2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында негізгі капиталға салынған әрбір бесінші инвестиция мемлекеттік бюджеттен бөлінген.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, қаңтар-маусым аралығында негізгі капиталға тартылған жалпы инвестиция көлемі шамамен 8,2 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде 1,8 трлн теңгеге жуығы – республикалық және жергілікті бюджеттерден. Бюджеттік инвестициялардың үлесі бір жыл ішінде 7%-ға артып отыр.
Бюджет қаражаты ең алдымен білім беру және көлік салаларында айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, білім беру саласына бағытталған мемлекеттік инвестициялар 5 есе көбейіп, 555 млрд теңгеге жетсе, көлік және қоймалау секторына бөлінген қаржы 441 млрд теңгені құраған.
Бюджет есебінен инвестиция үлесі 22%-ға дейін артты.
Экономист Нұрсұлтан Ерболатұлы мемлекет ірі инфрақұрылымдарды қаржыландырып отырғанын айтты.
«Елімізде жылдан жылға мемлекет ірі инвестор ретінде инвестициядағы өзінің үлесін арттырып келеді. Мәселен, 2022 жылы оның үлесі 15,5% болса, 2023 жылы 17%-ға дейін жеткен. Ал былтыр бюджет есебінен 4,2 трлн теңге инвестиция салынып, мемлекеттің инвестициядағы үлесі 21,6%-ға дейін жеткен. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында да осы көрсеткіш сақталып отыр. Елімізде салынған әрбір бесінші теңге бюджет есебінен деген сөз. Мәселен көрші Өзбекстанда былтыр инвестициядағы мемлекеттің үлесі небәрі 4,6% болған», — деді сарапшы.
Нұрсұлтан Ерболатұлы жеке секторлардың үлесі азайғанын хабарлады.
«Жеке сектордың үлесі азайып келе жатқаны рас. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жеке инвесторлардың үлесі 2022 жылы 73,2%-дан 2024 жылы 62,9%-ға дейін айтарлықтай қысқарған. Мемлекет инвестор ретінде көбінесе ірі инфрақұрымдық жобаларға инвестиция құяды. Ал жеке сектор үшін елдігі экономикалық ахуалға да мән беру керек».
Сарапшы инвестициялық климат үшін үкімет қандай тетік қолданып отырғанын түсіндірді.
«Ұлттық экономикаға жауапты Жұманғарин мырза биыл Бәйтерек холдингі арқылы экономиканы 8 трлн теңгеге кредиттейміз деді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Елімізде банк секторының инвестициялауға құйған үлесі аз. Банктерге экономиканы кредиттеуге қарағанда халыққа несие берген тиімді болып кетті. Себебі бұл саланың тәуекелі төмен, ал табысы жоғары. Жаңа салықтық өзгертулерде жеке тұлғаларды несиелеуден түскен табысқа 25% салық салатын болса, кәсіпкерлерге берілген несиеден 20% салық ұстанатын болды. Үкімет осылайша банк секторын экономиканы кредиттеуге ынталандырып отыр», — деді экономист.
фото: freepik.com

