Close Menu
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube TikTok RSS
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
    • Құпиялық саясаты
  • Бізге жаз
Facebook Instagram Telegram WhatsApp YouTube TikTok
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
Жаңалықтарға жазылу
Среда, 3 декабря
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube RSS
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Редакция жайлы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
  • Бізге жаз
Басты бет»Редакция таңдауы»“Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің құқығын қорғау қиын” — адвокат
Жадыра Мүсілім Редакция таңдауы 17/09/2025

“Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің құқығын қорғау қиын” — адвокат

Бөлісу
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Қазіргі қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық табу тақырып болып есептелінеді. Көп жағдайда әйелдер мен бала-шаға зардап шегіп, “жабулы қазан жабулы күйінде” қалып жатыр. Осы және өзге де түйткілдер туралы белгілі заңгер, адвокат, әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Айман Омаровамен сұхбаттастық.

Айман Мұратқызы, көп жылдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің құқығын қорғап жүрсіз. Осы уақыт ішінде әйелдердің тағдырына әсер еткен ең ауыр істердің ерекшелігі неде болды?

– Байқағаным, мұндай істердің көбі кейіннен үйдегі балалардың да зорлық-зомбылық көруіне себеп болады. Мысалы, осындай істерді қарау мен үшін де психологиялық соққы. Өйткені қоғамда тұрмыстық зорлық туралы айтқанда көпшілік «Е, ұрып қойыпты, соғып тастапты…» деп жеңіл қабылдайды. Ал, шын мәнінде, мұндай зорлық-зомбылықтың 99 пайызы, тіпті 100 пайызы тіркелмейді. Себебі біздің қоғамда көптеген әйелдер отбасындағы жағдайды ашық айтуға сескенеді, арланады, ұялады. Зорлық-зомбылық көбіне шаңырақ көтергеннен кейін басталады. Алдымен әйел ауыр сөздер естиді, оның соңы қол көтеруге ұласады. Ер адам әйелінің үндемейтін, көнбіс мінезін пайдаланып, оған ұдайы зорлық көрсете бастайды. Біртіндеп әйел өзін қорғай алмайтын, үнсіз, бейшара күйге түседі. Осылайша оны психологиялық тұрғыда толық басып-жаншып, өзіне бағынышты «қуыршаққа» айналдырады. Бұл жағдай балалардың көз алдында жүзеге асады. Кейін озбырлар әйелге ғана емес, балаларға да психологиялық және физикалық қысым көрсете бастайды. Анасының үнсіздігінен кейін олар да үн қатпайтын болады. Уақыт өте келе мұндай балалар да зорлықты қалыпты нәрсе ретінде қабылдай бастайды.

Қазіргі кезде туған әкесінен жыныстық зорлық көріп жүрген балалардың істерін қарасақ, барлығының бастауы аналарының шарасыз күйінен басталған. Яғни бұл аналардың өздері де кезінде күйеулерінен зорлық-зомбылық көрген, бірақ жақындарына шағымдана алмаған, ешкімнен қолдау таппаған. Кейбір әйелдерді күйеулері ұрып-соғып, дене мүшелерін сындырып, азаптаған. Осы қорлықты көріп өскен бала әкесінен сескеніп анасынан көмек сұрай алмайды. Өйткені анасы да ештеңе істей алмайтынын біледі. Бірақ түптің түбінде не жәбірленуші, не озбырлық көрсеткен еркектің өзі жазым болады. Осындай жағдайларда әйелдер көбіне өзіне емес, баласына көрсетілген қорлыққа шыдай алмай, ауыр қылмыс жасауға барады. Кейде әйел өзін де, баласын да қорғау мақсатында күйеуіне қол көтеруге мәжбүр болады. Қазір сондай әйелдердің қатарында Кенганова бар. Бұдан өзге де бірнеше әйел бар. Бірі бес баласымен жалғыз қалды. Ол әйелге ешкім қолдау көрсетпеді. Ал оның күйеуі ішімдік ішіп алып, әйелі мен балаларына тыныштық бермеген. Балаларын ұрып-соққан, бірақ сексуалдық зорлық жасамаған. Ад басқа бір жағдайда ер адам балаларына жыныстық зорлық көрсеткенін білемін. Бұл да әйеліне ұдайы көрсетілген қорлықтан басталған.

 Осындай істерде әділ сот шешіміне қол жеткізу қаншалықты мүмкін?

– Өкінішке қарай, мүмкін емес. Әділ сот шешіміне қол жеткізу өте қиын. Көп жағдайда мұндай қылмыстар сотта жалпы «кісі өлтіру» деген ортақ баппен қаралып, судьялар үкім шығара салады. Қылмыстың себеп-салдары, оның ауырлығы немесе ерекшелігі терең зерделенбейді. Шын мәнінде, қылмыс жасаған әйелдердің көпшілігі — әлгіндей жылдар бойы қорлық көрген жандар. Сотта олардың жан күйзелісін, осындай әрекетке не итермелегенін ешкім сараламайды. Олардың басынан сипап, жанын түсінетін адам жоқ. Олардың арасында күйеулерінен көрген қорлығын айтып ұлттық комиссияға дейін хабарласқан әйел бар екен. Тап сол әйел үсті-басын көк ала қойдай етіп сабаған күйеуінің үстінен шағымданып, талай рет полицияның алдына барған. Жәбірленушінің жағдайын жергілікті полицейлер де білген. Бірақ құқық қорғау қызметкерлері әйелді озбырдан қорғай алмаған. Соңында әйел кезекті бір жанжал үстінде күйеуін өлтіріп қойған. Бұл қасақана емес, өзі мен балаларын қорғау мақсатында болып отыр ғой. Өйткені әйелдің өзі де әбден қиналған. Алайда сотта оның өміріндегі ауыр жағдай ескерілмеді.

А. Омарова

 Полицейлердің әрекетсіздігін айтып отырсыз. Енді не істеу керек? Қандай заңнамалық өзгерістер қажет?

– Бұл жай ғана әрекетсіздік емес, бұл әдейі жасалған қылмыс. Мысалы, қорғауымдағы Кенганова деген әйелді тергеушілер алып кеткенде қолында жаңа босанған сәбиі бар, емшегі сүтке толып, ағып тұрған. Сонда жаңа босанған ананы тергеуге алып кеткен кезде қалған балалары қараусыз қалған. Айтуларына қарағанда көп уақыт аялдамада отырған. Бұл – адамгершілікке де, заңға да жат. Бұған қоса, сол әйелдің бірінші күйеуінен туған баласын екінші күйеуі ұрып-соғып, қыстыгүні жалаңаш күйде далаға қуып шыққан. Тергеу кезінде әйелге «Саған ештеңе болмайды, балаларың бар ғой» деп алдап, бірқатар қағазға қол қойдырып, кейін соттап жіберді. Меніңше, қорғау органдарының осындай істері қылмыстық әрекет ретінде қаралу керек. Әйелдің соққыға жығылғанын, азап көргенін көре тұра ешқандай шара қолданбаса, полицей қатаң жазаға тартылуы керек. Тіпті арыз жазылған, не жазылмағанына қарамастан, егер оқиғаға куә болып, тіркемесе, бұл әрекеті қылмыс ретінде қаралуға тиіс. Бұл негізі заңда бар. Алайда ешкім жауапкершілікке тартылып жатқан жоқ.

Енді шарасыздықтан осындай қылмысқа барған әйелдерге қатысты қандай түзеу немесе жазалау жолдарын тиімді деп санайсыз?

– Біздің заңнамада өзін-өзі қорғау мақсатында адам өлтіріп қойған жағдайда жеңілдік қарастырылады. Бірақ мәселе сол заңның қолданылуында болып отыр ғой. Заң бар, алайда соттар оған сүйене бермейді. Көптеген әйелдің ақшасы жоқ, қарызы көп. Көрдіңіз бе, не қаражаты, не қорғануға күші жоқ. Сосын түгі жоқ әйелді соттар аясын ба? Соттар ақшасы жоқ адамды аямайды. Ал жәбірленушілер мемлекет ұсынған адвокаттың тегін көмегіне разы болып жүре береді. Мықты қорғаушы жалдауға шамасы жетпейді. Осы салада қаншама жыл жұмыс істеп келемін, бірақ сот отырысында әйелдердің жағдайы ескерілгенін, шынымен әділетті үкім шыққанын сирек көрдім.

Сіздің тәжірибеңізде зорлық көрсеткен ер адамдардың жазадан оңай құтылып кеткен жағдайлары болды ма?

– Иә, ондай мысалдар жетіп артылады. Кейбір істер мүлде жабылып қалды. Мәселен, Қызылордада болған Арунаның ісін білетін шығарсыз. Оның полицей күйеуі түрлі зорлық-зомбылық жасаған. Сол істі бірнеше мәрте жауып тастады. Тек үлкен қоғамдық резонанстан кейін сотқа жетіп, зорға дегенде жазаладық. Ал Алматы облысында алты баланың анасы Айжан деген әйелге күйеуі қол көтерген. Оған қоса күйеуінің туыстары келіп, келіншегін ұрып-соғып, ішкі ағзаларын зақымдап, көкбауырын алып тастауға дейін жеткізді. Сол оқиға болғанша ешқандай шара қолданылмаған. Мұндай сұмдық істер өте көп. Қайсыбірі ішімдікпен жасалады, ал кейбірі есі дұрыс болса да, осындай қадамға барады. Құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі салдарынан отбасындағы зорлық-зомбылық жалғаса береді. Ал оның соңы балаға жасалатын зорлыққа ұласады. Мысалы, Алматы облысында туған әкесі өзінің екі қызын тоғыз жасынан бастап зорлап келген. Оларды ұрған, қорлаған. Ақыры 25 жылға сотталды. Бірақ өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қолданылмады, себебі ескі заңмен сотталған.

Қарағандыда да тура сондай жағдай болды. Әкесі кішкентай қыздарын зорлаған. Қаскөй өмір-бақи түрмеде жазасын өтейді. Ал Өскеменде өгей әке әйелді өлгенше сабап, кейін өгей қызын зорлаған. Мұның бәрі, бағана айтқанымдай, алғашқы кезде әйелге жасалған зорлықтан басталған. Ана қорғансыз болса, бала одан да осал болады. Уақытында тоқтатылмаған зорлықтың соңы адам өлімімен, психикалық дертпен немесе тірі жетімдердің көбеюімен аяқталады. Соттардың әрекетсіздігінен, әділетсіздігінен осындай немқұрайлы әрекеттің соңы үйдегі зорлық-зомбылықтың жалғасуына алып барады.

Өскеменде бүлдіршінге зорлық көрсеткен өгей әкесі алдымен әйелді өлердей ұрған. Моншада ұрып, талдырып тастаған. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтатпаса, бұның артында аса ауыр қылмыс болады. Озбыр адам өзін немесе жәбірленушіні түбі жазым етеді, не жынды, не мүгедек қылады. Ең ауыры, оның тақсыретін айналып келгенде балалар тартады. Әлеуметтік жетімдердің саны артады. Мысалы, менің қорғауымдағы бір әйелдің бес баласы балалар үйінде жатыр, темір орда өзі отыр. Сол Кенгановаға тыныштықтың бағасы қымбат болды. Бостандықтағы өмірінде бір күн тыныштық болмаған. Шын мәнінде оның ісі «адам өлтіру» бабымен емес, қорғану мақсатында абайсызда болған әрекет еді.

Сіз бұл мәселені ұлттық құрылтайда да көтердіңіз. Сотталған әйелдердің тағдырын жеңілдету немесе оларды қолдау үшін қандай мемлекеттік немесе қоғамдық тетіктер қажет деп есептейсіз?

– Бұл мәселені мен жайдан-жай көтеріп отырған жоқпын. Ең алдымен, оны жан-жақты зерттеп, ұзақ жылдар бойы бақылап, тереңінен таныстым. Түрмелерге барып, ондағы әйелдердің жағдайын көзіммен көріп жүрмін. Мәселен, Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасы (ПРООН) және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың қолдауымен еліміздегі алты түзету мекемесін зерттедім. Зерттеу барысында олардың екеуі сонау 1937 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ескі мекемелер екені анықталды. Мысалы, Жауғаштыдағы әйелдер колониясында аналар балаларымен бірге отыр. Мен барған кезде ол жерде елуге жуық ана баласымен отырған еді. Ал жалпы сол мекеме 550 адамға арналған болса, нақтысында 650-ден астам адам қамалған. Бұл 100 адам артық деген сөз. Мұндай жағдай — жүйедегі олқылықтың, заңнамадағы дәлсіздіктің көрінісі. Мұндағы ең басты проблема — Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-атқару кодексіндегі «соттың қалауымен» деген түсініктің болуы. Мәселен, заңда «аса ауыр қылмыс үшін сотталған адам жазасының үштен екі бөлігін өтесе, шартты түрде босатылуы мүмкін» деп жазылған. Бірақ нақты «босатылуға тиіс» деп көрсетілмеген. Осылайша, соттың еркіне жол ашылады. Судья қаласа шығарады, қаламаса шығармайды. Бұл — құқықтық теңсіздік пен сот төрелігіндегі субъективтіліктің айқын көрінісі.

Нақты мысал келтірейін, Алдабергенова есімді әйел ДЦП диагнозы бар баласымен бірге колонияда отырған. Іле аудандық сотының судьясы оны шартты түрде босатудан бас тартқан. Судья «жазасын толық өтеуі керек» деген уәж келтірген. Оның өтемдері толық жасалмаған, себебі түрмеде ауру баламен отырған әйелдің бұған мүмкіншілігі қайдан болады? Оның кәмелетке толмаған басқа балалары да бар. Ақырында Алматы облыстық соты оны үйқамаққа жіберуге шешім шығарды. Бірақ бұл шешімге жету үшін талай уақыт, жүйкені тоздыру және құқықтық күрес қажет болды. Жауғашты мекемесінде Жанар Әбиева деген екі баласымен тағы бір әйел отыр. Бір баласы екі жаста, екіншісін жақында ғана босанған. Ол барлық залалды өтеген, мінездемесі жақсы. Алайда бірінші сот сатысы өтінішін қанағаттандырмай қойды. Ал Алматы облысының соты оған қарамастан сол шешімді өзгеріссіз қалдырды. Осындай соттардың шешімдеріне халық, балалар, жалпы мемлекет қандай пайда көреді? Мұның барлығы — сот жүйесіндегі кемшіліктер. Бұндай жағдайлар колониялардың шектен тыс толып кетуіне алып келіп отыр. Ал бұл өз кезегінде мемлекет бюджетінен бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуына кедергі. Түрмелерде орын жетіспейді, ал мемлекет қосымша қаржы жұмсауға мәжбүр. Мұндайда ең алдымен заңның өзі нақты болуы керек. «Соттың еркімен» деген тұжырымдар жойылуға тиіс. Заңда «шартты түрде босатылуға тиіс» деп анық жазылуы қажет. Себебі заң орындалу үшін жазылады, оны бұрмалап, әркім өз білгенінше қолданбауы керек.

Тағы бір айта кетерлігі, соттар кәмелетке толмаған балалары бар аналарға жазасын кейінге қалдыру тетігін де дұрыс қолданбай отыр. Ешқандай қауіп төндірмейтін әйелді, тіпті оның үйінде күтімге мұқтаж сәбилері барын біле тұра, колонияға қамап қою бұл гуманизм қағидаттарына қайшы. Қазіргідей бейбіт кезеңде мұндай қатыгездікке жол берілмеуі керек.

Зерттеуім 2019-2024 жылдардың аралығын қамтыды. Осы кезеңде, әсіресе денсаулығы нашар әйелдердің саны көбейгені байқалды. Мәселен, түрмелерде отырғандардың шамамен 65-66 пайызы — ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар, 25 пайызы — онкологиялық және туберкулез ауруларына шалдыққандар. Ал балалы әйелдердің қылмысқа тартылу деңгейі 125%-ға өскен. Осы деректердің бәрі бізге бір нәрсені көрсетеді. Сотталған әйелдерге қатысты заңнамада нақтылық жетіспейді. Соттар өз қалауынша шешім шығарып, адам тағдырын ойыншыққа айналдырып отыр. Бұл – ең алдымен сот жүйесіне деген сенімді төмендетеді және жемқорлық тәуекелін арттырады. Сондықтан менің негізгі ұсынысым: заңнамаға нақты өзгерістер енгізіп, «сот құқылы» деген емес, «сот міндетті» деген мазмұндағы нормаларды енгізу керек. Сонда ғана біз әділеттілік пен гуманизм қағидаттарын қамтамасыз ете аламыз.

Жауғаштыдағы әйелдер колониясында 600-700-ге жуық әйел жазасын өтеп жатса, сол жерде бар-жоғы екі  психолог жұмыс істейді екен. Сотталғандарды оңалту жұмыстары, психологиялық терапия немесе қайта әлеуметтендіру процесі елімізде дұрыс жүзеге аса ма? Бұл жүйенің шынайы тиімділігі бар ма?

– Өкінішке қарай, бізде оңалтау жүйесі іс жүзінде жұмыс істемейді. Бұл жүйелі әрі күрделі проблема. Тек әйелдерге ғана емес, жалпы сотталған азаматтардың ешқайсысымен сапалы психологиялық жұмыс жүргізілмейді. Біз әлі күнге дейін «психология» деген ұғымның маңызын толық түсініп, қабылдай алмай келеміз. Қазір жұмыс істеп жүрген психологтардың басым бөлігі тек формальды тесттермен шектеліп отыр. Олар бір стандарт әдістемелерді жаттап алған, бірақ терең психологиялық талдау жасау, нақты жағдайды зерттеу, әлемдік тәжірибені салыстырып қарау деген секілді ғылыми тәсілдер мүлде қолданылмайды. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдің немесе зорлық-зомбылық құрбаны болған баланың психологиясын зерттеу, оны сауықтыру өте нәзік әрі кәсіби тәсілді талап етеді.

Осы бағытта шетелдік тәжірибе, әсіресе АҚШ, Германия сынды елдердің әдістемелері алдыңғы қатарда тұр. Америкадан осындай ғылыми еңбектер мен кітаптарды алып келдім. Онда, мысалы, баланың сөйлеу қабілеті болмаса да, оның сурет арқылы қылмыскерді сипаттауына көмектесетін әдістер бар. Өтірік айтып тұрған адамды қалай тануға болатыны жөнінде де арнайы техникалар бар. Қазақстанда мұндай зерттеу жұмыстары жүргізілмейді. Тергеу кезеңінен бастап, жазасын өтеу кезеңіне дейін – бәрінде де кәсіби дайындық, жүйелік тәсіл жетіспейді. Тіпті сотталған адамның шын немесе жалған айтып тұрғанын анықтауға арналған психологиялық тесттер де жүйелі түрде қолданылып келеді. Бізде мұндай әдістемелердің көбі мүлде қолданылмайды. Сәйкесінше, тергеу процесі де, одан кейінгі оңалту кезеңі де толық әрі нәтижелі жүргізілмейді. Иә, өте өзекті мәселе!

Түзету мекемелеріндегі психологиялық қызмет есеп үшін ғана жүргізілетін секілді. Ал шын мәнінде, сотталған адаммен жұмыс істеу, оның жан-дүниесін қалпына келтіру, рухани жараларын емдеу, қоғамға бейімдеу секілді кешенді әрі ұзақ мерзімді жұмыс. Салаға нақты реформа қажет. Бізде түзету жүйесі мүлде жұмыс істемейді. Тек әйелдермен емес, ер адамдармен де психологиялық жұмыс әлсіз. Психологтардың кәсіби деңгейі, әдістеме қолдану дағдысы төмен.

 Бізде де сондай жүйе қалыптасуы үшін не істеу керек? Заңгер ретінде қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Өз баяндамамда еліміздегі түзету мекемелеріндегі өзекті мәселелерді көтеріп, нақты реформаның қажеттілігін атап өттім. Қазір бізде түрме реформасын жүргізіп жатқан сот, прокуратура және құқық қорғау органдарының өкілдері. Алайда, өкінішке қарай, олар бұл процесті өздеріне тиімді, ыңғайлы жолмен ғана жүзеге асырады. Нағыз мәселе шынайы қоғамдық пікір ескерілмейді, ал жүйенің ішкі күрделі проблемалары зерттелмейді.

Шет мемлекеттерде түрме реформасы ең алдымен сотталғандардың, олардың отбасыларының, құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің пікірін ескере отырып жүзеге асады. Яғни бұл көп тараптың қатысуымен жүретін ашық диалог алаңы. Ал бізде ше? Бізде әлі күнге дейін сотталғандармен де, түрмеде болмаған азаматтармен де, қоғаммен де ешқандай байланыс орнатылмайды. Бұл реформа емес, жай ғана бір шағын топтың шешімі. Сонымен қатар, еліміз халықаралық құқықтық нормаларды, бірқатар адам құқығын қорғауға арналған конвенцияларды ратификациялаған мемлекет ретінде сол талаптарды ұстануға міндетті. Бірақ іс жүзінде бұл қағидалар жиі ескерусіз қалады.

Қазір азаптауға қатысты істерді тергеу құқығы бас прокуратураға берілген. Бірақ бұл жерде маңызды бір қайшылық бар. Түзету мекемелеріндегі бақылау камералары мен серверлер — сол мекемелердің өз қарамағында. Яғни азаптау фактісі болған жағдайда, бұл жазбаларды бірінші болып сол мекеменің әкімшілігі көреді, өзгертеді немесе жасырып қалуы мүмкін. Прокуратура, керісінше, оқиға орнына кешігіп жетеді, сондықтан объективті тергеу жүргізу мүмкін емес. Бұл — әділдікке үлкен тосқауыл. Бұдан шығатын қорытынды, азаптау фактілерін тергеу, бақылау және бағалау тәуелсіз, бейтарап органның құзырында болуға тиіс. Әйтпесе, өз ішінде өздерін тексеру деген бос әурешілік. Бақылаушы да, орындаушы да бір мекеме болған жерде әділдік туралы сөз қозғау қиын.

Бүгінде елімізде әлі де кеңес одағы кезінен қалған, 1937 жылы салынған түрме ғимараттары жұмыс істеп тұр. Өз көзіммен көріп, сөйлесіп, зерттеу жүргізген мекемелердің бірінде санитарлық жағдай өте нашар екенін көрдім. Дәретханалар мен душтар істен шыққан, желдету жүйесі жоқ. Мысалы, 550 адамға арналған ғимаратта 650 адам тұрып жатыр. Тұтқындар санының артық болуы — адам құқығының өрескел бұзылғанына дәлел. Тағаммен қамту нормалары да жиі бұзылады. Әйелдер мен ерлерге бірдей салмақта бандероль, яғни азық-түлік және жеке заттар пакеттері беріледі. Бірақ әйел адамға керек гигиеналық құралдар, басқа да қажет заттар мүлде ескерілмейді. Бұл — әйелдердің биологиялық, физиологиялық ерекшеліктерін елемеу, тағы да заңды құқықтарының бұзылуы.

Ең сорақысы, зерттеу жүргізген кезде түзету мекемелерінде балалы болған әйелдердің басым бөлігінің заңды некеде болмағаны анықталды. Күйеуі жоқ, жесір немесе тұрмыс құрмаған әйелдердің босануы бізге көп сұрақ қоюға мәжбүр етеді. Бұл жағдайдың артында мекеме ішінде болған зорлық-зомбылық фактілері немесе қызметкерлер тарапынан жасалған қылмыстар жасырынуы мүмкін. Бірақ бұл сұрақтар зерттелмейді, ешкім тергемейді. Себебі жүйе өз ішіндегі заңбұзушылықты әдейі жабулы күйде ұстайды. Егер біз шын мәнінде реформаны жүзеге асырғымыз келсе, оны азаматтық қоғамның, құқық қорғаушылардың, халықаралық ұйымдардың қатысуымен, ашық диалог және деректерге негізделген тәсілмен жүзеге асыруымыз керек. Түрме – жай ғана жазалау орны емес, адамды қайта әлеуметтендіруге, оның жеке басын түзеуге бағытталған әлеуметтік институт болуға тиіс.

 Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбанына айналған әйелдерге арналған психологиялық және құқықтық көмек көрсету жүйесін қалай бағалар едіңіз?

– Шынымды айтсам, әлі де өте төмен деңгейде деп бағалаймын. Иә, даму бар. Президенттің саяси ерік-жігерінің арқасында бұл мәселе көтеріліп жатыр, бетбұрыс бар. Бірақ толық жүйе қалыптаспаған. Қазір көптеген ұйымдар, соның ішінде, үкіметтік емес ұйымдар, дағдарыс орталықтары бұл бағытты бизнеске айналдырып алды. Бәрі «құқық қорғаушы», «зорлық-зомбылықпен күресуші» болып кеткен. Кейбір ұйымдарда нақты іс жоқ. Бір-екі істі бетке ұстап, жарнама жасап, пиарға айналдырып отыр. Журналистер де, блогерлер де, тіпті кино түсірушілер де «құқық қорғаушы» болып кеткен. Бірақ нақты құқықтық көмек көрсететін, шынайы әрекет етіп жатқан ұйым аз. Мысалы, Атыраудағы бес жасар баланың зорлау ісін алайық. 2003 жылдан бастап қозғалып, 7 жасында қайта қайталанған. Біз өз командамызбен барып, нақты жұмыс жүргізіп, сотқа жеткіздік. Бірақ адвокаттары, блогерлері, тележурналистері баланың анасын қаралап, кінәні соған аудара бастады. Ешқандай дәлелсіз видео түсіріп, әлеуметтік желіге шығарып, масқара қылып отыр. Осы сәтте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға алғыс айтамын. Жағдайды түсініп, сол видеоларды YouTube желісінен алдыртты. Өйткені баланың құқығын өрескел бұзылды. Қысқасы, зорлық-зомбылықпен күрес шынайы, жүйелі, терең жұмысты қажет ететін сала.

Әркім өз саласында кәсіби әрекет етуі керек. Тек сонда ғана нақты нәтиже болады. Былтырдың өзінде бізге 16 іс тапсырылды. Бірақ біз өз күшімізбен 50-ге жуық істі аяқтадық. Өзімде ақылы істер де бар, бірақ олардан түсетін қаражат жалпы шығынды жабуға жетпейді. Соған қарамастан, қолымыздан келгенше көмектесіп жатырмыз. Қазір «бір қадам» деп аталатын one-stop-service моделін енгізіп отырмыз. Яки АҚШ-та қолданылатын әдістің қазақша үлгісі. Осы орталық арқылы біз тұрғындарға тегін психологиялық және заңгерлік кеңес береміз. Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына ешқандай ақысыз көмек көрсетіледі. Бұл бастамамызға президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қолдау білдіріп отыр.

Бірақ бізге тұрақты қаржылық қолдау қажет. Себебі жол шығындарына да, басқа қажеттіліктерге де қаржымыз жетпей жатады. Егер мемлекет тарапынан қаржы бөлінсе, біз әлдеқайда кең ауқымда тегін көмек көрсете алар едік. Әрине, кей жағдайларда адамдар кеңесті тегін алып, кейін оны басқаша пайдаланғысы келеді. Мысалы, кейбір әйелдер бізге тоғыз жыл бұрынғы оқиғаларды айтып, күйеуімен ажырасып болған соң үйді, мүлікті бөліп беруді сұрайды. Ондайда, өкінішке қарай, біздің құзыретіміз шектеулі болады. Сонымен қатар кейде біз іс қозғап, материалдарды сотқа жібергеннен кейін басқа ұйымдар немесе блогерлер келіп, пиар жасап, өздеріне рейтинг жинауға тырысады. Оларды бала тағдыры толғандырмайтынын, көп жағдайда өз пайдасын ойлайтынын байқаймыз. Сондықтан қоғамда әртүрлі адамдар бар, әртүрлі көзқарастар бар. Біз соның барлығына сабырмен қарап, қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. ​

басты фото: pixabay.com

Автор

  • Жадыра Мүсілім

    Алматы облысында дүниеге келген. 2008 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың халықаралық журналистика факультетін бітірген. 2016 жылы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану жане журналистика» факультетін тәмамдаған. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. Әр жылдары "Ана тілі", "Заң", "Халық сөзі", "Қазақстан заман", "Сақшы" газеттерінде, "Тағдыр таразы" журналында тілші, бөлім меңгерушісі, "Жария" ақпараттық сайтының шеф-редакторы, "Айқын", "Егемен Қазақстан" газеттерінің тілшісі қызметін атқарған. 2025 жылдан бастап sarapshy.info ақпарат агенттігінің тілшісі.

    Барлығын қарау
адвокат Айман Омарова Алдабергенова Артур Ластаев Әйел теңдігі Әйелдердің құқығын қорғау Әлеуметтік мәселе Біріккен Ұлттар Ұйымы ВИЧ Екінші ақпарат Заңгер Зорлық құқық Қылмыс Қылмыс құрбаны Озбырлық Полицейлердің әрекетсіздігі Сот сұхбат Тұрмыстық зорлық-зомбылық
Бөлісу Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

Шолу

Қазақстан экономикасында қандай өзгеріс бар?

27/11/2025
Саясат

«Қоғамдық кеңестердің қолында ешқандай тетік жоқ»

26/11/2025
жаңалық

БҚО-да 30-дан астам мемлекеттік нысан жекенің қолына өтеді

24/11/2025

Жаңа мақалалар

БҚО-да заңсыз салынған 45 құрылыс нысанына тыйым салынды

жаңалық 03/12/2025

Қазақстанға кәсіпкерге алғаш рет цифрлық теңгемен несие берілді

жаңалық 03/12/2025

Ақтау маңында құлаған ұшақ апатын тергеу қорытындысы жарияланады

жаңалық 03/12/2025

Цифрландыру отынның «көлеңкелі» айналымын 20%-ға дейін азайтты

жаңалық 02/12/2025

Кореяда қазақстандық мигранттарды ерікті түрде шығару мерзімі ұзартылды

жаңалық 02/12/2025
Сайт мұрағаты
Декабрь 2025
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031  
« Ноя    
Advertisement

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.
Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің №KZ30VPY00040617 куәлігі берілген.

Поштамыз: sarapshy.info@gmail.com

Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram

Соңғы жаңалықтар

БҚО-да заңсыз салынған 45 құрылыс нысанына тыйым салынды

03/12/2025

Қазақстанға кәсіпкерге алғаш рет цифрлық теңгемен несие берілді

03/12/2025

Ақтау маңында құлаған ұшақ апатын тергеу қорытындысы жарияланады

03/12/2025

Sarapshy.info-ға жазыламын

Сараптамалар мен шолуларды тұрақты оқимын десеңіз

© 2021- 2025 «Медиа білім» қоғамдық қоры. Авторлық және жанама құқықтар толық сақталған.

Іздеу үшін Enter пернесін басыңыз. Бас тарту үшін Esc пернесін басыңыз.