2024 жылы 1 желтоқсандағы қорытынды бойынша қазақстандықтар өмірін сақтандыруға 757,4 млрд теңге жұмсаған. Жыл өткен сайын сақтандыру қызметіне қоғамда сұраныс көбейіп келеді. Оған ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сақтандыру секторына қатысты есебі дәлел.
Бірақ «Halyk-Life» АҚ қаржы маманы Марина Жебеқызының айтуынша, бүгінде Қазақстан халқының ерікті сақтандыру арқылы жеке өмірін сақтандыруға қызығушылықтары төмен. Себебі адамдар міндеттелмеген нәрсеге мән бермейді. Көлікті де құзырлы органдардан айыппұл салынатын болған соң сақтандыратынын айтады.
Маманның айтуынша, адамдар өмірді міндетті сақтандыру мен ерікті сақтандыруды шатастырып жатады.
«Жалпы өмірді сақтандырудың екі түрі бар. Міндетті және ерікті сақтандыру. Көп адамдар ерікті өмірді сақтандыру мен міндетті медициналық сақтандыруды шатастырады. Міндетті сақтандыру – заңмен белгіленген және кейбір жағдайларда жұмыс беруші тарапынан төленеді (мысалы, еңбек қызметі кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру). Ал ерікті сақтандыру – адамның жеке таңдауы бойынша оның және отбасының қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сақтандыру түрі», – дейді маман.
Өмірді сақтандыру – бұл адамның өмірі мен денсаулығына байланысты туындайтын, қаржылық қатерден қорғануға арналған сақтандыру түрі.
Қарапайым тілмен айтқанда, адамның өмірі мен денсаулығына қатысты жазатайым жағдайларда белгілі бір қаржылық қолдау көрсету. Сақтандыру шарттарына сәйкес, сақтандыру компаниясы сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда немесе ауруға шалдыққан жағдайда, оның отбасына немесе басқа бенефициарларына қаржылық төлем жасайды.
Марина Жебеқызы Қазақстанның 2 жастан 69 жасқа дейінгі әрбір азаматы дені сау кезінде «Halyk-Life» АҚ-ға салымшы бола алатынын айтады.
Сақтандыру қаражатын қандай жағдайда пайдалануға болады?
Азаматтар сақтандыру полисін қалаған уақытта аша алады. Ай сайынғы салымды салымшы өзі таңдайды, десе де кемі 10 мың теңгеден салуға мүмкіндігі бар.
«Төлемді ай сайын салуға немесе жинап, тоқсанға, жылға бір рет төлеуге және бухгалтерия арқылы айлықтан ұстатуына болады. Үйден шығарда жарық пен газды өшіріп, үйді құлыптаймыз, көлікке отырғанда белдік тағамыз, телефонға код қойып, оны соққыдан қорғайтын чехолмен қорғаймыз. Барлығы қауіпсіздік үшін жасалады. Бірақ өзіңіз бен балаларыңыздың болашағы үшін және қарттық шағыңызға қандай мүмкіндік жасап жатсыз? Кез келген уақытта денсаулығыңыз сыр беріп, одан қала бере еңбекке жарамсыз болып қалуыңыз да мүмкін, тіпті өмірден өтіп кетуіңіз де мүмкін. Алда не күтіп тұрғанын ешкім білмейді», — деп атап өтті маман.
Сақтандыру шотына салған қаражатты салымшы жол апатынан ауыр жарақат алғанда, емге ақша қажет болған кезде және тағы басқа жазатайым оқиға болған кезде де мерзімінен бұрын ала алады.
«Мәселен, адам жол-көлік апатына түсіп, ауыр жарақат алды делік. Жарақат күрделі болған жағдайда, адам оқыс оқиға салдарынан мүгедек болып қалса, дәрігердің берген сараптамасына сәйкес емделу шығынына компаниядан қаражат төленеді. Сонымен қатар сақтандырудың үшінші жылынан бастап, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді ай сайынғы салымдардан босатып, келісімшарттың уақыты біткенше компания өз есебінен аударады. Бұл жерде оқиғаға сол адамның кінәлі немесе кінәсіз екендігіне назар аударылмайды. Ең бастысы алкогольді ішімдіктер, есірткі секілді адамның есін ауыстыратын заттар пайдаланбаған болуы тиіс», — дейді Жебеқызы.
Сақтандыру полисінің келісімшартта көрсетілген уақыты біткен жағдайда сол уақытқа дейін жинаған қаражатын ай сайынғы түсетін пайыздық сыйақымен бірге алып, өзінің керегіне жаратады.
«Салымшы сақтандыруды 10 жылға ашып, айына 30 мың теңге саламын деп көрсетті делік. Есесіне сол күннен бастап сақтандыру компаниясының қорғауына өтеді. Айына 30 мың теңгеден сала бастасаңыз, 10 жылда 3,6 млн теңге жинаймын деген жоспар қоясыз. Осы жерде мына бір жайтқа назар аударуға тура келеді. Егер азамат сақтандыру алғаннан кейін бір күннен соң, я болмаса бір жылдан соң өмірден өтіп кетті делік. Онда марқұмның мұрагеріне жоғарыда жоспарлап қойған 3,6 млн теңгесі түгелдей беріледі. Бұл жерде сақтандырылған адамның қанша жинап үлгергені маңызды емес. Егер сақтандырылған адам жазатайым оқиға салдарынан қайтыс болса (аурудан емес), әлгі жоспарланған 3,6 млн теңгені екі есе артық төлейді. Ең бастысы сақтандыру парағында мұрагерлердің есімдері жазылған болуы керек», – дейді.
Әлеуметтік әминяға ешкім қол сұға алмайды
Бір қызығы, сақтандыру әмияныңыздағы ақшаны ешкім тексере алмайды. Құзырлы органдардың өзі есепшотты бұғаттай алмайды.
«Сондай-ақ сақтандыру қорыңызда қанша ақша барын ешкім тексере алмайды. Ол азаматтардың жеке мүлік декларациясына, мүлікті бөлуге және тәркілеуге жатпайды. Сол секілді сақтандыру әмияныңызға ешқандай алаяқ шабуыл жасай алмайды. Тіпті жеке брокерлерді айтпағанда, құзырлы органдардың өзі (сот, прокуратура) есепшотыңызды бұғаттай алмайды. Сонымен қатар, сақтандыру арқылы өз есепшотыңызға жинаған қаражаттан салық төлемейсіз».
Егер салымшы полюсті кез келген уақытта ешқандай жазатайым себепсіз тоқтататын болса, онда осы уақытқа дейін жинаған қаражатынан аз мөлшерде алады.
Осы тұста «Әулетті» компаниясының директоры Диларом Абишева да әлеуметтік шоттың құзіретті органдарға көрінбейтінін растайды.
«Негізі бұл ақшалар сақтандыру компаниясының балансында жатыр. Сондықтан оны кез келген адам көре алмайды. Сақтандыру компаниялары да ол ақпаратты біреуге айтуға, рұқсатсыз беруге құқығы жоқ. Егер қандай да бір сот шешімі, санкция рұқсаты болса ғана мәліметті ала алады», — дейді.
Сурет: Pexels.com