Close Menu
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube TikTok RSS
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
    • Құпиялық саясаты
  • Бізге жаз
Facebook Instagram Telegram WhatsApp YouTube TikTok
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
Жаңалықтарға жазылу
Суббота, 2 августа
  • Басты бет
  • Біздің сараптама
  • Саясат
  • Экономика
  • Фактчекинг
    • Уәде
  • Өте өзекті
  • Арнайы жобалар
  • Авторлар
Facebook X (Twitter) Instagram Telegram WhatsApp VKontakte YouTube RSS
SARAPSHY.INFOSARAPSHY.INFO
  • Жоба туралы
  • Жарнама
  • Редакция саясаты
  • Бізге жаз
Басты бет»Біздің сараптама»Атырау жері қызылша өсіруге қолайлы ма?
Айнұр Сапарова Біздің сараптама 01/08/2025

Атырау жері қызылша өсіруге қолайлы ма?

Бөлісу
Facebook Twitter LinkedIn Pinterest Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Атырау облысында Қытай инвесторы қант өндіретін зауыт құрылысын қаржыландырып отыр. Облыс әкімі Серік Шәпкенов бұл жобаны тиімді деп есептейді. Атырау климаты құрғақ әрі құбылмалы екені белгілі. Зауыт халықтың сенім үдесінен шыға ма? Осы жөнінде сала мамандарының пікірін сұрап көрдік.

Жоба туралы не белгілі?

Биыл қаңтарда тараған ақпаратқа қарағанда, жобаны жүзеге асыруға жыл жарым уақыт керек. Зауытты 2026 жылдың жазында іске қосу көзделіп отыр. Жылына 144 мың тонна қант өндірмек. Қызылшадан қант пен тағы да төрт түрлі өнім шығармақ. Компания басшысының сөзінше, жоба құрылысына қажетті жер бөлу, құжат рәсімдеу мәселелері уақытылы шешілсе, жобаны жоспарланған уақытта іске қосу мүмкін.

Жыл басында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Голдбридж халықаралық компаниясы» ЖШС компаниясының басшысы Лина Тайкенді қабылдады. Компания Атырауда қант өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Әкім компания басшысымен осы жобаны талқылау үшін кездескенде «Атырау жері қызылша өсіруге қолайлы» деді.

Сондай-ақ, Линай Тайкен өздерінің Қытайда қызылшадан ашытқы өндіретін жетекші компаниямен тәжірибе алмасып, технологиясымен жан-жақты танысқанын айтады. Осыдан кейін аты аталмайтын қытай компаниясы Атырау салыну мүмкін қант өндіру зауыты жобасын қолдап, оның құрылысына қажетті қаражаттың 80%-ын инвестициялайтын болып шешкен.

Облысқа қанттың 90%-ы сырттан тасымалданады. Сол себепті ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыру маңызды.

Ал ақпанда Ауыл шаруашылығы министрлігі «Голдбридж халықаралық компаниясы» ЖШС Атырау облысында жылына 144 мың тонна қант өндіретін ірі қант зауытын салу бойынша ауқымды жобаны жүзеге асырып жатқанын хабарлады. Ақпаратта жылына 144 мың тонна қант өндіру үшін шамамен 900 мың тонна қызылша немесе қант құрағы шикізаты қажет болады делінген.

«Инвестор атыраулық компаниямен келіссөздер жүргізді, ол қант қызылшасын өсіруге дайын. Жобаның құны – 58 млрд теңге. 200 жаңа жұмыс орны ашылады», — деп хабарлады министрлік.

Жоба құны белгілі, жылына 144 мың тонна қант өндіру үшін қанша тонна қызылша өнімін алу қажет екендігі де мәлім болды. Ал қызылша өсіруге Атырау жері қаншалықты қолайлы?

Жаңаөзенде жүзеге аспаған жоба

 Облыс әкімі Серік Шәпкенов маусымда жергілікті журналистермен бейресми кездесу өткізіп, сұрақтарына жауап берді. Сол кезде де әкім «Атырау жері қызылша өсіруге қолайлы» деді. Индер ауданында бұрын шағын қант зауыты болғанын мысалға алған.

Шәпкенов бұл жобаны өзінен бұрын да қарастырылғанын атап өтті.

«Маңғыстауда қант зауыты салынып, қазір жұмыс істемей тұр. Оны осында әкелу мүмкіндігін де ойластырдық. Бұл мәселені де зерттедік», – дейді ол. Бірақ, кейін «Голдбридж халықаралық компаниясы» ЖШС компаниясы өз ұсынысын білдірген.

Әкімнің айтуынша, зауыт құрылысына жер бөлінген. «Құрылыс басталған кезде шаруалар қызылша егіп, бірлесіп жұмыс істеуге дайын» деді ол.

Маңғыстау облысындағы қант өндіру зауыты туралы ақпарат: бұл зауыт 2019 жылы іске қосылады деп хабарланған. Оның құрылысын жүргізу үшін Жаңаөзен қаласының өндірістік аумағынан екі гектар жер берілген. Құны шамамен 87 миллион теңге болатын кәсіпорынды қаржыландыруды жергілікті инвесторлар мойнына алған. Жоспар бойынша зауыт тәулігіне 10 тонна, ал айына 300 тонна қант өндіреді деп жоспарланған. Бұл бастаманы басқа өңірлерден қант тасымалдап жүрген кәсіпкерлер көтерген. Керекті шикізат Иран мен Ресейден жеткізіледі деп шешілген. Алайда кейін зауыт жұмысы жүрмей қалды.

2022 жылы сол кездегі Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ашылған зауыттың жұмысы неге істемей тұрғанын айтты. «Біздің табиғи ерекшелігіміз қызылша егуге келмейді» деген Ноғаев басқа нақты қандай себептер екенін ашпай, сауалға жауапты қысқа қайырған.

Дегенмен басты себеп – шикізат мәселесі болса керек. Атырауда қант өндіру зауытына қажет шикізатты, Шәпкеновтың жауабынан түсінгеніміз, жергілікті шаруалар қамтамасыз етпек. Осы орайда, біз өңірде қызылша өсіріп көрген, бұл жұмысты жалғастырып келе жатқан жергілікті шаруалармен және агрономдармен сөйлесіп көрдік.

Фермерлер тәжірибесі

 Шаруа Сәбит Қорғанбаев 2015 жылы қала іргесіндегі Талғайраң ауылындағы жарты гектар жерге қызылша еккен. Алайда өнімін базарға толық өткізе алмаған соң, кейін бұл дақылды егуді доғарған. «Өткізе алмадым, бірақ өнім жақсы шықты», – дейді ол.

Сәбит Қорғанбаев қызылшаны тамшылатып суару әдісімен суарып, қажет витаминдер мен кальций, калий, магний сияқты минералдарды уақытылы беріп отырған. Ол жерді қопсытып, тұздылығын тексеріп отырғанын да айтады. «Ащы жерде қызылша өспейді», – дейді шаруа.

Тамшылатып суару әдісімен ол 20 сантиметрлік таспа жүйесін қолданған. Күніне 4 сағат суарып, есеп бойынша бір түп қызылшаға шамамен 8 литр су кеткен.

«Феликс» шаруа қожалығының иесі Енисей Юн шамамен сегіз жыл бұрын Махамбет ауданының ауылдық округінің аумағында сынақ ретінде үш гектар жерге қант қызылшасын еккен. Осы тұста қызылша мен қант қызылшасының ара жігін ажыратып алайық. Қызылша мал азықтық, асханалық және қант қызылшасы деп бөлінеді. Дегенмен Сәбит Қорғанбаев қызылша бір тұқымдас болғандықтан қай-қайсының да өсіп-өнуі жағынан бірдей екенін айтады.

Енисей Юн болса, қант қызылшасын тамшылатып суару әдісі арқылы әр гектардан 800 тоннаға дейін өнім алған. «Мұндай көрсеткішке Қазақстанда бұған дейін ешкім қол жеткізбеген» дейді ол.

Агрономдардың пікірі

 Жергілікті агроном Диас Сейдахметовтың айтуынша, Атырауда осыдан бірнеше жыл бұрын бір жыл қант қызылшасын 8-10 сотық жерге тәжірибе ретінде еккен. Оның пікірінше, Атырау өңірінде қызылша түгіл, кез келген дақыл үшін қауіп-қатер көп. Оған аймақтың топырағының құнарлы қабатының жұқалығы мен күрт континенталды климаты себеп екенін айтады.

«Атырауда ертең қандай ауа райы боларын болжау қиын: мысалы, қазір түндері суық, ал бірнеше күн бұрын ыстық болып тұрды. Ертең не болатынын білмейсің – жаңбыр құюы мүмкін, салқындап кету мүмкін. Былтыр су тасқыны болды, 2019 жылы қар жауды, 2015 жылы бұршақ жауды. Осындай қолайсыздықтар жиі кездеседі», – дейді агроном.

Агроном Серік Омаров та Атырау жерінде жалпы егін өнімін алу қиын екенін растады. Ол бірнеше жыл бұрын Атырау жерінің не себепті өнім беруі қиын екенін зерттеп те көрген. Дегенмен ол Атырау жері қызылша өсіруге толық қолайлы деп отыр.

«Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Қызылорда немесе Атырау облыстарында болсын, қант қызылшасы кез келген жерде өсе алады. Бірақ қолайлы жерде еккеннің өзінде оны дұрыс тыңайтып, күтіп-баптау қажет. Егер жерге тыңайтқыш беріп, дақылға уақытылы қараса, гектарына 100 тоннаға дейін өнім алуға болады. Ал күтімі болмаса, әр гектардан бар болғаны 10–15 тонна ғана шығуы мүмкін», — дейді Омаров.

Оның айтуынша, қызылша – күріш сияқты су көп қажет етпейтін дақыл. Күріш 90 күн суда тұрса, қызылша күрішке қарағанда әлдеқайда аз су ішеді.

«Кез келген дақылға су берсең, өнім де мол болады. Бірақ егістікті бес жыл қатарынан бірдей суара алмайсың. Жер асты суының деңгейі құбылып тұрады: қуаңшылық кезде ол тереңдеп кетеді. Ал сазды топырақ болса, суды аз қажет етеді, құмшауыт жер суды көп қажет етеді, себебі құмдақ топырақта су тұрмайды, тез сіңіп кетеді», – дейді ол.

Ауа температурасы да маңызды факторлардың бірі. Бір жылдары Атырауда климат қоңыржай болып, 30-38 градусқа дейін ғана көтерілсе, кей жылдары ыстық 45-53 градусқа жетуі мүмкін. Ыстық кезде көбірек, салқында азырақ суару қажет. Сонымен қатар, жаңбыр мөлшері де құбылмалы: бір жылдары мүлде тамшы жаумай құрғақшылық болса, кей жылдары жаңбырлы болып, егістікті мүлде суармауға да болады.

«Бидай, қызылша – қай дақылды ексең де, суармай болмайды. Өсімдік – тірі организм. Әр агроном немесе диқан өсімдікке ең қолайлы жағдай жасауға тиіс. Табиғаттың ерекшеліктерін ескере отырып, дұрыс күтім жасалғанда ғана мол өнім алуға болады. Ал шаблонмен әрекет етсең, нәтиже шықпайды», – дейді Омаров.

Оның айтуынша, Атырау топырағы біркелкі емес. Қала Каспий теңізінің ойпатында орналасқан. Қаланың маңындағы жер – бұрынғы Каспий теңізінің табаны, қатты сорланған, құрамында натрий көп, сортаң топырақ. Ал Махамбеттен Оралға қарай топырақтың құнарлылығы артады. Сондықтан егін шаруашылығы көбінесе Жайық өзенінің бойына қарай орналасқан. Сол аумақ қызылша өсіруге анағұрлым қолайлы.

Суару үшін әртүрлі әдістер қолданылады: арықпен суару, жаңбырлатып суару (дождевалка), сондай-ақ тамшылатып суару. «Су аз өңірде ең тиімді әдіс – тамшылатып суару», – дейді маман.

Қант қызылшасы топырақтағы тұздылыққа төзімділеу, бірақ климат пен топырақ ерекшелігін ескермей егілсе, өнім болмайды.

Әлемде қантты негізінен екі дақылдан алады: қант қамысынан және қант қызылшасынан. Қант қамысы тропикалық, қысы жоқ немесе қысы өте жұмсақ елдерде (Үндістан, Бразилия, Колумбия) өседі. «Біздің климат қант қамысына мүлде сәйкес келмейді. Қант қызылшасын да көктемде егіп үлгермесең, күзгі суықта үсіп қалады. 2023 жылы Атырауда үш жыл бұрынғыдай, сәуір айында түскен аязда егін үсіп қалған», – дейді ол.

Кеңес дәуірінен бері қант қызылшасын Украина мен Беларусь белсенді түрде өсіріп келеді.

Қант зауыты үшін не қажет?

Серік Омаровтың айтуынша, қант қызылшасын өсіру және қант зауытын салу өте қымбатқа түседі. Өнім алу үшін мыңдаған тонна қызылша қажет, бұл мыңдаған тоннаны ұсақ шаруалар қамтамасыз ете алмайды. Яғни ұсақ шаруалар қант зауытына қажетті мыңдаған тонна қызылшаны өсіре алмайды. Ал қант зауыты салынып, агрохолдинг қамтамасыз етіп жатқан кезде ұсақ шаруалар да қант қызылшасын егіп, қосымша табыс таба алады.

«Мұндай ауқымды өнімді ұсақ шаруаларға артып қою дұрыс емес. Қант қызылшасын өсіріп көрмеген, оған қажетті техникалар да қымбат. Мысалы, бір комбайнның өзі 1 млн доллар тұрады. Ірі агроқұрылымдар 500–1000 гектар жер өңдей алады, ал ұсақ шаруаларда 50–70 гектар ғана бар. 700 мың доллар тұратын техниканы олар қалай алады?» – дейді ол.

Маманның пікірінше, қант зауытының шығынын ақтау үшін оның жанында қызылша өсіретін ірі агрохолдинг болуы тиіс. «Тек ірі құрылымдар ғана мұндай жобаны тиімді жүргізе алады», – дейді агроном.

 

Анықтама:

«Международная компания Голдбридж» ЖШС 2017 жылғы 11 мамырда тіркелген. Кеңсесі Атырауда орналасқан. Құрылтайшысы әрі басшысы – Лина Тайкен. Басшылыққа былтыр 25 қаңтарда тағайындалған. Компанияның негізгі қызмет түрі – автомобиль жолдары мен магистральдар салу.   

Негізгі қызметінен бөлек, компания қосымша қызмет түрлерін де көрсетеді. Олардың қатарында мамандандырылған дүкендерде ет пен ет өнімдерін, үй құстары мен аңшылық өнімдерін бөлшек сату, автомобильдерді техникалық қызмет көрсету және жөндеу, мейрамханасы бар қонақ үйлер қызметі (жол бойындағы нысандардан бөлек), жүк автомобильдерін жалға беру, уақытша жұмысқа орналастыру агенттіктерінің қызметі, мектепке дейінгі білім беру, сондай-ақ басқа да жеке қызметтер көрсету бар.

 фото: pixabay

Автор

  • Айнұр Сапарова

    Айнұр Сапарова — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, журналист. «Азаттық радиосы», «Халық үні», «Inbusiness» сияқты медиа платформаларда Атырау облысы бойынша меншікті тілші қызметін атқарған. «Ақ Жайық» сайтының тілшісі. Атырау облысындағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді, ауыл шаруашылығы мен экологияны, қоршаған ортаның әсеріне қатысты тақырыптарды тұрақты түрде көтеріп жүр.

    Барлығын қарау
Атырау Атырау облысы Басты ақпарат Жаңа қант зауыты жоба қант зауыты Қант өндірісі қызылша нарық өндіріс Шәпкенов
Бөлісу Facebook Twitter Pinterest LinkedIn Tumblr Email VKontakte Telegram WhatsApp Copy Link

Оқи отырыңыз...

Шолу

БҚО-да жарық, жылу, автогаз бағасы өсті

02/08/2025
жаңалық

Орал қаласының бас жоспарынан қате жіберген әкім орынбасары сөгіс алды

28/07/2025
Экология

Қашаған операторы NCOC 3,6 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

25/07/2025

Жаңа мақалалар

БҚО-да жарық, жылу, автогаз бағасы өсті

Шолу 02/08/2025

Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандарға 472 мың теңге сыйақы төленді

жаңалық 02/08/2025

Қазақстанда сақтандыру нарығының көрсеткіші 24,5%-ға артты

Шолу 02/08/2025

Атырау жері қызылша өсіруге қолайлы ма?

Біздің сараптама 01/08/2025

Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы басталды

sarapshy.info 01/08/2025
Сайт мұрағаты
Август 2025
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
« Июл    
Advertisement

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті.
Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің №KZ30VPY00040617 куәлігі берілген.

Поштамыз: sarapshy.info@gmail.com

Facebook Instagram YouTube WhatsApp TikTok Telegram

Соңғы жаңалықтар

БҚО-да жарық, жылу, автогаз бағасы өсті

02/08/2025

Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағандарға 472 мың теңге сыйақы төленді

02/08/2025

Қазақстанда сақтандыру нарығының көрсеткіші 24,5%-ға артты

02/08/2025

Sarapshy.info-ға жазыламын

Сараптамалар мен шолуларды тұрақты оқимын десеңіз

© 2021- 2025 «Медиа білім» қоғамдық қоры. Авторлық және жанама құқықтар толық сақталған.

Іздеу үшін Enter пернесін басыңыз. Бас тарту үшін Esc пернесін басыңыз.