Қазір қоғамда «бұрынғыдай емес, тоқшылық қой» деген пікір жиі айтылады. Алайда сырт көзге көрінетін молшылықтың астарында қаржылық тұрақсыздық жатыр. Табыстың баяу өсуі мен несиеге тәуелділіктің артуы тұрғындардың әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізіп келеді. Бүгінде көптеген азамат тұрмыстық техникадан бастап күнделікті азық-түлікке дейін қарызға алуға мәжбүр. Осылайша «уақытша көмек» саналатын несие жүйесі ел ішінде кең тараған әлеуметтік дертке айналды.
«Уақытша көмекке» иек артатындар көп
Биыл маусымдағы ресми дерекке сүйенсек, елдегі тұтынушылық несиелердің жалпы көлемі 8,2 триллион теңгеден асқан. Бұл соңғы бес жылда екі есеге жуық өскен көрсеткіш. Ұлттық банктің мәліметінше, жеке тұлғалардың несие портфелі жылына орта есеппен 18-20 пайызға ұлғайып келеді. Әйткенмен бұл өсім экономиканың дамығанынан емес, халықтың күнделікті өмірдегі тапшылығын қарызбен жапқанынан хабар береді. Қазір 90 күннен асып өтелмеген кредиттердің үлесі — 3,4 пайыз, яғни шамамен 1,3 триллион теңге. Соның ішінде жеке тұлғалардың мерзімі өткен несиелері 943 миллиард теңгеге жетіпті. Осы сандардың артында бір айлық табысының жартысын банкке өткізетіндер, табысын қарыз төлеуге жұмсап, отбасындағы тұрақтылықтан айырылған жандар тұр. Экономистер мұндай жағдайды «қаржылық қысым синдромы» деп атайды. Мұның соңын мамандар тек экономикалық емес, психологиялық және әлеуметтік салдарға әкелетінімен түсіндіреді. Зерттеулер көрсеткендей, отбасылық жанжалдар мен тұрмыстық зорлықтың бір бөлігі де қарыз жүктемесінің әсерінен туындайды.
Айналып келгенде осындай мәселенің түпкі себебі қаржылық сауаттың төмендігінен туындап отыр. Былтыр жүргізілген зерттеулерге сәйкес, Қазақстандағы қаржылық сауат индексі 40,5 пайызды көрсетіпті. Яғни әрбір екі адамның бірі өзінің қарызының нақты құнын, пайыздық мөлшерлемесін немесе артық төлем сомасын дұрыс есептей алмайды деген сөз. Көпшілік «қазір алып, кейін төлеймін» қағидасымен өмір сүреді, бірақ«кейін» келгенде, шынайы есепті көріп, есінен танып жатады.
Микрокредит ұйымдарының көбеюі бұл үрдісті тіпті үдетті. Биыл микрокредит портфелі 2,4 триллион теңгеге жеткен. Бұл ұйымдар халыққакепілсіз әрі тез несие береді, бірақ оның құны өтежоғары. Яғни орташа жылдық тиімді мөлшерлеме 37 пайыз, кей жағдайларда 50 пайыздан да асады. Сол үшін де адамдар қажет кезде алған аз соманы өтей алмай қарызға белшеден батып, бірнеше есе артық төлеп шығуға мәжбүр. Осындай «қарыз тұзағына» түсіп, бірнеше микрокредитті қатар төлейтіндердің қатары жылдан жылға өсіп келеді.
Соңғы айлардың басты жаңалығы ипотекалық несиелендірудің тоқтауы болды. Елдегі көптеген банк жаңа ипотека беруді доғарды. Мұның себебі Ұлттық банктің 10 қазанда базалық мөлшерлемені 16,5%-дан 18%-ға дейін көтеруі. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің биыл 1 қарашадан бастап ипотеканың жылдық тиімді мөлшерлемесін 25%-дан 20%-ға дейін шектеу туралы шешімі де банктердің ынтасын азайтты. Мұндай жағдайда халықтың баспана алу мүмкіндігі төмендегені былай тұрсын, тұтынушылық несиенің өзіне қауіп тудыруы мүмкін. Экономист Алмас Чукин бұл өзгерісті «сейсмикалық сілкініспен тең» деп сипаттаған. «Бұдан тек ипотека емес, барлық несие түрі қымбаттайды. Тұтынушылық кредиттер 40%-ға дейін жетуі мүмкін», дейді сарапшы. Яғни тек банк саласын емес, тұтас экономиканы шайқалтып отыр.
Осындай жағдайда Үкімет пен Парламент те банк жүйесін қайта құрылымдау ісін қолға ала бастады. Мәжілісте қаралып жатқан «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы қоғамда үлкен талқылау туғызды. Жобаға сәйкес, егер ірі банк банкротқа ұшыраса және мемлекет оны құтқарса, шығынды басқа банктер өтейтін болады. Дегенмен заңгерлер бұл тетік түптің түбінде қарапайым халыққа салмақ салуы мүмкін екенін айтады. Өйткені банктер шығынын жабу үшін комиссия мен тарифтерді өсіреді.
Азаматтардың банкроттық рәсімін жеңілдету туралы құжатқа сәйкес, енді борышкердің барлық қарызы, соның ішінде банктік және жеке берешектері де толық кешірілуі мүмкін. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті банкроттық институтының енгізілгеннен бергі қорытындысын жариялаған болатын. Заң аясында азаматтар борыштарын реттеудің үш түрлі тәсілін пайдалана алады. Соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. 2023-2025 жылдары осы рәсімдерді қолданғандардың саны айтарлықтай артқан. Мемлекеттік кірістер органдары арқылы 28,4 мың азамат, ал сот шешімімен 196 азамат банкрот деп танылған. Банкрот болғандардың өтей алмаған қарыздарының жалпы сомасы 147,1 миллиард теңге. Ал төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін 103 азамат пайдаланып, олардың 8-інің қарызды өтеу жоспары бекітілген. Бұл топтағы берешектің жалпы көлемі 9,5 миллиард теңгеге жетіпті. Былтыр банкроттық рәсімге өтініш берген азаматтар саны 83 057 болса, биыл алғашқы бес айда 77 106 адамнан өтініш түскен. Осылайша, екі жыл ішінде 160 мыңнан астам азамат банкроттыққа өтініш білдірген. Өз кезегінде бұл қоғамдағы қарыз ауыртпалығының қаншалықты жоғары екенін көрсетіп береді.
Экономистердің айтуынша, көптеген отбасының ай сайынғы несие төлемі табысының 40-50 пайызына дейін жетеді. Тіпті тұрғындардың өздері табысының жетпіс пайызы азық-түліктен артылмайтынын айтады. Ал бұл халықаралық тәжірибеде қауіпті шекке жатады. Мұндай жағдайда несие қаржылық құрал емес, амалдау тәсіліне айналады. Өйткені біздің қоғамда қарызын жабу үшін қарыз алатындар бар. Шын мәнінде, қарыз төлеу үшін жаңа қарыз алу нағыз тығырыққа тірелгеннің белгісі.
Өзімізден бұрын техниканың жайын жиі ойлаймыз
Мемлекет бұл мәселені шешу үшін соңғы жылдары қаржылық мәдениетті қалыптастыруға басымдық беріп келеді. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 2023 жылы 780 мың адам қаржылық сауатын ашқан. Бірақ сарапшылар мұндай бір реттік тренингтер жеткіліксіз екенін жиі айтып жүр. Себебі бұл тек білім емес, өмірлік дағдыға айналуы керек мәдениет. Сондай-ақ қаржы мамандары осы тұста өркениетті елдердегі халықтың тұрмыс салтынан үйренетін тұстың көптігін тілге тиек ете бастады. Мәселен, қаржыны қажетсіз іске жаратудың орнына қаржылық тұрақтылықтың тағы бір маңызды бөлігі өмірді сақтандыру жүйесіне ден қою қажет бола бастады. Өкінішке қарай, бізде сақтандыру дегенді техникалық заттармен жиі байланыстырады. Демек адамдар өз келешегінен қарағанда техникасының болашағы үшін алаңдайды. Ал шын мәнінде, өмірді сақтандыру адамның өзіне немесе ұрпағына деген жауапкершілік пен қамқорлықтың көрінісі. Яғни бұл жүйе күтпеген жағдайларда отбасының қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді әрі ұзақ мерзімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Былтыр сақтандыру секторының активтері 25 пайызға өсіп, 3,1 триллион теңгеге жетіпті. Соның 55 пайызы өмірді сақтандыру үлесіне тиесілі. Ал былтыр өмірді сақтандыру нарығы 334 миллиард теңгеге жетсе, биыл жыл басында жалпы жинақталған сыйлықақылар көлемі 1,1 триллион теңгеден асқан. Осының өзі халықтың қаржы мәдениетінің біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, адамдарсақтандыруды енді тек «сақтық үшін» емес, инвестиция мен жинақ құралы ретінде қабылдай бастады. Мәселен, елдегі осындай бағдарламаларарқылы азаматтар жылына 8 пайызға дейін табысалып, білім мен зейнетақы үшін жинақ жасай аладыәрі табыс салығынан босатылады.
Ұлттық банк деректеріне сәйкес, былтыр сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемі 41 пайызға, ал өмірді сақтандыру сегментінде 91 пайызға артқан. Ал биыл өмірді сақтандыруға жұмсалған қаражат 199 миллиард теңгеге жетіп, бір жылда 125 пайызға көбейген. Демек қазір адамдар өз қаржысын қорғаудың баламалы жолдарын іздей бастады деген сөз.
Дегенмен, қиындықтар да жоқ емес. Көпшілікәлі де сақтандыруды «артық шығын» депқабылдайды. Мұның себебі өткен кезеңдегісенімсіздік пен инфляция кезінде жойылған ескіқорлардан қалған үрей. Бірақ қазіргі сақтандыружүйесі мүлде басқа деңгейде. Мемлекет тарапынанқатаң бақылау бар, ал сақтандыру ұйымдары жоғарыкапитал талаптарына сай жұмыс істейді. Былтыр жыл басында сектор активтерінің 67 пайызынарықтағы алты ірі компанияға тиесілі болған. Осының өзі де нарықтың тұрақтылығын көрсетеді.
Былтыр сақтандыру төлемдерінің көлемі 43,7 пайызға өсіп, 274 миллиард теңгеге жетті. Жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарының саны 2,15 миллионға дейін ұлғайған. Бұл да болсаадамдардың тәуекелді басқаруға үйрене бастауыныңайғағы.
Бір жағынан мемлекет те сақтандыру мәдениетін дамыту арқылы әлеуметтік жауапкершілікті арттырмақ. Себебі сақтандыру жүйесі неғұрлым тиімді болса, мемлекеттік бюджетке әлеуметтік тәуекелдерді жабуға түсетін салмақ соғұрлым азаяды. Сонымен қатар, сақтандыру халықтың ұзақ мерзімді жинақтарын қалыптастыру арқылы экономиканың тұрақтылығына үлес қосады.
Қарап отырсақ, елімізде қарыз бен қаржылық сауат мәселесі жеке адамның ғана емес, ұлттық деңгейдегі өзекті тақырыпқа айналды. Мемлекет бір жағынан халықтың борыш жүктемесін азайтуға, екінші жағынан, сақтандыру мәдениетін қалыптастыруға тырысып бағады.
Макроталдаушы Аякөз Ханетова адамдардың кредитке жаппай байлануын былай түсіндіреді. Оның айтуынша, елдегі қымбатшылық пен қарызға батқандардың артуына халықтың әлі қаржылық сауатының төмендігі себеп болып отыр. Мысалы, Америкада сәбіз қымбаттаса, бұл Қазақстандағы сол өнімнің қымбаттауына, ақша-несие саясатына әсері болады екен. Бұл қалай? Территориясы алшақ жатқан елдердегі тауардың бағасы біздегі нарыққа қалай әсер етуі мүмкін дейтініміз рас. Бірақ маманның сөзінше, инфляцияның ушығуына әсер ететін сыртқы және ішкі факторлар бар. Мәселен, Қазақстан импортындағы Ресейдің үлесі 50 пайызғажуық. Бұдан басқа, Түркия, Қытай, Еуропа елдерінен импорттайтын тауарлар бар. Сол елдерде қымбаттаған заттар бізге де арзан болып келмейді.Сондықтан елімізде болып жатқан жағдайлар да инфляцияға әсер етеді. «Экономика ғылымында «инфляциялық спираль» дейтін теория бар. Азаматтар инфляция жоғары болады деп күтсе, бұл да бағаның көтерілуіне әсер етеді. Мысалы, «келесі айда қанттың келісі тағы қымбаттайды» деп ойлапхалықтың өзі ажиотаж жасайды. Осылайша өнімгесұранысты күрт арттырады. Базарларда, супермаркеттерде адамдар қантқа таласады. Сұраныс артса, бағасы да өсе береді», дейді ол.
Бұдан бөлек, маман Ұлттық банк анкеталық сауалнама жасап, инфляцияны болжап отыратынын айтады. Бірақ олар мұны өздері емес, тапсырыспен жасатады екен. «Білуімше, ай сайын 1 500-ге жуық экономикалық агенттен телефон арқылы «Сіздің ойыңызша, қазір тұтынып жатқан тауарлар ендігі айда қымбаттай ма?», «Жарты жылдан кейін бағалар тұрақты болады дегенге сенесіз бе?», кәсіпкерлерден «Сіз өндіріп жатқан тауар жақын арада қымбаттауы мүмкін бе?» деп сұрайды. Жауаптың бәрін есепке алып, ұлттық банкке жолдайды. Ал ұлттық банк талдау жасап, инфлияция өсетіні не төмендейтіні туралы қорытынды шығарады», дейді. Өз кезегінде Ұлттық банк осы болжамдарды халыққа көрсетіп отырады. Дамыған мемлекеттерде орталық банктердің бұл бағыттағы жұмысы басқаша жүзеге асады. Бізде өте сауатты, неше түрлі терминді, ғалымдар мен зерттеулерді мысалға келтіріп сөйлейтіндер болғанымен, іс жүзінде өз пайдасы мен таныстарының мүддесін ғана қорғайды екен. Осылайша шағын топтың ғана мүддесі қорғалады. «Біздегі топ-менеджменттегі азаматтар білімді, ақылды, бірақ олардың арасында парасатты, адал адамдар өте аз. Дағдарыстан қалай шығатынын жақсы біледі, бірақ өздеріне тиімсіз болғандықтан бұл саясатты жүзеге асырмайды» дейді маман.
Сондай-ақ егер біздегі инфляцияның қарқыны қатты болып жатса, ұлттық банк бірінші кезекте ақшаны, оның құнын қымбаттады. Осыдан кейін кредиттің пайызы да қымбаттайды. Осыған дейін кредитті 15%-пен алып жатқандар келесіде 18%-бен ала бастайды. Тіпті адамдар дағдарыс кезінде қиналған сайын кредитті көп ала бастайды. Сондықтан макроталдаушы жеке тұлғалар мұндай кезде қаржы көп жаратпай, жинақтауды үйрене бастау керек. Әйтсе де қазір қолында депозитке сала алатын ақшасы бар адам өте аз. Сол үшін дағдарыс кезінде жеке тұлғалардың несиеге жүгінуі артып жатыр.
Әр адам бухгалтер болу керек
Қаржы мамандары қазір қаржылық сауаттылық әр азаматтың өмір сапасы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі екенін айтып келеді. Адамдардың табысын басқаруы, ақшаны сақтау мен көбейтуді үйренуі, несие мен инвестицияға қатысты дұрыс шешім қабылдауы жеке ғана емес, елдің экономикалық тұрақтылығына да ықпал етеді. Өкінішке қарай, бүгінде қаржы нарығындағы ақпараттың молдығы мен түрлі жарнамалар азаматтардың шешіміне әсер етіп, кейде қателікке ұрындырып жатыр. «Аңқау елге арамза молда» дегендей, несие алу кезінде делдалдарға сеніп, тақырға отыратындар да бар. Мысалы, кейбір азаматтар банктен тікелей ресімдемей, өзін банкпен байланысы бардай көрсететін адамдарға жүгінеді. Олар «несие тарихына қарамай кредит береміз», «жылдам әрі кепілді шешім» деген уәделермен жұрттың сенімін теріс пайдаланады. Нәтижесінде кей адамдар ақшасынан айырылып, кейде тіпті өз атына өзі білмей несие ресімделіп кетеді. Мұндай алаяқтықтың тамыры тағы да сол қаржылық сауаттың жеткіліксіздігі. Шын мәнінде, бүгінде банктердің несие ресімдеу жүйесі толығымен цифрландырылған, әрбір адам өз смартфоны арқылы өтінім беріп, шешім ала алады. Демек, делдалдарға жүгіну босқа ақша жоғалту әрі жеке деректеріңді қауіпті адамдарға беру деген сөз.
Банк жүйесінде барлығы ашық және реттелген. Егер азаматтың несие тарихы жақсы болса, ол еш қиындықсыз өтінім бере алады. Ал егер қандай да бір шектеу бар болса, оны да тек заңды түрдетүзетуге болады. Сондықтан, ең дұрысы барлықресімді тек ресми банк платформалары арқылыжүргізу қажет. Бұл әрі қауіпсіз, әрі тиімді. Қаржылықсауаттылық өз ақшаңды, жеке деректеріңді жәнесенімді қорғаудың ең тиімді жолынан басталады.
Бұдан бөлек, қаржы мәдениеті дегенде тек несие емес, ақша жинау мен инвестиция жасау да айрықша маңызға ие. Көптеген азамат соңғы жылдары табысының бір бөлігін инвестицияға бағыттай бастағаны қуантады. Бұл қаржылық тәуелсіздікке ұмтылудың белгісі. «Алдымен өзіңе төле» қағидасы осының өзегі. Яғни табыс түскен бойда оның кем дегенде 10 пайызын инвестицияға бағыттау және бұл әрекетті ай сайын қайталау болашақ капитал қалыптастырудың ең тиімді жолы. Freedom Broker компаниясының есептеуіне сүйенсек, егер азамат ай сайынғы 500 мың теңге табысының 10 пайызын инвестицияға салып отырған болса, былтыр соның қаржысы шамамен 33,5 пайызға өскен болар еді. Әрине, нарық құбылмалы, мұндай өсімге кепіл жоқ, бірақ бұл мысал инвестицияның мүмкіндігін айқын көрсетеді. Дегенмен, әрбір инвестор компанияны зерттеп, тәуекелді дұрыс бағалауы керек. Бір компанияға ғана сеніп қаражат салмай, әртараптандыру табысты инвестордың басты қаруы болғаны дұрыс екен.
«Қаржы мәдениеті бар адам үшін инвестицияны бастау үшін үлкен сома қажет емес. Тіпті 50 000 теңгеден бастап-ақ алғашқы қадам жасауға болады» дейді қаржыгерлер. Бастысы, тұрақтылық пен білім. Freedom Finance Global зерттеу нәтижелеріне қарағанда, елімізде қаржылық сауат біртіндеп артып келеді, бірақ инвестициялық мәдениет әлі де төмен деңгейде. Азаматтар инфляция мен пайыздық мөлшерлеменің әсерін толық ескере бермейді. Ал шын мәнінде, инфляция ақшаның құнын жейтін ең басты фактор. Пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы бір жағынан несие алуды тежесе, екінші жағынан депозиттердің тартымдылығын арттырады. Осы тұста нақты активтерге жылжымайтын мүлікке, алтынға немесе ірі компания акцияларына инвестициялау тиімді көрінеді.
2023 жылы теңге долларға шаққанда 1,2 пайызға нығайып, ал KASE индексі S&P 500 көрсеткішінен жоғары нәтиже көрсетті. Бұл ұлттық валютамен инвестиция жасаудың тиімділігін дәлелдейді. Алайда, елдегі азаматтардың тек 5,8 пайызы ғана брокерлік компания қызметін пайдаланған. Демек, халықтың көпшілігі инвестицияны әлі де «жинақ» ұғымымен шатастырады. Ал шын мәнінде инвестиция бұл капиталды көбейту және тәуекелді басқару мәдениеті.
Соңғы жылдары криптовалютаға деген қызығушылық та артты. Бірақ мамандар «бұл ең жоғары тәуекел аймағы» деп санайды. Алаяқтықтың түрлі түрі, жалған жобалар, deepfake-технологиялар арқылы азаматтарды алдау жағдайлары жиілеп келеді. Сондықтан мұндай инвестицияларда сақтық пен ақпараттың сенімділігі бірінші орында болуғатиіс. Сондай-ақ қаржы нарығында шешім қабылдаудың күрделі тұсы – акцияны сатып алу, ұстау немесе сату сәтін таңдау. Кәсіби талдаушылар әлемде кеңінен қолданылатын Buy, Hold, Sell жүйесі арқылы инвесторларға бағыт береді. Мысалы, Buy акцияның 20 пайыздан астам өсуі күтілетін кезде беріледі, Hold өзгеріссіз ұстауға кеңес береді, ал Sell төмендеу қаупі жоғары болғанда ұсынылады. Бірақ бұл тек бағдар, нақты нұсқау емес. Себебі нарыққа геосаяси жағдайлар, шикізат бағасы, табиғи апаттар сияқты күтпеген факторлар әсер етуі мүмкін. Сол себепті әрбір адам инвестициялық шешім қабылдарда өз тәуекел деңгейін, мақсаттарын және нарықтық білімін ескеруі қажет.
Әлеуметтанушы Айдын Лұқпанның айтуынша,халықтың несие алу көрсеткішінің өсуін көпфакторлы құбылыс деп санайды. Бұл тек экономикалық емес, сонымен қатар әлеуметтік және мәдени-психологиялық себептермен де тығыз байланысты. Ең алдымен, бұл үрдістің негізгі себебі халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуінен. Соңғы жылдары азық-түлік бағасының, коммуналдық қызметтердің, тұрғын үй мен көлік шығындарының күрт өсуі қарапайым халықтың қаржылық жағдайына ауыр әсер етті. Тұрғындардың көпшілігі күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін несие алуға мәжбүр болып отыр. Бұл құбылыс бір жылдың ішінде пайда болған жоқ, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан үрдіс. Әсіресе 2021 жылдан бастап азық-түлік пен негізгі тұтыну тауарларының бағасы айтарлықтай өсті. Үкімет тарапынан бұл мәселені шешуге бағытталған шаралар қабылданғанымен, олардың нақты нәтижесін халық сезіне қойған жоқ. Бұған қоса пандемияның салдары, девальвация және инфляцияның өсуі де халықтың әлеуметтік жағдайына теріс ықпал етіп келеді.
«Социологиялық зерттеулерге сүйенсек, қазір Қазақстанда орта таптың үлесі шамамен 30-35 пайызды ғана құрайды. Ал Батыс елдерінде бұл көрсеткіш 70 пайыз шамасында. Орта тап өз қажеттіліктерін несиесіз қамтамасыз ете алатын әлеуметтік топ. Өкінішке қарай, елімізде бұл топ әлсіз, ал қазіргі орта таптың өзі «прото-орта тап» деңгейінде, яғни орта және төмен таптың арасында орналасқан. Мәселенің екінші қыры — мәдени және психологиялық факторлар. Қазақ қоғамында «жұрттан қалмау», «басқалар сияқты болу» ұстанымы әлі де терең тамыр жайған. Тойды дүрілдетіп өткізу, үйге жөндеу жасау, көлік алу немесе қымбат телефон мен тұрмыстық техника сатып алу, мұның бәрі де несие арқылы іске асады. Көп жағдайда адамдар қаржылық мүмкіндігі шектеулі болса да, «жұрт не дейді?» деген оймен несие алуға барады», дейді әлеуметтанушы.
Қазақ отбасыларында тіпті жастар кредит алып қиналып қалса, ата-анасы көмектеседі. «Шүкір, бас аман болсын, бір жолын табармыз» деген түсінік кең таралған. Мұның барлығы қоғамда несиені қалыпты өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдауға әкеліп отыр.Сондай-ақ, маман қазір банктер мен микроқаржы ұйымдары тарапынан несие алу процесі өте жеңіл әрі қолжетімді болғандықтан, бұл да тұрғындарды қарыз алуға итермелейді. Банк қызметкерлері жарнамалар арқылы клиенттерді несие рәсімдеуге үгіттейді екен. Тағы бір маңызды фактор қаржылық сауатсыздыққа тіреледі. Көптеген азаматтар несие алудың нақты шарттарын, қосымша төлемдер мен комиссияларды толық түсінбейді.
Сол үшін әлеуметтанушы құндылықтар иерархиясын қалыптастыру маңызды екенін айтады. Не бірінші орында, не екінші, не үшінші орында тұруы керек, мұны әр адам өзі анықтауы қажет. Алмемлекет тарапынан жалақыны арттыру, ең төменгі еңбекақы деңгейін көтеру, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын индексациялау сияқты шаралар арқылы жүзеге асатын жұмыс көп. Өйткені кейбір өңірлерде орташа жалақының статистикалық көрсеткіші шынайы өмірмен сәйкес келмейді. Мысалы, біреу 10 миллион теңге табады, ал енді біреу 70 мың теңгемен күн көреді. Сондықтан орташа жалақыны есептеу әдістемесін қайта қарау, нақты стандартты қалыптастыру қажет.
Қорыта айтқанда, қаржылық еркіндік адамның өз табысын дұрыс басқаруынан басталады. Көпшілік табысы аз болғандықтан емес, қаржысын жоспарламайтындықтан қарызға кіреді. Қаржы мамандары «ақшаға тәуелді емес, ақшаны өзіне қызмет еткізе алатын адам ғана еркін өмір сүре алады» деуінің сыры осында жатыр.

