Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратында бірнеше ерекше баланың ата-анасы жиналып, қала басшысымен кездесуді талап етті. Ата-аналардың айтуынша, Шымкент қаласында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған жалғыз әлеуметтік орталықтың мәртебесі өзгерген соң көптеген түйткіл туындаған.

«Бәрі бұрынғыдай қалады деген еді…»
«Біздің әлеуметтік орталық төрт жылдан бері ментальды бұзылыстары бар, яғни аутизм спектрі мен басқа да психоневрологиялық диагнозы бар балаларға қызмет көрсетіп келеді», дейді ата-аналар. Олардың сөзіне сенсек, 29 тамыз күні олар әлеуметтік қорғау бөліміне және білім басқармасына барып, өтініш білдірген. Сол кезде оларға «Бәрі бұрынғы қалпында қалады» деп сендірген. Алайда 2 қыркүйектен бастап орталық білім басқармасының қарамағына өтіп, содан бері жағдай күрделене түсіпті.
Ата-аналардың айтуынша, орталық «Асыл Мирас», «Қараңдар» сияқты коррекциялық кабинеттер қатарына қосылып, сол жүйемен жұмыс істеуге мәжбүр болып жатыр екен. Бұрын мұнда балалар 18 жасқа дейін тегін қызмет ала алса, енді бұл мүмкіндік шектелген.
«Тамызда ғана өткенімізге қарамастан, бізге берілген құқықтар қысқартылды. Бұрын тегін қызмет алған балалар енді үш айдан кейін тізімнен шығарылады. Бізді ПМПК-дан өтуге мәжбүрлеп, содан соң басқа коррекциялық кабинетке жібереді. Бірақ ол жерде небәрі үш ай ғана қабылдайды», — дейді ата-аналар.
Тұрғындар балаларының болашағына алаңдайды. Жеке орталықтар үлкен жастағы ерекше балаларды қабылдамайды, ал тегін орталықтарда орын жетіспейді.
«Кейбіріміз таңертең ақылы орталыққа қарызданып болса да алып барамыз, түстен кейін тегін орталыққа әкелеміз. Бірақ барлығының оған шамасы жетпейді. Мамандардың айтуынша, мұндай балаларға күніне кем дегенде бес сағат сабақ қажет. Біз осы орталықта үш сағат сабақ алып жүрген едік. Қазіргі кезде мамандардың айлығы небары 120 мың теңге шамасында болып қалды. Мұндай жалақыға ерекше баламен жұмыс істеу оңай емес».
Жиналғандардың сөзіне сенсек, орталықтағы жағдайдың нашарлап та кеткен.
«Бұрын орталықта иппотерапия, арт-терапия, күш терапиясы, робототехника сияқты сабақтар жүргізілетін. Қазір олардың бәрі тоқтап қалды. Дефектологтар мен логопедтердің сағаттары қысқарған, кей кабинеттер жабылған. Ал басқа коррекциялық кабинеттерде бұл қызметтердің барлығы бар, бірақ біздің балаларды қабылдамайды. Себебі олар «психоневрологиялық және ментальды бұзылысы бар балалар» деп, тізімнің соңына қалдырады. Біз тек бір нәрсе сұраймыз. Орталықты қайтадан әлеуметтік қорғау саласына қайтарсын, мамандардың жалақысын қалпына келтірсін және нормативтерді өзгертсін», — деген талап қояды ата-аналар.
Олар әкімге тікелей шығайын десе, жол жабық. Журналистерге де ашық ақпарат берілмейді екен. Амалы қалмаған ерекше балалардың ата-аналары «Біз тек қоғамдық резонанс арқылы өз сөзімізді тыңдатуға мәжбүрміз» деп ашынды.
Алайда артынша оларды қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жеке қабылдап, жағдайды тағы бір рет түсіндірген. Тағы бір деуіміздің себебі — орталықтың білім басқармасына ауысқан себебін бұған дейін тағы бір айтқан.
Тарихшы логопед, қаржыгер дефектолог болған
Бұл мәселенің мәнісін білу үшін Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты «Қамқорлық» оңалту орталығының уақытша міндетін атқарушы директоры Зухра Азатқызымен байланысқа шыққан едік. Сөйтсе, мәселенің төркіні — ерекше балаларға білім беріп келген мамандардың біліктілігінде болып шыққан.
«Мен бұл қызметке 2025 жылғы 6 қазаннан бастап кірістім. Бұған дейін орталық әлеуметтік салаға қараған болса, қазір ол білім басқармасы жүйесіне өтті. Осыған байланысты бірқатар ұйымдастырушылық және кадрлық өзгерістер енгізілді. Біріншіден, орталықтағы мамандардың кәсіби біліктілігі білім саласының талаптарына сәйкестендірілді. Бұрын әлеуметтік салада кей қызметкерлердің дипломдары өз мамандығына сай келмей, қысқа курстар мен сертификаттар арқылы жұмыс істеген жағдайлар болған. Мысалы, тарихшы немесе қаржыгер мамандығын тәмамдаған адам логопед не дефектолог болып істеген. Ал білім беру жүйесінде мұндайға жол берілмейді. Әр маманның кәсіби дипломы және нақты бағыттағы жоғары білімі болуы шарт. Бұл, ең алдымен, ерекше балаларға сапалы қызмет көрсету үшін қажет», — деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ Зухра Азатқызы айлық жалақының төмендемегені туралы ақпараттың мәнісін түсіндірді. Керісінше біліктілігі бар нағыз мамандарға үстемеақы қосылады екен.
«Әлеуметтік салада кей қызметкерлер өздеріне педагог-модератор, педагог-сарапшы немесе педагог-зерттеуші секілді санаттар алып, жоғары жалақы алған. Ал білім басқармасына өткенде олардың арасында аттестациядан өтпеген, санаты жоқ мамандар да болды. Сол себепті айлығы төмендеді. Егер маман өз біліктілігін дәлелдеп, аттестациядан өтсе, жалақысы қайта көтеріледі», — деді ол.
Оның айтуынша, орталықтағы жағдай қазір тұрақты. Балалар барлық қажетті терапия мен дамыту бағдарламаларын алып жатыр. Әр балаға жеке даму картасы жасалып, диагностика және командалық бағалау жүйесі енгізілген.
«Сондықтан қызметкерлердің қысқаруы туралы ақпарат шындыққа сай емес. 6 қазаннан бері ешкім жұмыстан шығарылған жоқ. Керісінше, екі ауысымдық жұмыс кестесі енгізілді. Мәселен, бірінші ауысым 9:00-13:00 және екінші ауысым 14:00-18:00 аралығында. Бұл балалардың жас ерекшелігі мен күн тәртібіне сай тиімді», — деді Зухра Азатқызы.
Ал, ең қызығы, орталықта ресми түрде 148 бала тіркелгенімен, күнделікті сабаққа шамамен 60 бала ғана келіп жүрген. «Қалғандары түрлі себептермен уақытша қатыспай жүр. Барлық бала назарда, ешкім ұмыт қалған жоқ», — дейді орталық өкілі. Бұрын әлеуметтік сала арқылы кей отбасыларға бір мезгілде бірнеше қайталанған мемлекеттік көмек берілгенін де басшы жасырмады. Қазір барлық процестер заң аясында қайта реттеліп, бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы қолға алынған. Сондықтан бұл процесті кейбір ата-аналар дұрыс түсінбеген көрінеді.
«Қамқорлықтағы» кәсіби реформа кім үшін тиімді?
«Ал иппотерапия, гидротерапия сияқты бағыттар сақталады. Қазір бейімделу кезеңі өтіп жатыр, жақын уақытта барлық қызмет түрі қайта жанданады. Мамандар USTAZ платформасына тіркеліп жатыр. Бұл жүйе арқылы әр педагогтың біліктілігі мен санаты бақыланады. Ең алдымен, білім басқармасына өту сапаны арттырудың алғышарты. Өйткені, бізге балалардың дамуы мен әлеуметтенуі маңызды. Әр баланың қауіпсіздігі мен психологиялық жайлылығы біздің басты назарымызда. Орталық ғимараты кең, жарық және барлық жағдай жасалған. Егер менің өзімнің ерекше балам болса, дәл осындай кәсіби орталыққа апаруға дайын болар едім», — деп қосты ол.
Директордың айтуынша, кей мамандардың жұмыс уақытының қысқаруы да түсінбеушілік тудырған. Бұрын сегіз сағат істеген қызметкерлер енді төрт сағаттық ауысыммен жұмыс істейді. Бұл қысқарту емес. Барлық маман өз орнында, тек жұмыс екі ауысымға бөлінді. ПМПК қорытындысы да енді мерзімсіз беріледі, яғни балалар ұзақ уақыт бойы тұрақты көмек ала алады. Маманның айтуынша, алдағы уақытта педагогтардың жалақысы кезең-кезеңімен өседі. Базалық жалақы 35%-ға дейін артса, ал педагог-модератор мен сарапшыларға 30-35% үстемақы беріледі. Бұл мамандарды кәсіби өсуге ынталандырмақ.
Шаһардағы «Қамқорлық» орталығын айнала туған жағдай осы әлеуметтік және білім саласының түйіскен тұсындағы жүйелік өзгерістің көрінісінен туындап отыр. Бір жағынан, ата-аналар өз баласының мүддесін қорғап отыр, екінші жағынан, білім басқармасы сапаны арттыруды көздейді. Өйткені ерекше білім беруді қажет ететін балалар — мемлекет қамқорлығы мен қоғамның ерекше назарын қажет ететін топ. Сондықтан бұл мәселенің ушығуын түсінуге болатындай. Бір тарап — ата-аналар. Олар төрт жылдан бері өз балаларының дамуы мен бейімделуіне жағдай жасап келген орталықтың білім басқармасына өтуінен кейін бұрынғы мүмкіндіктер шектелді деп дабыл қағады. Екінші тарап жүйені жетілдіру, сапаны арттыруды көздеп отырғандарын айтты. Ерекше балаларға кәсіби мамандар қызмет көрсетіп, әр педагогтың дипломы мен біліктілігі нақты мамандығына сай болуы басты талап екені анық.
фото: freepik.com


