Мақала авторы Батыс Қазақстан облысындағы сұйытылған газ тапшылығы мәселесінің шешімін іздеп, көршілес Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы тәжірибені зерттеді. Мұнай-газ саласы мамандарымен, жауапты орган қызметкерлерімен, сұйытылған газ тұтынушыларымен кездесіп, сұқбаттасты.
Қазақстандағы газ өндірісі көлемі қандай?
Қазір Қазақстанда сұйытылған газды 10 ірі зауыт өндіріп отыр. Олар: «Павлодар мұнай-химия зауыты», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», Қазақойл, GasProcessing, Қызылорда облысындағы «ҚазГерМұнай БК» және «Саутс-Ойл» компаниялары, «Петро Қазақстан Ойл Продактс» (ПКОП), Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу зауыты» (КазГПЗ), БҚО-дағы «Жайықмұнай», Атыраудағы Атырау мұнай өңдеу зауыты (АНПЗ).
Бұл 10 зауыт қазақстандықтарға айына 130–150 мың тонна аралығында сұйытылған газ ұсынады. Оның 40 мың тоннасын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», 27-28 мың тоннасын «Петро Қазақстан Ойл Продактс», 25–30 мың тоннасын «Павлодар мұнай-химия зауыты», 17-18 мыңын «Атырау мұнай өңдеу зауыты» шығарады.
Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу зауыты» айына 15-16 мың тонна шығарады, тек Маңғыстау облысын қамтиды. Атырау мұнай өңдеу зауыты Атырау облысынан бөлек Маңғыстау, Ұлытау, Қызылорда, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан мен Астананы қамтып отыр. «Петро Қазақстан Ойл Продактс» Түркістан, Шымкент, Жамбыл облыстарын, Павлодар мұнай-химия зауыты Павлодар өңірінен бөлек Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарын сұйытылған газбен қамтиды. Ақтөбе облысына Қазақойл, GasProcessing және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» газ таратады. Соңғы аталған компания Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстарымен қатар Астана мен Алматы қалаларына да сұйытылған газ жеткізіп отыр. Ал батысқазақстандық «Жайықмұнай» компаниясы айына орташа 6 мың тонна сұйытылған газды ұсынып, оның 3500–4000 мың тоннасын БҚО-ға таратса, қалғанын Қостанай облысына тасымалдайды.
Бұл өндірістің бәрін Энергетика министрлігі әр облысқа лимит қою арқылы бөліп отырады.
Әр айдың соңында Батыс Қазақстан облысына газ жетпейді
Батыс Қазақстан облысы сұйытылған газды өз территориясында орналасқан «Жайықмұнай» компаниясынан алады. Былтырға дейін Атырау мұнай өңдеу зауытынан алып келді.
БҚО-дағы «Рожков» газ конденсаты кен орны 2008 жылы табылса да, 2023 жылдың желтоқсанында іске қосылды. «Рожков» кен орнын басқаратын «Орал Ойл энд Газ» компаниясының басшысы Аман Имандосовтың сөзінше, 2024 жылдың 11 айында кен орнына 290 млн тонна газ алынған. Кен орнынан шығарылған газдан айына 6 мың тоннадан аса сұйытылған газ өндіріледі. Мұнда 2040 жылға дейін 15 млрд текше метр газ өндірілмек. 2025 жылы өндіріс жылдамдығы артып, тәулігіне 1,5 млн текше метр газ шығарылады деп жоспарланған. Облыстың қажеттілігін толық өтейді деп айтылған еді. Кен орнында зауыт жоқ болғасын, шикізатты «Жайықмұнай» компаниясы өңдейді. Ал оның қазіргі шығарып отырған өнімімен есептесек, тәуліктік қуаты 200 тонна ғана.
Қазір БҚО бойынша сұйытылған газды тұтыну көлемі маусымына қарай 3500 тоннадан 5000 тоннаға дейін жетеді.
Энергетика министрлігінің лимитіне сәйкес, «Жайықмұнай» компаниясының газ өнімінен Батыс Қазақстан облысына қаңтар айында 4163 тонна, ақпанда 3643 тонна, наурызда 3960 тонна, сәуірде – 3715, мамырда – 3943, маусым айында 3545 тонна сұйытылған газ бөлінген.
Бұл бөлінген көлемді БҚО әр айдың жиырмасыншы күні игеріп тастайды. Айдың соңғы аптасында облыстың осыған жауапты мекемесі министрліктен қосымша газ сұрайды. Энергетика министрлігі БҚО-ға жақын зауыттардан сол сұранысты өтеуге тырысады.

-Батыс Қазақстан облысында 109 газ құю бекеті (АГЗС) жұмыс жасайды. Сұйытылған газ таратумен 20 компания айналысады. Үш газ толтыру стансасы бар. Зауыттан осында әкелініп, газ құю бекеттеріне сол жерден таратылады. 3545 тонна жетпейтін болса, неге көбірек алмайсыздар дейді. Энергетика министрлігіне 2024 жылдың соңынан бастап көбейту туралы хаттар жазып келе жатырмыз. Былтырғы ай сайынғы тұтыну 3,5–4,5 мың тоннаға дейін барды. БҚО Полиция департаментінің бізге берген дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың қазан айында БҚО-да 186 415 көлік тіркелген екен. Соның ішінде газ қондырғысы тіркелген көлік саны – 25 591. Демек, жалпы көліктің 10–15 пайызы. Газ қондырғысын заңдастырмайтын көліктер бар екенін де ескеру қажет, – дейді БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бейімбет Мусин.
БҚО-да әлеуметтік газдың литрі – 77 теңге. Ал шалғай ауылдарға апарғанда 82 теңгеден аспауы керек. Көтерме бағаның тоннасы «Жайықмұнайда» 51 932 теңге. Бұған тасымал мен құю қызметінің бағасы қосылады. Ал газ сатушы компаниялар коммерциялық газды өздері кез келген басқа компаниядан алып, қымбатқа сата алады.
Атырау облысына газды БҚО-дан екі есе көп бөліп отыр
Жоғарыда көрсетілгендей, БҚО-да газбен жүретін 25 мың көлік тіркелсе де, министрліктің облысқа беріп отырған газ көлемі – 4 мың тонна шамасында. Ал қазір Атырау облысында 140 мыңдай көлік болса, газбен жүреді деп ресми тіркелгені 24 мыңға жуық. Бірақ беріліп отырған газ көлемі – 7-8 мың тонна шамасында. Соның өзінде айдың аяғында бекеттерде газ азаяды. Себебі айлық қажеттілік – 11-12 мың тонна шамасында. Ал Атырау облысында 35 мекеме газбен айналысып, 101 газ бекеті жұмыс жасап тұр. БҚО-да 109 бекет екенін ескерсек, облысқа лимит бөлуге мұның қатысы жоқ шығар деп топшылауға болады. БҚО мен Атырауда газбен жүретін көлік саны шамалас болғанымен, Энергетика министрлігі сұйытылған газды БҚО-ға екі есе аз бөліп отыр.
«Атырау облысында газға тапшылық жоқ» дейді Атырау облысы энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы Анар Ахметова.

– Облыста тапшылық жоқ деп айта аламыз. Энергетика министрлігінен бізге бөлінетін көлем 65–70 пайызын ғана қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылдың екінші тоқсанына, яғни сәуір, мамыр және маусым айларына 7400–7800, маусым айына 7000 тонна ғана газ бөлінді. Өзіңіз көріп отырғандай, бәрібір қосымша көлем қажет болады. 2–4 мың тонна сұраймыз. Министрлік зауыттардың жылдық, айлық жоспарларына сәйкес, сұйытылған газ өндірісіне қарай өздерінің шешімі бойынша бөлінеді. Министрлікке қосымша газ бөлу туралы әкімдік тарапынан хат жолданды, – дейді Анар Бауыржанқызы.
Атырауға сұйытылған газ Атырау мұнай өңдеу зауытынан (АМӨЗ) алынады. Аталған зауыт жылына бір рет жөндеуге тоқтаған уақытта көршілес БҚО мен Ақтөбе облыстарынан тасымалданады.
«Газ тапшылығының себебі – газбен жүретін көлік санын дұрыс басқармауда»
Ғұмырын мұнай саласына арнаған кен инженері Киікбай Медеуов мұнай мен газға қатысты мәселені жетік біледі. Ол сұйытылған газ мәселесін де ұдайы көтеріп жүр.

– Сұйытылған мұнай газы – жердің қабаттарынан мұнай өндірісі кезінде мұнайға ілесіп көтерілген газ. Оны газ өңдеу зауытында қондырғыларда айырады. Негізінен ол пропан-бутан дегеннен тұрады. «Ауыр газ», «майлы газ» деп атайды.
Проблеманың шығуына келсек, тоқсаныншы жылдары елде дағдарыс болды. Сол кезде жанар-жағармайдың жетпеуінен көптеген техника газға ауыстырылды. Ол кезде бізде газ су тегін болды. Халық бастапқы кезде мұны қолданбаса да, кейінгі кезде жеңіл көліктің көбеюінен осыған өтіп кетті. Метанмен, пропан-бутанмен – сұйытылған газбен жүретін көліктердің санын Үкімет уақытында реттеуі керек еді. Қазақстанда 2022 жылы 490 мың газбен жүретін көлік болса, 2023 жылы 543 мыңға жақындады. Қазір 800 мыңның маңайы болар деп ойлаймын. Себебі жеңіл машинаның саны – 3,5 миллион.
Мәселе газ отынымен жүретін автокөлік санын ұзақ жыл бойы реттемеуден туып отыр. Бұл проблема басынан кетіп қалды, қайтару қиын болды. Қалған наразылықтар, әртүрлі митингілердің тұтану ошағы газдың айналасында болып келеді. Себебі зауыттан шығатын газ жаз кезінде жетпейді. Жаз кезінде көп адам демалысқа шыққасын көліктің бір облыстан екінші облысқа қатынауы жиілеп, сұраныс өзгереді. Мысалы, Маңғыстауда автотуризмнің әсері бар. Бірақ негізгі қажеттілік көлемі сақталады. Мұның бәрін энергетика басқармалары талдап, сұйытылған газды бөлумен айналысады. Бастапқыда ұрлық-қарлық, яғни газ қымбаттау тұратын көрші облысқа шығару да болды. Қазір тоқтаған шығар, арнайы органдар қадағалайды. Тапшылық болса да үлкен болмауы, көпке созылмауы керек. Төрт-бес күндік тапшылыққа түрлі адами фактор әсер етуі мүмкін. Ал жарты ай тапшылық болса, мәселе басқа, – дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Киікбай Медеуов.
Сарапшының айтуынша, зауыттардың барлық өнімі белгілі бір нормативке, жоспарларға негізделеді. Соның ішінде экспортқа жоспар орындалуы керек.
Киікбай Медеуов жыл сайын сұйытылған газға сұраныс арта берсе, бағасы арзан метанға ауысуды балама ретінде дамыту қажет дейді.
– Бес жыл бұрын анағұрлым арзан метан газына ауысу жайлы айтылды. Ол жайына қалды. Бұл тақырыпқа әлі айналып келеміз, ұрынамыз. Газдың төңірегінде түрлі қолайсыздық болатыны анық. Себебі қазір газ арзан да, жанармай мен дизель отыны – қымбат. Бұл проблема күн тәртібінен түспейді, ушыға береді. Қалай болғанда да Үкімет шешуі керек. Әртараптандырып, метанға өтуі керек. Мемлекеттік мекемелердегі ауыр техниканы метанға ауыстыруға тиіс. Себебі алдағы уақытта сұйытылған газ жетпейді. Халықтың саны, машинаның саны өсу үстінде, – дейді мәселені терең білетін кен инженері Киікбай Медеуов.
— Қазақстанда 60 миллиард текше метр газ өндіріледі. Оның жартысы – ілеспе газ, жартысы – табиғи газ. Сұйытылған газ – ілеспе газбен келетін өнім. Энергетика министрлігі соның 20 миллиард текше метрін халық тұтынады деп хабарлайды. Жиырма миллиарды жердің астына айдалып жатыр. Тек Қарашығанақтың өзі 10 млрд газды жердің қабатына жіберуде. Өңдейтін зауыт салынған жоқ. 1999 жылдан бері әңгіме болып келе жатыр. Теңіз кен орнында, Қашағанда да тап осылай. Әлі ештеңе жоқ. Одан шығатын өнімнің қаншалықты пайда келтіретіні тағы да ашық мәселе. Сондықтан алдағы уақытта газдың проблемасы өсе береді. Мұның арты түрлі кикілжіңге, наразылыққа апарады. Ішкі саяси тұрақтылықты бұзады, – деді тәжірибелі мұнайшы Киікбай Әбілбайұлы.
Сарапшының айтуынша, сұйытылған газды БҚО-да тұтынудың қыста азайып, жазда көбеюі климатқа байланысты. БҚО-да қыста ауа температурасы Маңғыстаудан бірнеше есе төмен. Сондықтан суықта оталуы қиындау газды қыс мезгілінде пайдалану көлемі азаяды. Бұл фактордың жазда газ тапшылығына себеп болмауы үшін Экономика министрлігі лимит бекіткенде маусымдық сұранысты ескеруге тиіс.
Әлеуметтік газ бағасы өндіріс шығынын өтей ме?
Үкімет белгілеген әлеуметтік газ бағасы өндіріс шығынын өтей ме? Мүмкін өзіндік құнын өтемеген соң мұнай өңдеу зауыттары сұйытылған газды өндіруге құлықсыз болар? Көпшіліктің көкейінде осындай сауал бар. Сұрағымызды осы салада көп жылдық тәжірибесі бар әрі мәселені қоғам алдында жиі қозғап жүрген Киікбай Медеуовке қойдық.
-Бір-екі жыл бұрын осы мәселені көтердік. Жаңаөзен басында өткен жиынға қатыстық. Бақылаушы органның барлығы болды. Сол кезде сұрақ болды. Зауытқа мұнайға қаныққан ілеспе газ келеді, кірген жерде оны есепке алады. Суынан, майынан тазалайды. Пропан, бутанын алып, сұйылтып құйып береді. Ал газды кондицияға дейін пайдаланатын тауар ретінде дайындауға кететін шығын анықталған жоқ. Шығын анықталуы керек: неше адам, қанша технология қызмет етеді? Қанша су, қанша электр энергиясы кетеді? Амортизация көрсетілуі керек. Бұл сұрақ зауыт директорына тіке қойылды. «Менің шығынымды «Қазмұнайгаз» ҰК жауып отыр. Тоннасын 41 мыңнан (сол кездегі баға) беріп отырмын» деп жауап берлі. Ал «Қазмұнайгаз» болса, «осындай өзіндік құны бар, бірақ біз шығынды жауып, арзанға беріп отырмыз» деді. Ашып көрсетілмеді. Сұйытылған газдың өзіндік құны қандай? Шынымен бұдан көп пе, әлде аз ба? Бір рет болсын халықтың көзін жеткізуі керек. Содан кейін тынышталады ғой. Әлі күдік бар. Тіпті шығын болмауы мүмкін. Дүбәмал, күдік болмауы үшін ашықтық қажет. Әлі ашық есепті ешкім көрмеді. Қаңтар кезінде «Газ-50» деген ұран болды ғой. Ол кезде газдың құны 50 емес, халық талабы солай болғасын 50 қылып қойды. Өзіндік құны 30–34 теңге болуы керек еді. Кейін қарағанда солай болып шықты. Мемлекет, Энергетика министрлігі бағаны біртіндеп көтеріп келе жатыр. Бір шегіне жақындайды, содан кейін жардың басына барады, – дейді тәжірибелі мұнайшы, қоғам белсендісі Киікбай Медеуов.
Еліміздегі мұнай зауыттарының халықты газбен қамтуға қауқары жете ме? Үкіметтің сұранысын субсидиямен ғана өтеп отыр ма? Бұл сұрақтарға жабық саладан жауап алу қиындау. Киікбай Әбілбайұлы Қазақстанда жылына 90 млн тонна мұнай өндіріледі деген жансақ пікір, анықтайтын нәрсе бар дейді. «90 млн тоннаны қазақ жерінен, Қазақстан территориясынан өндірілген мұнай деп айту керек. Себебі 23 млн тоннадан басқасы шетелдік инвесторлардың құзыретінде. Олар қайда сатады, қандай бағамен сатады – өзі біледі. Басты үш зауытымыздың ішінде Атырау мұнай зауыты толық өзіміздікі еді, қазір басқару құқығының жартысы Ресейге сатылып жатыр. Қалғанында Қытайдың үлесі бар. Әзірге Атырау, Шымкент және Павлодардағы үш мұнай зауытымыз еліміздің бензин және дизельге сұранысын толық жауып тұр. Сыртқа кетіп жатқан мұнай өз алдына, ішкі зауыттарға шетелдік компаниялар бір тонна мұнай бермейді. Әңгіме Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ кен орны туралы. Осылар Атыраудағы зауытқа мұнай бермейді», – дейді мұнай саласының сарапшысы.
Маңғыстау газды өз ережесімен бөледі
Қазақстан бойынша Маңғыстау облысы сұйытылған газды ең көп тұтынатын бірегей өңір болып отыр. Соған қарамастан Маңғыстауда газ тапшылығы жоқ. Облыс газ бекеттеріне сұйытылған газды бөлудің өзіндік механизмімен жұмыс істейді.
«Өнім беру жоспары шеңберінде тауар биржаларынан тыс бөлінген сұйытылған мұнай газын бөлу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Энергетика министрінің 2023 жылғы 9 қазандағы №358 бұйрығының 45-тармағында «Егер жергілікті атқарушы органға 150 (бір жүз елуден) астам өтінім берілген жағдайда, ол сұйытылған мұнай газын бөлуді мұндай жергілікті атқарушы орган бекіткен Тетікке сәйкес жүзеге асырады» делінген. Ереженің осы тармағына сүйенген маңғыстаулықтар сұйтылған газды көлік және халық санына сәйкес бөле алады.
Маңғыстау облысындағы 436 кәсіпкерге тиесілі барлығы 504 газ құю бекеті тіркелген. Автогаз бекеттерінің статистикасы: Ақтау – 100, Жаңаөзен – 95, Мұнайлы ауданы – 123, Маңғыстау ауданы – 64, Түпқараған ауданы – 50, Бейнеу ауданы – 43, Қарақия ауданы – 29.
Ал Қазақстанның басқа облыстарында газ құю бекеттерінің саны 150-ден аспағандықтан, жоғарыда аталған сұйытылған мұнай газын бөлу қағидаларының 36-тармағында көрсетілген Р1, Р2 көрсеткіштеріне қарап бекеттер арасында газды бөледі. Бұл көрсеткіштер формуласы Үкімет бекіткен қағидаттың 42, 43-тармақтарында бекітілген, кәсіпкерге берілетін газ көлемі газ құю бекетінің жобалық қуатына, нақты мерзім ішінде газды өткізу көлемімен есептеледі.
-Дәл қазіргі сәтте – маусым айында Маңғыстау облысында сұйытылған газдың тапшылығы жоқ. Ай сайын облыс көлеміне 19-20 мың тонна айналасында газ бөлініп отыр. Былтыр осы кезеңде сұраныс 17-18 мың тонна болған. Облыста 184 мың көлік тіркелсе, оның ішінде 103 435 көлік сұйытылған газды пайдаланады. 7525 шетелден кірген көлік газбен жүреді. Демек, облыстағы көліктердің газбен жүретіні 90–95 пайызға жетіп отыр, – дейді Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының сауда және мониторинг бөлімінің басшысы Айдос Назарбаев.
Айдос Халдыбайұлы газ тапшылығын тудырмаудың маңғыстаулық алгоритмін айтып берді.

-ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығы мен қағидаға сәйкес, өңірде сұйытылған газбен айналысатын 150 кәсіпкерден жоғары тіркелген болса, сұйытылған газ облыстық әкімдік бекіткен механизммен бөлінеді. Біз сол механизммен жұмыс істеп отырмыз. Әр қала мен ауданда бекітілген комиссиямыз бар. Газды тоқсан сайын бөлеміз. Әр тоқсан сайын орталық мемлекеттік органнан берілетін газды қала мен аудандарға осы механизмге салып таратамыз. Сұйытылған газ қала-аудандағы көлік пен халық санына сәйкес формуламен, пайызбен бөлініп тұрады. Комиссия әр кәсіпкерлерге бөліп, хаттамасын жолдайды, – дейді.
Маңғыстаудағыдай тұрғындардың 90–95 пайызы газбен жүргенде ғана сұйытылған газды халық саны мен көлік санына сәйкес бөлуге келеді.
-Автогаз бекеттерінің саны артқан соң зауыттан өндірілетін сұйытылған газдың барлығына лимит қойылып отыр. Барлығын бірдей қамту үшін әр кәсіпкерге белгілі бір көлемі бөлінеді. Газ құю бекеттері санаулы болып, сұйытылған газ көлемі артылып жатқан жағдайда ешқандай лимитсіз, шектеусіз, тек газ аяқталған бойда барып зауыттан ала беруіне мүмкіндік болатын еді. Ондай жағдай осыдан 10–15 жыл бұрын болды. Газ құю бекеттерінің саны азғантай, зауыттардың көлемі қазіргідей еді. Газ құю бекеттері 3-4 күн сайын газ алып, сата беретін. Қазір олардың саны артқасын әр бекетке шектеулі көлем қойылып отыр. Мәселенің шешімі – зауыттардағы сұйытылған газ өндірісі көлемін арттыру. Әр аймақтағы газ пайдаланатын көлік саны артуда. Себебі баға жағынан да халыққа тиімді. Осы ішкі қажеттілікті жабу үшін газ өндірісін арттыру қажет, – дейді Айдос Халдыбайұлы.
Маңғыстау облысындағы «Қазақ газ өңдеу зауыты» өнімі облыстың ішкі қажеттілігін 80 пайызға жауып отыр. Толық қамти алмағасын 2 мың тонна газды Атырау мұнай өңдеу зауытынан алуға мәжбүр. Теміржолмен де, жүк көліктерімен де тасымалданады.
– Қазір газ тапшылығы жоқ. Былтыр сезілген, биыл халыққа еркін жетіп тұр, – дейді Бейнеу ауылының тұрғыны Заманбек Тәттібаев.
– Газ азайғанда Ақтөбеден де келді, бірақ салонға да сезілетін иісі болғасын ешкім құйғысы келмейді. Ең сапалы газ – Өзендікі. Жылдың аяғында, зауыттар жөндеуге жабылған уақытта болмаса, газ жеткілікті, – дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Даниял Бақтыбаев.
Сұйытылған газдың көтерме бағасы зауыттарда тоннасына – 58 166 теңге. Бекеттерде газдың литрі – 65 теңге, облыс орталығынан 200 шақырым қашықтағы Бейнеу ауданында 70 теңге.

Қорыта айтқанда, Батыс Қазақстан облысындағы газ тапшылығын шешу үшін төмендегі тәжірибені қолға алуға болады:
- Атырау облысындағы газбен жүретін көлік саны БҚО-мен бірдей. Алайда Энергетика министрлігі Атырауға БҚО-дан екі есе көп газ бөліп отыр. Сондықтан Атыраудың тәжірибесін пайдаланып, облысқа беретін газ көлемін көбейту – БҚО-да сұйытылған газ тапшылығынан құтқарудың ең оңтайлы жолы.
- Маңғыстау облысы Жаңаөзендегі мұнай зауыты арқылы, Атырау облысы Атырау мұнай зауыты арқылы өзінің ішкі қажеттілігін өтеп отыр. Екі облыстағы тәжірибені пайдалана отырып, БҚО-дағы «Жайықмұнай» зауытының өнімін алдымен өз өңірінің қажеттілігін өтеуге бұрса болады. Сондай-ақ аталған газ өңдеу зауытының өндіріс көлемін арттыру да өңір үшін тиімді болар еді.
- Көліктердің газ қондырғысын заңдастырмау мәселесін шешу үшін Ақтөбе облысының 2017 жылғы тәжірибесін қолданса болады. Ақтөбеліктер мәселені былай шешті: газ құю бекеттері бірауыздан әрекет етіп, техпаспортында «газ орнатылған» деген белгісі жоқ көліктерге газ құюға рұқсат бермеді. Наразылар көп болды, шақырымға созылған кезек пайда болды. Алайда көлік жүргізушілер амалсыздан заңдастыруына тура келді. Нәтижесінде осы тәжірибе арқасында Ақтөбе облысы әлеуметтік газ лимитін көбейтуге қол жеткізді. Мысалы, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының бізге берген мәліметі бойынша, шілде айына Ақтөбе облысына берілген газ көлемі – 11 299 тонна, яғни БҚО-дан үш есе көп.
Нұрлыбек Рахманов
Орал-Атырау-Ақтау-Орал
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.