Батыс Қазақстан облысындағы қоғамдық көлік ақысы Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Бұл дерек Ұлттық статистика бюросы жариялаған тұтыну тауарлары мен қызметтерінің баға индексінен анық байқалады.
Қазір облыс тұрғындары қоғамдық көлікке мінген сайын 100 теңге төлейді. Ал Қазақстанның батыс аймағындағы өзге өңірлерде баға айтарлықтай төмен: Ақтөбеде мен Атырауда жолақысы 80 теңгені, ал Ақтауда 70 теңгені құрайды.
Дегенмен, дәл сол Ұлттық статистика бюросы келтірген Қазақстан облыстары бойынша орташа айлық табыс көрсеткішіне назар аударсақ, аталған өңірлердің ішінде ең төмен жалақы Батыс Қазақстан облысына тиесілі. 2025 жылғы есеп бойынша, БҚО тұрғындарының айлық табысы орта есеппен 378 851 теңгені құраса, Ақтөбеде – 405 140 теңге, Атырауда – 585 172 теңге, Маңғыстауда – 629 466 теңгеге дейін жеткен.
Осы орайда орынды сұрақ туындайды: неліктен ең төмен жалақы алатын өңір тұрғындары қоғамдық көлікке бәрінен көп төлейді? Мәселенің себебін зерттеу үшін редакция БҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ресми сауал жолдады.
Басты себеп – электронды билет жүйесі
Басқарма жолақының қымбаттауын электронды билет жүйесін енгізу мен тасымалдаушылар шығынының өсуімен байланыстырды. Қазір Орал қаласында «Smart Qala» және «Avtobys» жүйелері арқылы электронды төлем жасауға болады. Тасымалдаушы мекемелер мен жолаушыларға бірдей оңтайлы жағдай жасауға тиіс цифрландыру жүйесі неге керісінше жолақының өсуіне әкеліп соқтырғаны туралы сауалға басқарма жауап қайтармады.
2023 жылдың 6 желтоқсанында Орал қалалық мәслихаты жолақыны 80 теңгеден 100 теңгеге көтеру, ал қолма-қол төлемді 200 теңге етіп бекіту туралы шешім қабылдаған. Басқарма өкілдерінің айтуынша, 200 теңгелік тариф тұрғындарды электронды төлемге көшуге ынталандыру үшін енгізілген. Себебі электронды билеттер тасымалдаушының кірістерін ашық көрсетіп, мемлекеттік субсидия көлемін нақты есептеуге мүмкіндік береді.
Қазір Оралда 6 жекеменшік автобус паркі жұмыс істейді, коммуналдық кәсіпорын жоқ.
«Соңғы жылдары жанармай, қосалқы бөлшектер мен жүргізушілердің жалақысы қымбаттағандықтан, тасымалдаушылардың шығыны да едәуір өсті», — делінген жауапта.
Қалада кейбір әлеуметтік топ мүшелері үшін жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, бірінші топ мүгедектігі бар адамдар, 7 жасқа дейінгі балалар, көпбалалы аналар қоғамдық көлікпен тегін жүре алады. Ал зейнеткерлер мен оқушылар жолақысын 50 пайыз жеңілдікпен төлейді:
«Қазір жолақының өзі ай сайын қалтама едәуір салмақ түсіреді» – халықтың жай-күйі
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Айнұр Болатова (аты-жөні кейіпкердің қалауымен өзгертілген) күнделікті өмірінде қоғамдық көлікке қатысты қандай қиындық кешетінін бөлісті.
«Мен Зашаған кентінде тұрамын. Жұмысыма дейінгі жол ұзақ, сол себепті таңертең үйден ерте шығуым керек. Қаланың екінші бөлігінде орналасқан ауруханада мейірбике болып қызмет атқарамын. Жұмысқа екі автобуспен қатынауға тура келеді, кешке үйге қайтқанда да солай.
Балаларымның жолақысын қосқанда, күн сайын тек автобусқа шамамен мың теңгедей кетеді. Екі балам қала ортасындағы гимназияда оқиды, екеуіне жолақысына күніне 200 теңгеден беремін.
Кезінде бұл шығынға қатты мән бермейтінмін, бірақ соңғы жылдары бәрі қымбаттап кеткесін,әр тиынымыз санаулы. Қазір жолақының өзі ай сайын қалтама едәуір салмақ түсіреді. Өзім жалғызбасты анамын. Ай сайынғы табысымның бір бөлігі сол жолақы мен азық-түлікке кетеді», — деді ол.
«Жолақыны 500 теңгеге дейін көтеру керек»
Таяуда Қанды Қаңтар кезінде сұйытылған газ бағасын көтеруді ұсынған Олжас Байділдинов тағы бір шулы мәлімдеме жасады. Мұнай және энергетика саласының сарапшысы енді қоғамдық көліктегі жолақыны да «нарық талабына сай» 500 теңгеге дейін көтеру керек деп есептейді.
«Қазақстанның бірқатар өңірінде мемлекеттік субсидияларға байланысты түсініксіз жағдай туындап отыр. Тасымалдаушылардың сөзінше, жол жүрудің өзіндік құны шамамен 345 теңгені құрайды, бірақ оларға үш жыл қатарынан субсидия төленбей келеді. Бұл салада ашықтық жоқ.
Сондықтан біз жабық субсидиялардан бас тартып, бағаны еркін нарыққа жіберуіміз керек. Ерте ме, кеш пе, бәрібір осыған келеміз. Мысал ретінде Үндістанның Дели қаласын келтірейік: онда метро мен жеңіл рельсті көліктегі жол ақысы 20-70 рупий (шамамен 140-470 теңге) аралығында», — деді ол.
Әлеуметтік желі қолданушыларыны Олжас Байділдиновты «халықтың қалтасын емес, нарықтың пайдасын ойлайтын маман» деп сынға алды.
фото: freepik.com

