«Қазақфильм» киностудиясы 2024 жылға дейін 1,3 миллиард теңге бюджет қаражатына 47 отандық мультфильм түсірді. Алайда олардың ешқайсысы кинотеатрларда көрсетілмеген, ал YouTube-та орта есеппен мың қаралым жинаған. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата хабарлады.
2022 жылы «Қазақфильм» базасында отандық анимацияны дамытуды көздеген «Қазақанимация» бірлестігі құрылды. «Қазақанимация» түсірген 47 анимациялық фильмнің тек төртеуі ғана мемлекетке тиесілі El Arna, Хабар, Qazaqstan және Balapan арналары арқылы көрсетілді. Қалған мультфильмдерді 647 тіркелушісі бар Qazaq Animation YouTube-арнасынан табуға болады.
Мультфильмдер ішінен тек «Айбынды аула» 44 мың қаралым жинап көш бастап тұр, ал қалған бейнефильмдердің орташа қаралымы – 383.
Жоғары аудиторлық палата министрлік бес жыл бойы мультфильмдерді көрсету үшін онлайн-платформалармен келісімге келе алмағанын анықтады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі аталмыш бейнефильмдердің алдымен фестивальдік кезеңнен өтуі қажет екенін, осы уақытта оларды сату немесе көпшілікке көрсетуге болмайтынын мәлімдеді.
«47 мультфильмнің барлығы толықметражды емес, олардың бір бөлігі білім беру және мәдени-ағартушылық мақсатта түсірілген», — делінген ведомствоның жауабында.
фото: Qazaq Animation

