждерін айтуына болады. Қоғамдық кеңестің айтқан тұжырымның барлығын заң деп қабылдау міндет емес, бірақ белгілі бір дәрежеде санасуы керек.
Одан бөлек қоғамдық кеңес белсенді азаматтардың жол шығынын көтеріп алса деймін. Қоғамдық жұмыс үшін ақы сұрамаймын. Аудандарға іссапарға шыққан кезде соның шығыны өтелсе болды. Өз қалтамыздан жолақы, қонақүй ақысын төлейміз. Менің де отбасым бар. Бір жұмыс орнынан жалақы алып отырған соң, кәдімгідей қалтаға соғады.
– Облыс тұрғындары көбінесе қандай мәселе көтереді?
– Ақсай қаласының дәл қасында Сұлусай разъезі бар. «Біздің ауылды таратайын деп жатыр» деп елді мекен тұрғындары көмек сұрап, бізге хабарласты. Кеңес құрамындағы тағы бір азамат екеуіміз разъезді таратуға белсенді түрде қарсы шықтық. «Ауыл партиясының» БҚО филиалының төрағасы қолдап, көлік тауып берді. Үшеуіміз Сұлусайға барып, жағдайға қанық болғасын, өз пікірімізді айттық. Сол ауылды таратудан алып қалдық. Менің ойымша, Ақсай қасындағы шұрайлы жерге әлдебіреу көз тігіп, шағын ауылды таратуға мүдделі болды деген ойдамын. Өз тәжірибеме сүйеніп айтайын, ауылды тарату оңай, ал оны қайта құру мүлдем мүмкін емес! Оралда «Құс фабрикасы» деген ауыл бар, тіпті кент деп айтсақ болады. Осы «Зашаған» саяжайына елді мекен мәртебесі берілмей отыр. Оған статус бермеу қателік, тіпті қылмыс деп айтар едім.
– Сөзіңізді бөлейін, Орал қаласы мен Зашаған кентінің әкімдігі құзіретімізде жоқ мәселе деп отыр. Осы дұрыс па?
– Қазіргі жағдайды сараптасақ, дұрыс. Орал немесе Зашаған әкімінің кінәсі жоқ. Саяжайда әкімнің не шаруасы бар? Жарық үшін қымбат төлей ме, арзан төлей ме, өздері шешеді. Қала мәртебесі болмағасын, әкімдік араласа алмайды. Әйтпесе әкімнің алдында тоқпақтап тұрып сұрауға болады. Елде саяжай туралы нақты заң жоқ. Сондықтан жергілікті билікті кінәлаудан аулақпын.
Оқыңыз:
Облыстың бұрынғы әкімі Ғали Есқалиевтің алдында сол кездегі қала басшысы Абат Шыныбековпен пікірталас жасағанбыз. Сол жерде «Құс фабрикасына» мәртебе беру керектігін айттым. Орал әкімі «Зашаған» бау-бақша бірлестігінің аумағы суға кетеді деді. Кеңестік кезеңнен бері ондай оқиға болмағанын айттым, басқа да жүйелі дәлелдерімді келтірдім. Абат та білімді азамат қой, бірақ осы жолы менің уәжім басым түсті. Расында, 2022 жылы болған су тасқыны кезінде «Құс фабрикасына» қауіп төнген жоқ.
Ал Телеорталық, 3-саяжай деген аумақтарға елді мекен мәртебесін беруге қарсымын. Олардың суға кететіні бесенеден белгілі ғой. Бірақ «Зашаған» бау-бақша бірлестігіне келгенде, әңгіме бөлек. Орал әкімінің «Саяжайға қала мәртебесін беру практикада жоқ» дегені есімде. Неге болмасын? Астананың айналасындағы саяжайдың көбі қалаға қосылды. Сөзімді түйіндесем, мемлекет деңгейінде шешілетін мәселе. Саяжайды заңдастыру жөнінде нақты ереже, жөн-жоба керек-ақ.
Оқыңыз:
– Өзіңіз қалаға қарасты Зашаған кентінде тұрасыз ғой. Орал тұрғындарын не мазалайды? Мәселен, полигондағы қоқысты өртеудің салдарынан қалалықтар түтін иісіне жиі шағымданады.
– Қалада полигон мәселесі өте күрделі. Біріншіден, ол – әбден ескірген полигон. Жаңа полигон ашпай жатыр. Оның да себебі бар. Облыста 100-ден астам полигон болса, соның екеуі ғана заңдастырылған. Бұл – парламент депутаттарының кінәсі. Кезінде полигон салуға арналған талапты өте күрделендіріп жіберген. Жаңа полигон ашу үшін 5 миллиард теңге қаражат керек. Өңірде жаңа полигондар салынатын болса, жол, медицина, білім саласына бір тиын бөлмей, облыс бюджетін қоқыс алаңдарын салуға жұмсауға тура келеді.
Оқыңыз:
Осы мәселе жөнінде Экология министрі Зүлфия Сүлейменовадан сұрағанымда, шығынның 30-40%-ы жобалық-сметалық құжаттаманы жасақтауға кететінін айтты. Мен облыс, аудан, ауыл деңгейіне арналған қарапайым стандарттар әзірлеуді ұсындым. Сонда қаражат едәуір үнемделер еді. «Жақсы идея екен» деді. Бірақ мен сөйлескен министр басқа салаға ауысып кетті. Байқасаңыз, осы саланың басшылары жиі ауысады. Жаман болсын, жақсы болсын, жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Әңгіме төркініне оралсам, полигонға сыймай жатқасын қоқысты амалсыз өртейтін болар деген ойдамын. Полигон иесі болсам, мен де солай істер ме едім…
Оқыңыз:
– Зашаған кентінің даму деңгейіне көңіліңіз тола ма?
– Шаһардың даму қарқыны тәуір. Бірақ белгілі бір деңгейде қала халқын алалау бар деп санаймын. Қаладағы мәдени-әкімшілік нысандар жаңа шағынаудандар жаққа қарай ығысып бара жатыр. Бассейн, бокс секциясы, теннис орталығына бару үшін Зашағанда тұратын балалар кем дегенде бір сағат жүруі керек. Қазіргі кезде көшеде көлік кептелісі күшейіп келеді. Көптеген нысанды басқа аудандарға шоғырландырып жатыр. Бұрын орталықта болғанда барлығына қолайлы еді. Деркөл, Зашаған кенттері, Ет комбинаты ауданынан қатынағанда шамамен бірдей уақыт кететін.
Зәулім ғимарт салмай, соның құрылысына арналға қаражатқа екі шағын нысан салса, әлдеқайда ұтымды болар еді. Оның біреуін Зашағанда ашса, құба-құп. Өзінің қалаған үйірмесіне қатыса алмаған баланың арманын, ынта-ықыласын ерте өшіріп аламыз. Мәдени-көпшілік шаралардың дені «Атамекен» өнер ордасы мен Қадыр орталығында өтеді. Зашаған тұрғындары да мерекелік шараларға қатысып, концерт көргісі келеді. Сол үшін қаланы көктей өтіп, бірнеше шақырым жол жүруі керек. Соттың өзі сол жақта. Облыс әкіміне де, қала әкіміне де кентті дамыту саясатына байланысты алалау, тіпті кемсітушілік бар деп айтар едім. Тағы бір факт – Зашаған аумағында асафальт жолдар басқа аудандардан кейін салына бастады.
– Әлеуметтік желіде белсендісіз, азаматтық ұстанымыңызды ашық жариялайсыз. Бірнеше кітап авторысыз. Мемлекеттік тіл неге тұғырына көтеріле алмай келеді?
– Бұл жолы да түп себебіне үңілуіміз керек. Жақсы заңдар болады, оны жергілікті билік орындамайды. Бірақ бұл тұста да бар кінә – орталықта. Заңдар өте шикі. Тіпті Конституцияның өзі аударма Конституция. Бұл жөнінде желіде бірнеше жазба жарияладым. Соның біріндегі контексті баяндайын, Ата заңда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» дейді. Негізі қазақта «орнықтырады» деген сөз жоқ. «Қазақстан … өзін паш етеді» деген дұрыс. Конституцияның аударма екенін де анық аңғаруға болады.
Шенеуніктер, әкімқаралар, министрлер «ресми тіл» деп орысша сөйлейді. Қазақстан Конституциясында, бірде-бір заңнамасында «орыс тілі – ресми тіл» деген бап жоқ. Орыс тілі ресми тіл болып санала ма, саналмай ма деген сұрағыма құзырлы органдар жауап бере алмады.
Мен сізге сауалдарымның жөн-жобасын ұсынайын:
ҚР Конституциясының 7-бабының 1-тармағына сай: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі». Осыған орай мына сұрағыма жауап беруіңізді сұраймын:
Мемлекеттік тіл мәртебесін иелену қазақ тіліне – өзге тілдермен, мысалы, орыс тілімен салыстырғанда, қандай артықшылық береді?
ҚР Конституциясының 7-бабының 2-тармағына сай: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады».
Осыған орай мына сұрақтарымның әрқайсысына жеке нақты жауап беруіңізді сұраймын:
- Қазақстан Республикасында ресми тіл деген бар ма? Бар болса, ол қай тіл?
- Қазақстан Республикасында орыс тілі – ресми тіл болып табыла ма?
- Мемлекеттік тіл мен ресми тіл деген ұғымдардың арасына теңдік белгі қоюға болады ма?
- Қазақстан Республикасында орыс тілін – ресми тіл деп атаудың қандай да бір құқықтық салдары бар ма?
Ресми органдар бірде-бір сұрағыма жауап бермеді!
Менің ойымша, солқылдақ заңдар жобасы әуел бастан әдейі, тапсырыспен әзірленген. Сол кезде дауыс берген депутаттар шикі күйінде қабылдап алған.
– Аударма саласында тәжірибеңіз мол. Бұл бағытта не айтар едіңіз?
– Елде ілеспе аудармашылар жоқтың қасы. Өте қиын мамандық. Оны игеру үшін мол тәжірибе керек. Көп маман ұшқыр ойланып, сөз мағынасын дөп жеткізе алмайды. Аударма саласында қомақты ақы төлеу де ақсап тұр. Қазіргі уақытта жасанды интеллект кеңінен қолданысқа енді. Қаншалықты жетілдіргеннің өзінде ЖИ әрі кетсе 80 пайыз деңгейінде сөзбе-сөз тәржімелеп берер. Әсіресе қазақтың астарлы, терең мағыналы сөзін аударуға қабілеті жетпейді.
Ономастика мәселесін де айта кетейін, Орал – қосарланған атауы бар жалғыз қала. Орысшасы – Уральск. Қазіргі заң талаптары бойынша қазақша да, орысша да Орал болуы керек. Өскеменнің өзін Ускаман дейміз. Усть-Каменогрск деген ат жоқ қазір. Жайық та солай. Қазақ тілінде Жайық, орыс тілінде Жайик деуіміз керек. Яик деуге де болатын шығар, бірақ Урал деуге қарсымын. Қала мен өзен атын қате жазуды заңсыздық деп есептеймін.
– Кейінгі жылдары сайлау заңнамасына өзгерістер енгізілді. Дауыс беру жүйесін бақылау тиісті деңгейде атқарылып жүр ме? Қоғам белсендісі ретінде ой бөліссеңіз.
– Заңдарда байқаушы деген сөз бар. Қазақ тілінде ондай сөз жоқ. Бақылаушы деп түзету керек. Оралға келген орталық сайлау комиссиясының төрағасына да, президент әкімшілігінің өкілдеріне де, партия жетекшілеріне де өз ойымды айтқанмын. Дауыс беретін бөлмеге төрт бейнекамера орнату керек. Сонда заңсыздықтың барлығы сап тыйылады. Оған қоса экран арқылы халықтың қадағалап отыруына рұқсат беру қажет. Тіпті кабинада кімнің дауыс беріп жатқаны ашық көрініп тұрса, артық болмайды. Кімнен сескенеміз?
Оған қоса қала немесе аудан әкімі болам деп сайлауға түсуге ниет қылған үміткерге жоғары білімі, мемлекеттік қызметте бірнеше жыл еңбек өтілі болуы тиіс деген талап қойылуын орынсыз деп есептеймін. Мысалы, өмір жағдайына байланысты мемлекеттік мекемеде қызмет атқармаған, бірақ ел-жұртқа сыйлы, шаруаға ширақ, бизнесте тәжірибесі мол азаматтар болады. Неге олар билік тұтқасын ұстай алмайды? Бұл талаптар адам құқығын шектеу ғой.
– Ауыл-аймақты тілге тиек еттіңіз, шекарадағы ауылдар мәселесі өзекті. Жасыратыны жоқ, кейбір ауылда санаулы үй қалды. Халық әлі қалаларға шоғырланып жатыр.
– Облыс орталығынан шалғай орналасқан Жәнібек деген аудан бар. Сол ауданда бір жылдары жұмыс істегенмін. Жәнібекте Талов деген ауылда ұзын саны 500 адам ғана қалды деп естідім. Ал мен қызмет еткен кезде Таловтың өзінде гепатитке шалдыққан 500 бала тіркелгені есімде. Осындай ауылдарды сақтап қалу үшін жиындарда бірнеше ұсынысты ортаға салдым. Халықты үгіт-насихатпен ұстап қалу мүмкін емес. Шекаралық аймаққа нақты артықшылықтар беру керек. Мәселен, ауылдарда еңбек ететіндердің жалақысын 20-30 пайыз өсіруге болады. Ол үшін өте тиімді тәсіл қажет. Еңбек өтіліңе қарай жыл сайын жалақыңа 1 пайыз бонус қосылады деп ынталандыру керек. Коэффиценттер арқылы әділ есептеген тиімді.
Оқыңыз:
Бұдан басқа да ұсыныстарымды тарқата кетейін. Біріншіден, Талов ауылының қасына шекара бекетін ашу керек. Қазіргі уақытта ел шекарасын нығайту керек деп айтылып жатыр ғой. Сол кезде 50-100 адамға жұмыс орны ашылады. Бір жағынан отбасылы азаматтардың балалары ауыл мектебінде оқиды. Тіпті ауыл мектебі жабылғанның өзінде, бұл фактор ауылды таратып жіберуге негіз болмау керек. Жақсыбай, Борсы ауылдарына шағын автобустар шығарып, тасымал жұмысын ұйымдастыруға болады. Екіншіден, өндіріс орнын ашу керек. Көрші ауылдардан жұмыс іздеген адамдар осында көшіп келер еді.
Үшіншіден, шетелдегі қандастарға облыстан берілетін квотаны көбейту қажет. Иран, Ауғанстанда геосаяси жағдай тыныш емес. Ол елдердегі қазақтар отанына оралғысы келіп отыр. Елге келгендерге нақты талап қою керек. Оралмандар үкімет белгілеген өңірге қоныстанып, жеті жылға дейін көшпеуге тиіс. Жер кең. Топырағы құнарлы. Оңтүстік аймақтағыдай халық тығыз орналаспаған. Сонда көшіп келгендердің жетпіс пайызы қолайлы аймақта тұрақтап қалатыны айдан анық. Оған өзара әлеуметтік қатынастар да әсер етеді. Шекарадағы ауылдарды қазақыландырады.
– Ресей-Украина соғысына қатысты ел ішіне алуан ақпарат тарап отырады. Қарап отырсаңыз, шекарадағы аудандарға спутниктік ресейлік телеарналар арқылы пропаганда емін-еркін тарап жатыр.
– Адами тұрғыдан қарасақ, Ресейдің іс-әрекеті – нағыз агрессия. Оны көбі мойындайды. Ресейді жақтайтындардың кейбірінен сұрасам, өз қисынын түсіндіре алмайды. Украина НАТО-ға кіргісі келді дейді. Әр елдің өзі шешім қабылдауына құқығы бар емес пе? Біздің мемлекет те бегілілі бір халықаралық ұйым мүшесі болуға шешім қабылдаса, басқыншылық жасай ма сонда? Әлі күнге Мәскеуді қолдайтындардың аузынан бірде-бір ақылға қонатын жауап естімедім. Ақпарат тасқынынан халықтың зомбиланып жатқаны да рас. Көрші елдің телеарналары арқылы теріс үгіт-насихатты сүзгіден өткізбей, «жұтып қояды». Рас, ол арналарды шектеу керек еді. Бұл мәселе тиісті деңгейде көтерілмей келе жатыр. Ресей идеологиясына тәнті болып, ақшасына қызығып, соғысқа аттанған қазақстандықтар бар екенін де білеміз. Агрессор елдің насихатының еркін таралуына шектеу қою қажет.

