Ақтөбе облысындағы Ақтөбе-Қарабұтақ-Қостанай бағыты, Қандыағаш — Шалқар, Шалқар-Ырғыз бағытындағы жол сапасы сын көтермейді.
Бүгін, 23 желтоқсан Үкімет сағатында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова Марат Кәрімжанұлына елдегі маңызды жол бағыттары бойынша сұрақ қойды.
«Жазда біз осы өңірді араладық. Дәл сол жолдың үстімен жүріп өттік. Ырғызға дейін бардық. Жол мүлдем жоқ. Ол жол Қазақстанның ішінде ғана емес Ресеймен де көлік қатынасын жасап отыр. Шынын айтқанда, халыққа обал. Өйткені жол торабындағы халық бұған дейін сол жерде напақасын тауып, саудасын жасап отыр. Жолдың мүлдем жоғына байланысты 40 минутта жүретін жолды, 4 сағат та жүреді. Біз Ақтөбеден Ырғызға дейін 11 сағат жүрдік. Бір күніміз сол жолмен өтті», — деді Сүлейменова.
Оның сөзінше, Қарабұтақ-Қостанай жолына күрделі жөндеу соңғы рет 2003 жылы жасалған. Одан бері мүлдем жөнделмеген.
«Қандыағаш — Шалқар, Шалқар-Ырғыз бағыты бойынша 2025 жылға қарай 50 шақырымға дейін жол жүргізуге байланысты мәлімет келіп жатыр. Бірақ бұл жолдар Республикалық бағыттағы жолдар. Облысқа қатысы жоқ. Сондықтан өзіңіз нақты жауапкершілік алып жасасаңыз», — деп ескертті депутат.
Ақтөбе – Қарабұтақ – Қостанай бағыты жиі шағым түсетін бағыттың бірі. Себебі ауыр жүк көліктерінің қозғалысы бұл бағыттағы жолдардың тез бұзылуына себеп болатынын айтады. Сондай-ақ биыл осы бағытта жол апаты жиілеген.
Биыл «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» бағытындағы республикалық маңызы бар автожолының 75 шақырымын жөндеу жоспарланған еді. «Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Айбол Данағұлдың айтуынша, Республикалық жол 1960 жылдардың ортасында салынып, бірде-бір жөндеу көрмеген.
Cурет: Pexels.com